Кеше Тәуелсіздік сарайында Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттер мен компаниялардың халықаралық қатысушыларының екінші жиналысы өз жұмысын бастады. Оған дүниежүзінің 102 мемлекетінен 278 делегат және Халықаралық көрмелер бюросының басшылары қатысуда.
«ЭКСПО-2017 қуат көздерін пайдаланудың ұлттық мәселелерін шешетін, «жасыл» энергия саласында адамзаттың қол жеткізген озық үлгілерін паш ететін алаңға айналады. Қазақстан да бұл жаһандық трендке үн қоса отырып, өзінің экономикасын «жасыл» тұғырға көшіруде. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты басты тақырыбының маңыздылығы да осында. Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан сіздерді бүгінгі халықаралық жиындарыңыздың ашылуымен құттықтаймын және жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», деп бастады Халықаралық қатысушылардың екінші жиналысында сөйлеген сөзін Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева.
«2015 жылы біздің елімізде жаңғырмалы энергия көздерінің 14 жобасы іске қосылды. Олардың жалпы қуаты 120 мегаватт болды. Жалпы алғанда, өткен жылы жаңғырмалы энергия көздерінің күшімен өндірілген энергия көлемі 700 миллион киловатт-сағатқа жетті», деді одан әрі вице-премьер. Сонымен бірге, ол Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылар тарту мәселесіндегі оң жетістіктерді айта келіп, бүгінгі күнге дейін ЭКСПО-2017 көрмесіне әлемнің 75 мемлекеті мен 14 халықаралық ұйымының қатысатындығын растағанын атап көрсетті. Бүгінгі күнге дейін 27 келісімшартқа қол қойылса, осы басқосудың қорытындысында тағы да 13 келісімшартқа қол қойылады деп күтілуде. «Біздің еліміз Милан қаласында өткен ЭКСПО-2015 халықаралық әмбебап көрмесінің жұмысына белсене қатысты. Осы көрмеде Қазақстан павильонының беделі ерекше зор болды. Миландағы біздің павильонды 1 миллионнан астам адам тамашалап, жан-жақты жылы лебіздер білдірді», деді одан әрі Дариға Назарбаева. Үкімет басшысының орынбасары сөзінің қорытындысында Халықаралық қатысушылардың екінші жиналысына жиналғандарды Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға шақырды.
Одан әрі сөз кезегін Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің бас штабы – Халықаралық көрмелер бюросында 27 жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан Бас хатшы В.Лоссерталес алды.
«Әлемнің 169 мемлекеті мүше болып отырған Халықаралық көрмелер бюросының атынан мен бүгінгі дүниежүзілік форумға қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Астана ЭКСПО-2017 шын мәнінде жаһандық энергетикалық қатерлерге қарсы тұру бағдарларын айқындайтын алаңға айналады. Бұл көрме болашақ энергиясының көздерін айқындауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Астана көрмеге қатысушы елдердің озық тәжірибелері тоғысатын орталыққа айналады. Сондықтан, болашақ жаһандық шараға дайындық барысын айқындайтын бүгінгі басқосудың маңызы аса зор», деді ол өз сөзінде.
«Халықаралық мамандандырылған көрме алғаш рет ТМД мемлекеттерінің ауқымында өткелі отыр. Біз мұны өзіміздің мемлекетке берілген жоғары баға ретінде қабылдаймыз. Біз үшін ЭКСПО-2017 көрмесін ойдағыдай өткізу басым міндет, сонымен бірге, еліміздің одан әрі дамуындағы бір белес болмақ. Дәстүрлі энергетикалық шикізаттардың мол қорына ие бола отырып, Қазақстан «жасыл экономикаға» көшудің стратегиялық шараларын жүйелі түрде іс жүзіне асырып келеді. Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесінің бас тақырыбын «Болашақтың энергиясы» деп белгіледі. Астана ЭКСПО-2017 көрмесі адамзат өркениетін дамыту жолындағы инновациялық және балама шешімдерді белгілейтін жаһандық платформаға айналатындығына біз сенімдіміз», деді өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Одан әрі Ахметжан Есімов елордада өтетін халықаралық көрмеге әлемнің 100-ден астам мемлекеті қатысады деп күтіліп отырғандығын атап көрсетті. «Халықаралық павильондардың құрылысы қарқынды жүргізілуде және үстіміздегі жылдың 1 қарашасында толық аяқталады. Осы кезеңде біз көрме ғимараттарын қатысушы-мемлекеттерге тапсыруға дайын боламыз. Содан кейін павильондарды жабдықтау және дайындау шаралары іс жүзіне асырылады», деді одан әрі басқарма төрағасы. Сонымен бірге, ол Қазақстан тарапы көрмеге қатысушыларға бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар белгілегенін, яғни кедендік және сақтандыру шараларының жеңілдетілетіндігін, олардың салықтан босатылатындықтарын айтты.
