Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында әңгімелесушілер халықаралық ахуалдың көкейкесті мәселелері туралы, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ұйымның рөлі туралы пікір алмасты. ҰҚШҰ Бас хатшысы 2015 жылы қабылданған ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің жүзеге асырылу барысы және ҰҚШҰ-ның дағдарыстық әрекет ету жүйесін дамытуға көзқарастар туралы хабарлады.
Е.Ыдырысов пен Н.Бордюжа үстіміздегі жылғы ұйым шеңберіндегі ірі іс-шаралардың кестесі мен ұсынылатын күн тәртібін, атап айтқанда, шілдеде өтетін Сыртқы істер министрлері кеңесі мен күзде өтетін ҰҚШҰ-ның Мемлекет басшылары деңгейіндегі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібін қарастырды.
Әңгімелесушілер, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің терроризммен және діни экстремизммен күрес саласындағы ынтымақтастығын ұлғайту, түрлі халықаралық алаңдарда тиісті бірлескен ұсыныстарды ілгерілету перспективаларын талқылады. Е.Ыдырысов атап өткендей, мұндай ынтымақтастық біздің ұйым шеңберіндегі өзара байланыстардың жаңа қырын ашады және Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында өткен жылдың қыркүйегінде ұсынған БҰҰ қолдауымен Жаһандық антитеррорлық коалиция (желі) құру жөніндегі бастаманы жүзеге асыруға жағдай жасайтын болады.