• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Баспана бағытында жоспарлар айқын

285 рет
көрсетілді

Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің желісі бойынша құрылыс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда, бірнеше есеге артатын болады. Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің тиімділігіне оң баға беріп, кредиттік тұрғын үй құрылысына 149 млрд.теңге бөлуді тапсырды. Аталған қаражат 814 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Президент жа­нын­дағы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» ­АҚ бас­қарма төрағасы Айба­тыр Жұма­ғұлов мәлім етті. Оның сө­­зіне қа­рағанда, айтылған тұрғын үй­лер саны шамамен 14 мың пәтерді құрайды. Айтар болсақ, 22 млрд.теңгесі банктің салымшыларына несие беруге бағытталса, қалған 127 млрд.теңгесі әлеуметтік тұрғын үй салу мақсатында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне бөлінеді. Қаржы екі бағытқа – жергілікті атқарушы органдарға 67 млрд.теңге және «Бәйтерек девелопмент» АҚ-қа 60 млрд.теңге көлемінде аударылатын болады. Сонымен қатар, «Бәйтерек девелопмент» АҚ желісімен сатылған пәтерлер толығымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына тапсырылмақ. Ал, жергілікті атқарушы органдар желісімен қаржыландырылған тұрғын үйді алушылардың кем дегенде 50 пайызы әкімдік кезегіндегі азаматтар болады. Бұдай былай болашақ бас­пананы жобалау кезеңінде банк пен оның тұтынушыларының ұсыныстары ескерілмек. Әр шаршы метрдің құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін нақтыланады, десек те «Бәйтерек девелопмент» АҚ желісі бойынша әр шаршы метр үшін өңірлердегі баға 180 мың теңгеден аспайды. Бұл баға Алматы мен Астана қалаларында 200 000 теңге көлемінде болады. Ал, жергілікті атқарушы органдар желісімен бекітілген бір шаршы метрдің бағасы – өңірлерде 140 000 теңге болса, Астана мен Алматы қалаларында 180 000 теңгені құрамақ. Және де биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 459 000 шаршы метр баспананы салымшыларына тапсырады. Тұтастай алғанда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісімен шамамен 21 000 пәтер пайдалануға берілетін болады. Бұл ретте үстіміздегі жылдың жоспарларын бірқатар атап өткен банк басшысы өткен жылдың тұрғын үй мәселесінде нәтижелі болғандығын алға тартты. 2016 жыл­дың қаңтарындағы есеп бо­йынша ҚТҚЖБ 49,7% үле­сі­мен барлық екінші деңгейлі банк­­тер арасындағы теңгемен ашылған депозиттер нарығында үздіктер қатарында тұр. Өткен жылдың қорытындысына келер болсақ, банктің құрылысқа және тұрғын үй алуға берілетін несие нарығындағы үлесі 75%-ға жетті. Сонымен қатар, проблемалы несиелер үлесі 0,36%-ды құрады. Бұл басқа ЕДБ-лер арасындағы ең төмен көрсеткіш болып отыр. Сондай-ақ, 2015 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін таңдап, ҚТҚЖБ-да депозит ашқан салымшылардың саны 224 703-ті құрағанын көлденең тартқан А.Жұмағұлов қазіргі таңда банктің 601 423 қолданыстағы депозиттері бар екендігін жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».