Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында ОСК «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады.
«Осы қаулыға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша үш халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен 103 байқаушыны аккредиттеді, – деді ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова. – Олардың үшеуі – Америка Құрама Штаттарынан, 97 байқаушы – ТМД-ның байқаушылар миссиясынан. Оның ішінде 33-і – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан және 7-еуі Беларусь және Ресей Одағының Парламенттік жиналысынан, ал 3 байқаушы – Ислам ынтымақтастығы ұйымынан».
Биылғы жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша, Ортсайлауком екі халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД), бір халықаралық ұйымнан (Ислам ынтымақтастығы ұйымы) және шет мемлекеттен 155 байқаушыны аккредиттеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі кешегі күнгі жағдай бойынша 25 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 105 өкілін аккредиттеді. Ал Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».