Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Борис Фрлецті оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Б.Фрлец Сенат Төрағасын 11 сарапшыдан және ұзақ мерзімді 28 байқаушыдан тұратын миссияның мандатымен және қызметімен таныстырды. Сайлау қарсаңында ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді 400 байқаушысы келеді деп күтілуде.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, ЕҚЫҰ байқаушыларының өкілді тобының қатысуы Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Сенат Төрағасы Қазақстанның ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес еркін және әділетті сайлау өткізетіні күмәнсіз, деп атап өтті.
Кездесу кезінде Қазақстанның бұдан былайғы жан-жақты дамуы үшін Президент Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын сапалы түрде іске асырудың зор маңызы бар екені көлденең тартылды.