• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

12 минутта өткен флеш-моб

362 рет
көрсетілді

Жалпыұлттық социал-демо­кра­тиялық партияның (ЖСДП) Парламент Мәжілісінің сайлауы алдындағы сайыс­тағы кезекті қадамы Алматының «Ар­бат» аталатын алаңында флеш-моб ұйымдастырумен басталды. Партияның атауы мен белгісін жалауша етіп көтерген, ақ жейдесін киген белсенділер топталып тұрып алып, Қазақстанның Әнұранын шырқады. «Арбат» бойын жалаулатып, әндетіп жүріп өткен топ басында партияның Алматыдағы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай мен аппарат ұйы­мы­ның жетекшісі Қуат Күнболатов жүрді. Флеш-моб ұйымдастырушылар ак­ция­сы небәрі 12 минутқа созылды. Партия белсендісі Қуат Күнболатовты әңгімеге тарттық. – Мәселе партия мүшелерінің санында немесе осында тамашалауға келген халықтың нөпірінде емес, – деді аппарат ұйымының жетекшісі. – Біз бүгінге өз алдымызға қойған міндетімізді абыроймен әрі тиянақты орындап шақтық. Егер байқаған болсаңыздар, біздің партияның рет саны «5», сондықтан да біздің атқарған жұмысымызға «бестік» деген баға лайық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күресті бастау туралы ұра­нымыз да бүгінгі осы іс-шараның аясы­на кіреді. Жүргіншілерге «Социал-демо­крат» атты өз газетімізді тараттық. Тұтастай алғанда біздің мақсатымыз айқын. Ол – ең төменгі күнкөріс деңгейін ұлғайту, соған сәйкес, еңбекақыны, зей­нет­ақы мен жәрдемақыны көбейту. Зама­н­ауи қолжетімді тұрғын үй-жайдың толас­сыз құрылысын қамтамасыз ету, та­бысы аз және жас отбасыларға же­ңіл­­діктер енгізу. Өзін өзі жұмыспен қам­тығандардың ресми есебін жүр­гі­зіп, олар­ды қалауы бойынша қай­та оқыту мен жұ­мысқа орналастыру­ды ұйым­дастыру. Бұл қатарда кәсі­подақ­тардың құқық­тарын кеңейту мәселесінің де алатын орны ерекше. Ауылдарды сумен, энергиямен және жылумен қамтамасыз етудің жаңа жүйелерін құру, мектеп, аурухана, жол, мәдениет нысандарын салу және ескілерін жаңғырту қазіргі таңда күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қысқасы, ауылды өмір сүруге лайықты және құндылықтардың ошағы ретінде қайта түлету қажет. Сөзінің соңында ол бүгінгі саяси ак­ция­­ға өзінің көңілі толатынын атап өтті. Алдағы мін­деті­міз – сайлауда Парламенттің құра­мына кіру, деді ол. Партияның құрамына таяуда ғана қабылданған Халелхан Әділханов –үшінші топтағы мүгедек. Оның ЖСДП-ның қатарына кіргендегі өз мақсаты бар екен. Өйткені, бүгінде әлеуметтік сала­да қиындықтарға тап болып жүргендер де жоқ емес. Солар­дың бірі – өзі көрі­неді. Дәрігерлер ІІ топ мүгедегін бел­гісіз себептермен ІІІ топқа көшіріп жібер­ген. Партияның жаңадан қосылған мүшесі ЖСДП жеңіске жетіп жатса, Парламент Мә­жілісінің жоғары мін­бері­нен өзі және өзі секілді әділетсіздік көрген әріп­тес­терінің мүддесін қорғай­тынына сенімді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.