Одан әрі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрме өткеннен кейін құрылыс нысандарын тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды. «БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мәжілісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрме қалашығының базасында БҰҰ аясында Жасыл технологияны дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Сонымен бірге, өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы ЭКСПО қалашығы аумағында ұйымдастырылатын «Астана» Халықаралық қаржы орталығы туралы» заңға қол қойды. Бұл екі бастама да біздің ЭКСПО көрмесінен кейінгі стратегиямызда басшылыққа алынды. Бұған қоса біз ЭКСПО қалашығы аумағында қала тұрғындары үшін сапалы мәдени демалыс орталықтарын құру мүмкіндіктерін де қарастырып жатырмыз», деді А.Есімов.
Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев өз сөзінде елордамызда өтетін бұл әлемдік шараның еліміздің халықаралық беделін көтерудегі маңызына тоқталды. Сонымен бірге, ол бүгінгі таңда адамзат пайдаланатын энергетикалық қуат көздерінің болашағы аса маңызды болып отырғандығын тілге тиек етті.
«Мұндай халықаралық ауқымды көрме өткізгеннен кейін нысандарды пайдалану мәселесі ерекше маңызға ие болатындығы белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы халықаралық тәжірибелерді терең зерттей келіп, көрме қалашығы аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығын ашу туралы шешім қабылдады. Бұл бастаманың біздің еліміз үшін маңызы ерекше зор. Лондон, Гонконг, Дубай, Сингапур сияқты әлемдік қаржы орталықтарының тәжірибесін екшей келіп, біз болашақта ТМД кеңістігінде бұрын-соңды болып көрмеген ірі қаржылық орталық құруды мақсат етіп отырмыз. Қазақстан шетелдіктер үшін есігін айқара ашқалы отыр. Халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысушылар үшін Қазақстан аумағында бес жыл мерзімге арналған айрықша визалық режім енгізілетін болады. Бұл Орталық жұмысына қатысушылардың өзіне де және отбасы мүшелеріне де қатысты болмақ. Сонымен бірге, Халықаралық қаржы орталығының жұмысына шетелдік мамандарды кеңінен тарту мақсатында ЭЫДҰ, БАӘ, Малайзия, Сингапур және Монако мемлекеттерінің азаматтары Қазақстанға 30 күн мерзімге визасыз келу құқығына ие болады. Әлемдік қаржы орталықтарымен байланысты жақсарту үшін Астана қаласының ірі қалалармен әуе бағыты бойынша байланысы жақсартылатын болады», деді өз сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.
«Астана қаласы жаһандық айтулы шара – ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге барынша басымдықпен дайындалуда. Елорданың инфрақұрылымын жақсартуда бірқатар кешенді шаралар іс жүзіне асырылды және алдағы уақытта асырылатын болады. Сәні мен сәулеті жарасқан бас қаламыз жаһандық көрме қарсаңында әлемдік ірі интерактивті инновациялық орталыққа айналады», деді өз сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Одан әрі ол елорданың инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан мәселелерді тілге тиек етті.
Халықаралық көрмеге келетін қонақтарды орналастыру және қызмет көрсету мақсатында атқарылып жатқан кешенді дайындық жұмыстары хақында Астана қаласы әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мәлика Бектұрова тілге тиек етті. Қазір Астанада 30 мың орындық қонақүй қоры бар екен. 2017 жылға дейін жаңа 24 қонақүйі және 4 жатақхана құрылысын салу есебінен тағы да қосымша 5 мың қонақүй орны пайдалануға берілетін болады. Сөйтіп, халықаралық көрмеге келетін қонақтарды жатын орнымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін табады.
