• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Күрделі кезеңнің маңызды міндеттері

265 рет
көрсетілді

Дағдарыс жағдайындағы жергілікті атқарушы биліктің басты міндеті кәсіпорындарда жұмысшылардың қысқаруына жол бермеу болып табылады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе хром қосындылары зауыты басшылығы және жұмысшыларымен кездесу барысында осы мәселеге айрықша назар аударды. Өңір басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі күні әлемдік экономикада қалыптасқан күрделі жағдайда бірлесіп, стра­те­гиялық тұрғыдан ортақ ойласып және ақылмен жұмыс істеу қа­жеттігін атап көрсетті. Бұл үшін ірі кәсіпорындардың, тауар өнді­ру­шілердің, шағын және орта биз­нес пен басқа да шаруашылық құры­лымдарының жұмыстарын үй­ле­сімді жүргізу қажеттігін атап өтті. Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, экономикалық дағ­да­рыстың әлеуметтік төлем­дер­дің – жәрдемақылар мен жеңіл­­­­дік­тер­дің, сондай-ақ, ұйымдарда еңбек­­ақының кешігіп төленуіне себеп бола алмай­тынын қадап айт­ты. Жыл қорытын­дысы бойынша жұ­мыссыздық облыстың эко­номи­калық белсенді тұрғын­дарының 4,9 пайызын құрай­ды, бұл көр­сеткіш жалпы рес­пуб­ли­ка­­лықтан 0,2 пайызға төмен. Мем­лекеттік бағ­дарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орын­­дары құрылды, еңбек ұжым­да­ры ­ара­сында тұрақтылық сақталуда. Сонымен бірге, өңір басшысы Қазақ­стан бойынша, оның ішін­де Ақтөбенің де негізгі саласы өнеркәсіптің экономикалық сипат­тағы сыртқы теріс әсерлерден қа­шып құтыла алмағанын жасырған жоқ. Облыс бұл ретте экспортқа бағытталған. Сондықтан да әлемдік дағдарыс нәти­жесінде 2014 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4,5 пайызға төмендеді. Жиында кәсіпорынның өт­кен жылғы өндірістік бағдар­ламаларының және ұжымдық келісімшарттың орындалу барысы талқыланды. Өз кезегінде «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Хи­мич кәсіпорынның 2015 жылғы негізгі жұмыс қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, зауыт ұжымдық еңбек келісімшартында жазылған барлық шарттарды және өздеріне алған әлеуметтік міндеттемелерін орындаған. Ол сондай-ақ, зауыт жұмыс істейтін қазақстандық құрамның үлесі бүгінгі күні 66 пайыздан жоғары екенін атап көрсетті. Облыс әкімі жиын барысында зауыт жұмысшыларының сұрақтарына жауап бере отырып, бүгінгі күні атқарушы би­лік пен бизнес құрылымдары арасында өнімдердің бірқатар түрлеріне бағаларды реттеу туралы бірнеше меморандумға қол қойылғандығын мәлімдеді. Өңір басшысы кәсіпорын басшылығына өн­дірістік қуаттарды одан әрі өсіру, қазақстандық құрамды дамыту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.