Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралар аңдатпасы туралы хабарлады.
25 ақпанда Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездеседі деп жоспарланып отыр. Кездесу барысында ЕАЭО-ның қазіргі қызметінің мәселелері, сондай-ақ, комиссия жұмысының алдағы кезеңдегі басымдығы бар бағыттары талқыланатын болады.
Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен де кездеседі деп жоспарлануда. Кездесуде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысы мен салынып жатқан павильондарды мазмұндық тұрғыдан жабдықтау мәселесін талқылау көзделген.
26 ақпанда Мемлекет басшысы Египет Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисимен кездеседі. Мысыр Президентінің елімізге ресми сапары оның Азияға турнесі аясында Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығына серпін беруге бағытталған.
Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, сондай-ақ, инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы өзара іс-қимыл сияқты бағыттар бойынша шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізу жоспарланған.