ПАВЛОДАР. 25 ақпан. Павлодарлық жас өрендер Алматыда өткен мектеп оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар сайысында 25 медаль алды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының мәліметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Білім жарысына еліміздің әр жерінен 700-ден астам оқушы қатысты. Ал Павлодар облысының намысын 65 оқушы қорғады. Төрт бағыт бойынша өткен сайыста командалық 1-орынға Астана, Алматы қалалары мен Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары ие болды.
Біздің оқушылар бұл жолы 4 – алтын, 5 – күміс және 16 қола медальге қол жеткізді. Бірінші орынды облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназия оқушылары Дәурен Қарамбаев, Даниял Тәшенов, Екібастұздағы №1 мектеп-лицейдің оқушылары Камила Қуанышева, Даяна Семыкина иеленді. Сондай-ақ, 6 ғылыми жоба авторлары республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды. «Ең үздік ғылыми жоба» аталымын және Intel ISEF белгісін облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушылары Дәурен Қарамбаев пен Даниял Тәшенов алды.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: Павлодар облыстық білім басқармасы.