Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысы талқыланды.
Қазақстан Президенті В.Лоссерталеске алдағы іс-шараны ұйымдастыру мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
– Сіздің келуіңіздің және жұмысымызға баға беруіңіздің біз үшін маңызы зор. Мен құрылыс пен дайындық барысын үнемі қадағалап отырмын, жұмыс кестесінен кешеуілдеу жоқ. Қазір көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан жабдықтау алдыңғы орынға шықты. Құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін бітіріп, тікелей ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындықты бастау міндеті қойылып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
В.Лоссерталес дайындық жұмыстары барысымен танысып, ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларының жиналысына қатысу үшін келгенін айтты.
– Құрылыс алаңын көргеннен кейінгі керемет әсерімді Сізге жеткізгеніме қуаныштымын. Архитектуралық көзқарас тұрғысынан барлық ғимараттар үйлесімді, ал функциялық тұрғыдан бәрі ойластырылған әрі ыңғайлы салынуда. Құрылыс кідіріссіз, тіпті, кестеден оза жүргізіліп жатыр. Негізгі мазмұндық жабдықтау бағдарламасы өте салиқалы әрі айқын, енді павильондардың ішкі сапалық мазмұны оған жауапты компанияларға байланысты, – деді Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.