• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Өзгерістер таныстырылды

231 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаевтың қатысуымен «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заңдардың жобалары таныстырылды. Онда Ұлттық экономика ми­нистрі Е.Досаев «Қазақстан Республикасының 2016-2020 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы ту­ралы» және «Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы бойынша баян­дама жасады. Министр биыл­ғы макроэкономикалық көрсет­кіштерді Үкімет Қазақстан эконо­микасының дамуына сыртқы жағымсыз факторлардың әсерін ескере отырып түзеткенін хабар­лады. Үкімет есептеулерінің негі­зіне 2016 жылғы АҚШ дол­ларының 300-ден 360 теңгеге дейінгі бағамының өзгерісі алынды. Мұнайдың бағасы барреліне 30 доллар деңгейінде болжанып отыр, сондай-ақ, металл бағасы 2015 жылғы деңгейдің 15,0 пайызына дейін төмендеуі күтілуде. Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігінің есептеулері бойынша, 2016 жылы Ішкі жалпы өнім 0,5 пайызды, жан басына шаққанда ІЖӨ 6,9 мың АҚШ долларын (2015 жылғы қарашадағы көр­сет­кіш­терден 1,6 мың долларға төмен) құрады. 2016 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсімі, Е.Досаевтың болжамы бойынша, 3,5 пайыз болды, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,0 пайызға төмендеді. Мұнай өндіру көлемі 74,0 миллион тоннаны құрады. «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мазмұны туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабардар етті. Баяндамада айтылғандай, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруды қаржымен қамтамасыз ету міндеттерін шешуге және негізгі көрсеткіштердің өзгеру жағдайында бюджетті теңдестіруге арналған. Ұсынылып отырылған нақтылаулар экономика мен бизнестің түйінді салаларын, орта және шағын бизнесті және агроөнеркәсіп кешені субъектілерін кредиттеу, өңірлерде инфрақұрылым және мектептер салу, транспорттық инфрақұрылымды дамыту және көлемді жобалардың құры­лысын қолдауға бағытталып отыр. «Тұрғын үй жинақтаушы құры­лыс банкінің» салымшыларына өтемақы төлеу бюджеттің әлеу­меттік бағытталуын көрсететін шығыстардың бірі болып табылады. Б.Сұлтанов сөзінің соңында бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталғанын атап өтті. Ұсынылып отырылған шығыстар кредиттеуді ұлғайтуға, ірі жобаларды аяқ­тауға, өңірлердің қаржысын тұрақ­тандыруға, халықтың жұмыс­пен қамтылуын қолдауға, тұр­ғын үйлерді салуға және жалпы іс­кер­лік белсенділікті арттыруға жағ­дай туғызады. Отырыста Ұлттық банк төра­ғасының орынбасары міндетін атқарушы Олег Смоляков «Ақ­ша-кредит саясаты туралы» баян­дама жасады. Ағымдағы жағ­дайларда Ұлттық банктің ақ­ша-кредит саясатын және Үкі­меттің фискалдық саясатын үй­лес­тіру макроэкономикалық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету­дегі негізгі факторлардың бірі болып табылатынын атап өтті. 2016 жылғы қаңтардың қоры­тындысы бойынша инфляция жыл­дық көрсеткіш бойынша 14,4 пайызды құрады. Ұлттық банк­тің 2016 жылға арналған негіз­гі міндеті инфляция деңгейін тұрақтандыру және белгіленген 6-8 пайыз дәлізге жедел оралу болып табылады. Инфляцияны 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендету орта мерзімді бағдар болып қалады. Баяндамада атап өтілгендей, Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын ұстанатын болады. Бұл бір жағынан, алтын-валюта активтерін сақтап қалады, ал екінші жағынан, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдап отырады. О.Смоляков үкімет енгізген өзгерістерге қолдау білдірді, өйт­кені макроэкономикалық тұрақ­тылық пен теңестірілген және орнықты бюджетті қамтамасыз етпейінше Ұлттық банкі алдында тұрған міндеттерді табысты шешу мүмкін емес. Депутаттар заң жобала­ры бо­йынша жұмыстарды коми­тет­тердің отырыстарында және жұмыс топтарында одан әрі жал­ғас­тырады, деп хабарлады Сенат­тың баспасөз қызметі.