• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Ақселеу әлеміне саяхат

473 рет
көрсетілді

Ел тарихын зерттеуге елеу­лі үлес қосқан азаматтар аз емес. Солардың ішінде ізде­ні­сі ілгері тұлғалардың бірі Ақселеу Сейдімбек десек артық айт­қан­дық болмас. Кеше Астана жұрт­шылығы асыл азаматын есіне алып, бір сәт өткенге көз тастады. – Ақселеу Сейдімбектің азамат ретіндегі болмысын ай­ғақ­тайтын айқын қасиеттері­нің ең бастысы – оның жалтақ­сыз ұлтжандылығы. Бұл ұлтжан­дылық әйтеуір, бір ұлтқа тиесілі болғандықтан қиқуға ілесетін пендешіліктен ада, халқының қадір-қасиетін терең танып-түсінуден туындаған құрбаншыл ұлтжандылық. Содан да болуы керек, ол өзінің ғылыми-шығар­машылық ізденістерінде ұдайы ұлттың рухани дәулетін еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрып, жаңалыққа жаршы болып, әсіресе, халық мұрасының еленбей жатқан сырларын түгендеп отыруға айрықша құштар болды. Оның еңбектерінің ұдайы «қазақ» деп басталып отыратыны да көп жайтты аңғартса керек: «Қазақ әлемі», «Қазақтың қара өлеңі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы», т.б. Сөз жоқ, осы аталған еңбектердің қай-қайсысы да тегеурінді де тың ой-тұжырымдарымен қазақтануға олжа салған, ешқашан ғылыми-танымдық мәнін жоймайтын өміршең дүниелер, – деген Қойшығара Салғараның пікірі Ақаңның азаматтық тұлғасын аңғартса керек. Аталған шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов, түр­колог ғалым Сартқожа Қаржау­байұлы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ прези­денті Сауытбек Абдрахманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин қатысып, Ақселеудің ерлігі мен өрлігіне, серілігіне тоқталды. Олардың еске алу кешіне ерекше дайындықпен келгендері әсерлі әңгімелерінен байқалып тұрды. Терең тебіреніске толы естеліктері келген көпшілікті бірде күлдіріп, бірде мұңайтып отырды. Екі түрлі сезімнің етегіне жармасқан тыңдарманның көңіл толқынысы ән естіп барып арнасына түскендей болды. «Сарыарқа» әні шырқала жөнелгенде сары далаға саяхат жасағандай күй кештік. Артында іздеушісі барда Ақселеу мұрасы асқақтай береді. Оның еңбектеп жинаған еңбектері Күлтегіннің тасындай күн өткен сайын таптырмас жәдігерге айналары сөзсіз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».