• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Меморандум – маңызды құжат

781 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда баса көңіл бөлетін мәселенің бірі – өндірістік кәсіп­орындардағы жұмыс орындарын сақтап қалу. Бүгінгі қиыншылық ке­зінде нан жеп отырған жұмысы­нан айырылған адамнан өткен бей­бақ жоқ. Және де мұның кесірі ең алдымен әлеуметтік тұрақ­ты­лыққа тиеді. Міне, осы өзекті мәселенің алдын алу үшін Қараған­ды облы­сының басшылығы қолда­ғы бар мүмкіндіктің бәрін қарасты­рып, жан-жақты шаралар қабыл­дап жатыр. Осының бір мыса­лы ретінде, Қара­ғанды облысы­ның әкімдігі мен өңірдегі ірі өндірістік кәсіп­орындардың аймақтағы эконо­миканың дамуы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу жөніндегі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған іс-әрекетін айтуға болады. Ірі кәсіпорындар демекші, бұ­лардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Кор­по­рациясы» ЖШС, «Жәйрем тау кен-байыту комбинаты» АҚ, «Қар­цемент» АҚ, «Теміртау электр метал­лургия комбинаты» АҚ, «Nova Цинк» ЖШС сынды алпау­ыт ком­паниялар бар. Жалпы, ме­мо­­ран­думға 23 ірі кәсіпорын қол қойды. Сондай-ақ, ірі өндірістік кәсіп­орындар Қарағанды облысын­да­ғы шағын және орта бизнес сала­сындағы өндірушілерді қолдауға даяр екендіктерін білдірді. Соның нәтижесінде тауар сатып алу, жұмыс және қызмет көрсетуге тапсырыс беру арқылы жалпы сомасы 52,2 млрд. теңге болатын бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Негізі, бұл жұмыстарды облыс­тық әкімдік тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бүгінгі күннің өзінде облыс­та өндірістік үдерістерді тұрақ­тандыру, бизнестің ұзақ мерзімді орнықтылығы мен жұмыс­керлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша әкімдік пен жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында 2993 өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Мұның ішінде 171 ірі және 461 орта кәсіпорындармен ме­морандум міндеттері тура­лы келісімге қол жеткізілді. Бұл дегеніңіз, облыста тіркелген ірі және орта кәсіпорындардың 100%-ын құ­райды. Ал кіші кәсіп­орын­дармен қол қойылған мемо­ран­думдардың саны 2361-ге жеткен. Осы игі шаралардың нәтиже­сін­де, меморандум бойынша мойнына міндеттеме алған кәсіп­орындардағы 300 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл жай ғана құрғақ сөз, құн­сыз құжат емес. Меморандумда келісіл­ген шарттардың орындалуын облыс әкімдігі үнемі қадағалап отырады. Меморандумдардың мазмұны облыстың алдында тұрған әлеу­меттік-экономикалық міндеттерді есепке ала отырып түзілген. Егер де өндіріс көлемі азайып, еңбеккерлер жұмысынан айырылып қалар күн туып жатса тараптардың, атап айтқанда, атқарушы билік, жұмыс беруші және кәсіподақтардың іс-әрекеті меморандум құжаттарында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Яғни, бүгінгі күнде меморандум – өндірістік даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың ара жігін ажыратпай ұстап тұрған құнды да маңызды құжат. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.