«Дүниенің төрт бұрышынан келетін қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсету мақсатында қоғамдық көлік қызметінің сапасы жоғары деңгейге көтеріледі. Көрме өтетін қарсаңда қосымша 350 жаңа автобус қала көшелері бағыттарына шығарылады. Сонымен бірге, гибридті отыннан қуат алатын 600 автобус қала көшелеріне шығатын болады», деді одан әрі М.Бектұрова. Оның айтуынша, ЭКСПО қалашығына апаратын жаңа жол құрылысы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Астана әуежайы қайта жаңғыртылып, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға беріледі. ЭКСПО-2017 көрмесі 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейінгі аралықта өткізіледі. Бұл біздің өңір үшін өте қолайлы маусым болып табылады. Бұл уақытта Астанада ауаның орташа температурасы 25 градус жылылықты көрсетпек. Осыған байланысты көрмеге қатысатын туристер мен қонақтарға жан-жақты жағдай жасалады. Алдын ала белгіленген болжам бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне 5 миллион адам қатысады деп күтілуде. Оның 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызы шетелдік туристер болмақ. Елорданың барлық қызмет көрсету мекемелері алда тұрған осы халықаралық маңызды шараға жан-жақты дайындалу мәселесіне барынша басымдық беріп отыр.
Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттер мен компаниялардың халықаралық қатысушыларының екінші жиналысының бірінші жұмыс күнінде Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерациясы делегациялары басшыларымен бұл мемлекеттердің көрмеге қатысатындығы жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Одан әрі басқосуға қатысушылар ЭКСПО-2017 қалашығының құрылысы және архитектурасы бойынша, Контент жоспары, Болашақ энергиясы форумы, Озық тәжірибелер аймағы бойынша тұсаукесерлер өткізді. Халықаралық қатысушылар екінші жиналысының жұмысы одан әрі жалғасуда.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
*Қатысушылар лебізі
Георгий КАЛАМАНОВ,
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Ресей Федерациясы секциясының комиссары, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары:
– Біз қазақстандық әріптестерімізбен көптен бері тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі Халықаралық қатысушылардың екінші жиналысы шеңберінде Ресей Федерациясы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу жөнінде келісімге қол қойды. Бұл біздің жұмысымызды бұрынғыдан да кең көлемде жүргізуге мүмкіндік жасайтын құжат болып табылады. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы өте маңызды. «Болашақтың энергиясы» қазіргі таңда барша адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселе. Ресей Федерациясы бұл көрмеге ерекше белсенділікпен және кең көлемде қатысқалы отыр. Біздің еліміздің павильондары көлемінің өзі 1000 шаршы метр аумақты алатын болады. Баламалы қуат көздерін жаңғырту болашақтың маңызды міндеті. Бұл ретте, Астана жаһандық беделді орталыққа айналмақ. Біріншіден, қазақстандықтардың мұндай жаһандық ірі шараны өткізу құрметін жеңіп алуы бізді ерекше қызықтырса, енді бүкіл адамзатты толғандырып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы аясында атқарып жатқан бастамашылдық жұмыстары да ерекше таң қалдырады.
Мануель САЛЧИ,
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Швейцария комиссары, «Presence Swizeland» халықаралық шаралар департаментінің басшысы:
– Швейцария Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға бірден шешім қабылдады. Өйткені, «Болашақтың энергиясы» біз үшін өте қызықты да маңызды тақырып болып табылады. Оның үстіне ЭКСПО көрмесі сияқты халықаралық ірі шара алғаш рет Орталық Азия өңірінде өтіп отыр. Бұл да біздің еліміздің мамандарын ерекше қызықтыратын мәселе. Екіншіден, біз болашақта дәстүрлі энергетикалық қуат көздерінен толық бас тартуды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан, баламалы энергетикалық қуат көздері мәселелері қаралатын халықаралық алаң біз үшін өте маңызды орта болып табылады. Бұл орайда, біздің де бөлісетін тәжірибеміз баршылық. Швейцария бүгінде судан электр энергиясын өндіретін бірден-бір мемлекет болып табылады. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесі қалашығының базасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру туралы шешімі де бізді ерекше қызықтырады.
Нұрбек ЕРГЕШБАЕВ,
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары:
– Халықаралық қатысушылар жиналысын өткізу ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысындағы өте ауқымды шаралардың бірі. Бұл қатысушы мемлекеттердің дайындық барысында көрме туралы ақпарат алатын ірі платформасы болып табылды. Сондықтан да бұл басқосуға шетелдік әріптестеріміздің қызығушылығы зор. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі жиналысқа әлемнің 102 мемлекетінен 300-ге тарта делегат қатысып отыр. Тағы да бір атап көрсететін мәселе, бұл басқосу мемлекеттер арасында келісімдерге қол қоятын тиімді де қолайлы алаң болып табылады. Бүгінгі жиналыс барысында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген мемлекеттермен тағы да 13 келісімшартқа қол қойылады деп күтілуде.
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.