• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Рухани жаңғырудың жолы жарқын

417 рет
көрсетілді

«Бірлік» саяси партиясы кеше еліміздің барлық өңіріндегі қоғамдық қабылдау бөлімдерінде «Ашық есік күнін» өткізді. Мәселен, партия өкілдерінің айтуынша, Семей қаласындағы сайлаушылармен болған кездесу барысында саясат алаңына жаңа көтерілген «Бірлік» партиясына деген халықтың ықыласы ерекше болған. «Олай болатыны, «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» идеясын мұрат еткен саяси ұйымның басты қағидаты – рухани түлеу, әлеуметтік әділдік және қоршаған ортаны қорғау», – дейді «Бірлік» өкілдері. Ал партия төрағасының орынбасары Болат Байқадамов «Бірліктің» сайлауалды бағдарламасындағы осы іргелі үш мәселе төңірегінде сөз қозғай келе, партия рухани құндылықтарды, халықтың тарихи дәстүрлерін сақтаудың маңызына терең мән беріп, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, қалыптастыру барысында осыны бір сәтке естен шығармауға көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Біз өз миссиямызды қиын­дықтарды еңсеруге қабілетті экономи­каны дамы­туға, демократия мен құқық­тық мемле­кетті қалыптастыруға, білім беру, ден­сау­лық сақтау және мәдениеттің қазіргі заман­ғы жоғары деңгейіне жету үшін жағ­дай жасауға бағдар ұстанған саяси ба­ғытты жүзеге асырудан көреміз, деді ол. Кездесу барысында Болат Бай­қа­дамов, сондай-ақ, Абай, Шәкәрім сынды ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген Семей өңірінің қазақ даласындағы тарихи-мәдени ошақтардың бірі екендігін тілге тиек ете келе, рухани жаңғырудың партия ұсынған жолдары туралы кеңінен әңгімеледі. Қоршаған ортаны қорғау мә­селесі туралы «Бірліктің» жоспары семей­ліктерді бейжай қалдырмады. Өйт­кені, өңірдің экологиялық ахуалы елімізден асып, әлемді толғандырып тұр­ған күрделі мәселелердің бірі екені аян. Сондықтан, партия төрағасының орынбасары жергілікті халықтың осыған байланысты ойларын мұқият тыңдап, қоршаған ортаны қоғамның өзі қадағалайтындай тетіктерді жетілдіру, облыстағы өндіріс орындарын экологияландыру, кәсіпорындарды табиғатқа зиянын тигізбейтіндей режімге көшіру секілді өз ұсыныстарын ортаға салды. «Бірлік» партиясы өкілдері, бұған қоса, өздерінің алға қойған мақсаттарын орындау үшін табиғатты қорғаумен айналысатын ұйымдардың басын қосып, үлкен бір қозғалысқа айналдыруды жос­парлап отырғанын да жеткізді. «Бұл кездесу партияның «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» деген ауқымы кең ұғымға сыйып тұрған бағдарламалық жоспарының өміршеңдігі мен халыққа қажеттігін тағы бір дәлелдеді», – деді партия өкілдері. Ал кездесу соңында «Бірлік» партиясының өкілдері қаладағы сайлаушылардан түскен сауалдарды қысқа мерзім ішінде қарап, оларды іске асырудың жолдары туралы нақты жауап беретіндіктерін айтты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.