• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Қазан аузы жоғары

979 рет
көрсетілді

Сарыағаш ауданында жаңа нан цехы іске қосылды. Кәсіпкерлікке кең өріс ашылған бүгінгідей заманда бұл алақан соғып сүйінші сұрайтындай оқиға да емес шығар. Бір қызық кептің еске түсіп тұрғаны. «Егемен Қазақстан» рес­­­публикалық газеті» АҚ пре­зиденті Сарыағашпен іргелес Ке­лес ауылының азаматы. Тоқаш Бер­дияровтай ақтаңгер ақын поэ­зиясының төрінен әрдайым орын берген Келес кезінде бөлек аудан болған. Кеңес өкіметінен әл кеткен кез. Аудан орталығындағы маң­дайға басқан жалғыз наубайхана жабылып қалып, табаға нан жабуды ұмытыңқырап қалған жұрт шу көтереді. Ереуілге де ұласып кете жаздаған ба қалай. Әйтеуір, у-шу. Әңгіме партия бюросына дейін жетіп, наубайхананың басшысы сөгіс алып тынады. Көп кешікпей нарық та жетіп, әр үйдің есігін қағады. Сол кезде еті тірі әйелдер тандырға, табаға нан жауып, Келес ауданының ор­талығы Абайды қарық қылып тас­тайды. «Сен же, мен же» – нанның түрі көп. Бағасы да арзан. Сонда Әбіл деген тілінің тікені бар жігіт ағасы «Ойпыр-ай, баяғыда наубайхана жабылып, ел ұлардай шулаған нан жетіспеушілік оқиғасын бү­гіндері Абайдың алты қатыны шешіп тастады ғой», депті. «Нан болса ән де болады». Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Түр­кістанға барған сапарында қа­ладағы «Ақжол» серіктестігінің нау­байханасында болған. Жүзде­ген адамға тұрақты жұмыс бе­ріп, жылына 450 млн. теңгенің өнімдерін шығарып отырған цехтың жұ­мысына ризашылық білдіріп, басқа аудан, қалалардан да филиалын ашуды ұсынған. Кәсіпкер деген халық уәдеге берік қой. «Ақжол» серіктестігі Сарыағашқа нан зауытын салуға кірісіп кеткен еді. Енді міне, тәу­лігіне он, елу тоннаға дейін дайын өнім бере бастады. Нан зауытының басшысы Нә­сиба Сабыржанованың қазан аузы жоғары деп отырған жағдайы бар. Елбасымыздың өзі шағын және орта кәсіпке қолдау көрсетіп, жеңіл несиемен жұмыс жасауға жағдай туғызып отыр, дейді ол. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа алғысымыз шексіз. Бизнесімізді өркендетуге керек жағдайдың бәрін жасап отыр. «Яссы» деген фирма ашып, оған жергілікті халықты жұмысқа тарттық. Енді аудандағы жиырма бес ауыл округінен филиал ашпақ ойдамыз. Тәтті тоқаш, пісірілген нан өнімдерін ыстығы басылмай сатып алады. Кондитерлік цехтың да құрылысы жүруде. Сонда біз тәттілердің бес жүзден екі мың тоннаға дейін жүздеген түрін шығара аламыз. Бағасы қолжетімді әрі дәмді нан өнімдеріне көршілес Мақтаарал, Шардара аудандарынан да тапсырыс түсіп жатыр екен. Үш аудан халқын қосқанда бір миллион адамға жуықтайды. Түр­кістандық кәсіпкер осының бәрін шотқа салып, табысын есептеп отыр. «Ақжолдың» осылайша наны көтеріліп тұр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан».