• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Көш басында – Астана

313 рет
көрсетілді

Кеше Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков халыққа есеп берді. Онда әкім қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Астана әкімінің бұл жолғы есеп беруі бұрынғыдан өзгеше болды. Ә.Жақ­сыбеков алдымен халық алдына шығып баяндама жасады, ал тұрғындар тарапынан сұрақтар шараның екінші бөлігінде әкіммен немесе оның орынбасарларымен жеке кездесуде қойылды. Қабылдаулар Конгресс-холл ғимаратында жүргізілді. Бұған қоса, залда қала тұрғындары өз сұ­рақтарына қа­лалық басқармалар мен жекелеген департаменттердің басшыларынан жауап алды. Қабылдау таңертеңнен кешке дейін жалғасты. Есеп беру кездесуінің жаңа форматы әр тұрғынды тыңдауға мүмкіндік беру үшін жасалған. Бұл – сүйсінерлік жаңалық. Әкім негізгі баяндамасында қала дамудың кезекті кезеңінде барлық ба­ғыттар бойынша айтарлықтай жетіс­тік­терге қол жеткізгенін атап өтті. Астана әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша өңірлер арасында көш бастады. Мәселен, 2015 жылы жалпы өңірлік өнім өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артты. Оның республикалық көлемдегі үлесі 10 пайызды немесе 4,5 трлн. тең­гені құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ рес­публика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есеге артық – 5,2 млн. теңге. Бүгінде Ас­тананың өзіндік кірістері 200 млрд.теңгені құрайды. Өткен жылдан бері Астана төрт республикалық бюджет донорының біріне айналды. Мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер көлемі 850 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 11 пайыз­ға ар­тық. Бұл ретте республикалық бюджетке келіп түс­кен жоспардан тыс түсімдердің үштен бір бөлігіне жуығы Астанаға тиесілі. Көп жағдайда сәтті индустриялық-ин­но­вациялық даму оң көрсеткіштерге септігін тигізді. Өткен жылы инвестиция­лар көлемі 773 млрд. теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 15 пайызға артық. Астана бүгінде жалпыға ортақ ең­бек қаласына айналды. 2015 жылы 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, жоғары кәсіби кадрлар жұмыс істейді, елордада жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді, бұл орташа рес­публикалық көрсеткіштен төмен. «Миграцияның көптігіне қарамастан, ел­ор­дада жұмыссыздық көрсеткіші ел бойынша ең төмен болып саналады. Қалада жұмыссыздық жоқ десе де болады. Себебі, 1 миллионға жуықтайтын қалада 3 мың адам ғана жұмыссыздар қатарында. Олар қайта оқытылуда және басқа қоғамдық жұмыстарға жіберіліп жатыр. Жұмыс іздеген адамға жұмыс табылады», деді әкім. Сондай-ақ, әкім 2016 жылы Астанада 3-6 жас аралығындағы балалардың 95 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылатынын тілге тиек етті. «Білім басқармасына тиісті міндет қойылды. Бірақ мәселені кешенді түрде шешу керек. Жыл сайын балабақшалар пайдалануға беріледі, оның үстіне қалада туу мен көші-қон деңгейлері жоғары. Күн сайын 60 сәби дүниеге келеді, 90-100 бала кезекке тұрады. Бұл мәселені шешу жолдарының бірі жеке бизнестің мектепке дейінгі мекеме­лер құрылысына қатысуы болып табылады. Әкімдік осы мақсатта дайын жобалар мен жер учаскелерін беруге әзір. 2015 жылы елорданың мектепке дейінгі ұйымдарында орындар тапшылығын жою үшін 10 балабақша тапсырылды, соның ішінде МЖС есебінен екі балабақша ашылды. Бүгінде Астанада 188 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, оларға 34 мыңнан астам бала барады. Өткен аптада елордада кезек бойынша балабақшаларға топтау басталды. Биыл елордада алғаш рет 8 мыңға жуық орын берілді», деді әкім. Өткен жылы Астана құрылыс сала­сында қала тарихындағы ең үздік көр­сеткішке қол жеткізіпті. 2015 жылы 1 млн. 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерге қарағанда екі есеге жуық артық. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14 пайыз, 471,6 млрд. теңгеге дейін өсті. «Алдыңғы жылғы көрсеткіштерге қа­рағанда екі есеге жуық артық» деген сөз­дің астарында қандайлық үлкен жұмыс жатқанын өзіңіз шамалай беріңіз. Әкім сондай-ақ, шаһардың экология­лық ахуалы өзін алаңдататынын айта келе, әсіресе, ауаның тазалығына айрықша назар аудару керектігін атап өтті. Есеп­теулерге қарағанда, күн сайын қала атмосферасына 100 тоннаға тарта зиянды заттар шығарылады екен. «Осы жағдайға байланысты шаралардың кешенді жоспары қабылданды. Екі жылдың ішінде біз автономды қазандықтар мен жеке секторды, яғни 22 мыңнан астам үйді газбен жылытуға толықтай көшіреміз. Қаланың коммуналдық қызметтерінің көліктері газ-мотор отынын пайдаланатын болады», деді Ә. Жақсыбеков. Қоғамдық көлік тақырыбы қала тұр­ғындары үшін аса өзекті екендігіне тоқ­талған әкім көлік-логистикалық инфра­құрылымы саласындағы 2016 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Бұл салада жүйелі тұрғыдан қарауды қажет ететін бірқатар кешенді мәселелер бар. Сол себепті, елордада өткен жылы басталған көліктік реформалар биыл да жалғасын табады. Нәтижесінде, жол жүру ақысын электронды төлеу жүйесі, 7 қосымша экспресс-маршрут, 8 көше бойынша «Bus Lane» бағдарламасы және елорданың 4 көшесіндегі біржақты қозғалыс сияқты маңызды жобалар іске қосылады. «Бүгін көлік кептелегін төмендету мақсатында, сондай-ақ, әлемдік тәжіри­беге сүйене отырып, қалада сараланған жұмыс уақытын енгізу жоспары әзірленді. Қала әкімдігінің барлық құрылымдары жаңа кестеге көшті, қазіргі кезде орта­лық мемлекеттік органдармен, ұлттық ком­­­­­па­ниялармен және жекеменшікті ұйымдармен, ЖОО-лармен, мектептермен жұмыстар жүргізілуде. Аталған жоспарды жүзеге асыру жүктемені 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді», деді әкім. Ә.Жақсыбеков сондай-ақ, Астанада жедел жәрдемнің келу уақытын барынша қысқарту тапсырмасы қойылып отырғандығын атап өтті. Әкім өз есебінде Астананың әлеу­меттік-экономикалық дамуы саласын­дағы барлық мәселені қамтыды. Ал тұрғындардың бірқатар жекелеген мәсе­лелері қабылдауда айтылып, соған орай жауапты басқармаларға тиіс тапсырмалар берілді. Елорда әкімі кешегі есебі арқылы өзінің іскерлігін, мемлекетшілдігін келісті көрсетті деп айтудың еш артығы жоқ деп білеміз. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Астана.