• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Отандық автокөліктер

542 рет
көрсетілді

Орталық Азия нарығына шығарылады Жуырда Шығыс Қазақстан облысы­ның әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапа­рымен Қырғызстан және Тәжікстан респуб­ликаларында болды. Өңір басшысы сапарының негізгі мақсаты – жақын елдердің өңірлерімен сауда-эконо­микалық байланыстарды тереңдету және «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» холдин­гінің өнімдерін аталған елдер­дің нарығына шығару мәселесін талқы­лау болды. Аймақ басшысының төраға­лығымен барған қазақстандық делегация сапар аясында Қырғызстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Олег Панкратовпен және Тәжікстан премьер-министрінің орынбасары Азим Иброхиммен келісімдер жүргізді. Душанбеде Шығыс Қазақстан облысы мен Тәжікстан ынтымақтастығы бойынша өзара пайдалы бағыттардың келешегі белгіленді. Ауыл шаруашылығы минис­трі Махмадтоир Зокирзода және тәжік­стандық іскер топтар өкілдерінің қа­тысуымен өткен кездесулерде облыс басшысы тау-кен, түсті металлургия, энер­гетика, машина жасау, автомобиль құрастыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту салаларындағы өңірдің жетістіктері мен мүмкіндіктерін баяндады. Тараптар сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету мәселелерін қарап, аталған елдердің аумағында Lada автокөліктерінің бөлшек саудасы және сатудан кейінгі қызмет көрсету, дистрибуция мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтады. Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімдерінің басым бөлігін (7 млрд. АҚШ доллары) автокөлік жасау саласындағы өнімдердің құрайтынын жеткізді. Атал­ған саладағы жылдық айналым 1,3 млрд. АҚШ долларынан асады. «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы оңтүстіккореялық, француздық, ресейлік және чехиялық сауда белгілерімен бар­лығы 30-дан астам түрлі кластағы авто­көліктерді шығарады. Осы орайда облыс әкімі шығысқазақстандық холдинг­тің тәжікстандық нарыққа шығуына мүд­делілік білдірді. Яғни, компаниялар тобы Тәжікстанда кең көлемде автодилерлер торабын, қызмет көрсету орталықтарын ұйымдастыруға әзір. Келісімдердің нәтижесінде «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» холдингінің Тәжікстан нарығына шығуы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу мақсатында аталған елдерге жақын арада жұмыс топтары жіберілмек. Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың қазан айында Орталық Азия елдеріндегі Lada автокөліктерінің дистрибуция құқығына «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» холдингі ие болған еді. Қазақстан мен Ресей президенттерінің кездесуі шеңберінде қазақстандық «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы мен ресейлік «АВТОВАЗ» ААҚ басшылары біріккен іс-қимыл туралы келісімге қол қойған. Әріптестер Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Моңғолия елдерінің нарығына тауар жеткізуші инфрақұрылымды өзара біріге отырып, дамытуға келіскен болатын. Бұдан бұрын осы іспетті келісім Ресейдің Сібір және Орал федеральды округтерінің нарығына қатысты қабылданған. Осылайша, «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» Еуразиялық экономикалық одақтың автокөлік нарығына шығу жобасын сәтімен жүзеге асыра білген алғашқы қазақстандық компания болып отыр. 2015 жылы қазақстандық холдинг Ресейдің 11 қаласынан 15 жекеменшік автоорталық ашып, сату желісін құрды. Қазақстандық холдингтің келісім жасасқан аумағы 7 мемлекетті, оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің азиялық бөлігін қамтиды. Бүгінде бұл кәсіпорынның қамтыған нарығы аумағындағы халықтың жалпы есебі 84 миллионнан асып отыр. Яғни, холдингтің Қазақстанның маңа­йында қалыптастырған өткізу және қызмет көрсету желісі Өскемен қаласын­дағы «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ ала­ңында салынып жатқан толық циклді авто­өндіріс инфрақұрылымының экспорт­тық негізіне қызмет етеді деген сенім бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.