Балуан Дәулет Ниязбеков Азия чемпиондығы атағын қорғап қалды
Таиланд астанасы – Бангкок қаласында күрес түрлерінен кезекті Азия чемпионаты аяқталды. Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінен 75 кило салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған балуанымыз Досжан Қартықов құрлық чемпионы атанғанын бұған дейін хабарлаған едік. Соңғы күн де Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Атап айтқанда, еркін күрестен 61 кило салмақта сынға түскен Дәулет Ниязбеков қоржынға алтын медаль салды. Осылайша, ол қатарынан екінші рет өз салмағында Азияның мықтысы атанып отыр.
Отандасымыз алғашқы белдесуінде Сирия сенім артқан балуанды 10:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда дәл осындай есеппен Қытай спортшысынан басым түсті. Ал финалда ирандық Бехнам Ихсанпурмен күш сынасты. Әр әдісін ақылға салып жасаған балуанымыз оны да 10:0 есебімен ұтып, айқын басымдық танытты. Осы ретте Дәулеттің былтыр Дохада өткен Азия чемпионатының шешуші белдесуінде де дәл осы Иран балуанымен кездесіп, жеңіске жеткенін атап өткен жөн.
Құрлық біріншілігінің жалпы қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар 17 медальға қол жеткізді. Нақты айтар болсақ, грек-рим күресінен – 1 алтын, 1 күміс, 4 қола, әйелдер күресінен – 3 күміс, 2 қола, ал еркін күрестен 1 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлде қоржынға түсті. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы мүмкін болған 240 ұпайдан 167 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Бұл тізімде 2-орынға 144 ұпаймен Иран құрамасы жайғасса, үздік үштікті 138 ұпай жиған Қытай командасы түйіндеді.
Тағы бір айта кететін жайт, балуандарымыздың Бангкоктегі табысы құраманың соңғы 23 жылдағы ең жоғары жетістігі ретінде тіркелді. Осы уақыт аралығында құрлық біріншілігінде мұндай нәтиже көрсетпеген Қазақстан былтырғы Азия чемпионатында 12 медальмен шектелген болатын.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».