• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Кібісе жылы: жайлы ма, жайсыз ба?

2931 рет
көрсетілді

Төрт жылда айналып келетін артық күнді қыс пен көктемнің түйісер тұсы – ақпанның соңына кіргізіп қойған. Яғни әрбір төртінші жыл 366 күнді дөңгелектейді. Сөйтіп, кібісе жылының қарапайым жылдан бір күн артықшылығы бар. Аталған жылдың төңірегінде халық арасында алуан түрлі әңгіме айтылады. Көпшіліктің пікірі кібісенің қаупі басым дегеннің айналасына тоқайласады. Ал енді біз соңғы ғасырдың шенінде төрт жылда бір айналып келетін жылдың төңірегіне тоқталып, ол Қазақ еліне қаншалықты жайлы, жайсыз болғанына көз жіберіп көрелік. 1916 жыл Отарлық езгінің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясатына қо­са, Ресей патшасының 25 маусымда­ғы армияның қара жұмысына 19-дан 43 жас­қа дейінгі ер-азаматтарды шақы­ру жөніндегі жарлығы Қазақ еліндегі көтерілістің басталуына түрткі болды. Шілденің басында қазақ даласында стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Торғайда А.Иманов, Ә.Жангелдин, Жетісуда Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ж.Мәм­бетов пен Ұ.Саурықов басшылық еткен ірі көтерілістер пайда болды. Оны басу үшін патша өкіметі әскер шығарды, қарсыласқандарды аяусыз жазалады. Б.Әшекеевті дарға асып, Ұ.Саурықовты атып өлтірді. Ел қырылды, аман қалғаны бассауғалап Қытайға ауды. Бір ғана Тор­ғай, Қарқара көтерілісінің трагедия­сы халықтың жанына өшпес жара салды. Осы тұрғыдан келгенде 1916 жыл хал­қымыз үшін жайсыз жыл болды дер едік. 1920 жыл 1920 жылы 20 тамызда Қазақ АКСР-ін құру туралы декрет шықты. РКФСР БРОАК-тің 22 қыркүйектегі жаңа декретімен Орынбор губерна­торлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР-і құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақ елінің астанасы болды. Қалай бол­ғанда да бұл біздің ұзақ уақыттан кейін республика мәртебесіне ие болған кезіміз ғой. Сондықтан бұл жылды дұрыс жыл санатына қосуға болады. 1924 жыл Орта Азия республикаларының ұлт­тық-мемлекеттік шекарасы белгіленіп, қазақ жерлері тұтастай Қазақ АКСР құрамына енді. Шекара межеленген жыл жаңадан қалыптасып жатқан автономиялы республиканың жетістігі ретінде бағалауға тұрарлық. Қысқасы, жақсы жыл. 1928 жыл Қазақстан ОАК мен ХКК «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декрет шығарды. Байларды кәмпескелеу заңсыз жүзеге асырылды. Ұжымдастырудың кесірінен халық саны 2 миллион адамға кеміді. «Партияның сүйіктісі» атанған Н.Бухарин осы жылы өткен Бүкілодақтық комсомол съезінде М.Жұмабаевқа «саяси сенімсіз» деп айдар тақты. Мұндай мәліметті алдын ала даярлаған оның досы Ф.Голощекин еді. Қазақ тарихындағы қасіретке толы жылдардың бірі. Жайсыз жыл болатыны да сондықтан. 1932 жыл 1930-1932 жылдары аштықтан, түрлі індеттен халықтың 40%-ы қырылды. Республикадан тыс жерлерге көшіп кеткен халық саны 769 мыңға жетіп, оның 616 мыңы қайтып оралмады. Әке-шешесінен айырылғандар саны күрт өсіп, сол жылдың күзінде балалар үйлеріне орналастырылғандар саны 68 мыңға жетті. Жайсыз да қара жамылған жыл болды. 1936 жыл Осы жылы Қазақ КСР-і құрылды. Мемлекет атанды. Мамыр айында Мәс­кеуде қазақ өнерінің алғашқы он­күндігі ашылып, ол үлкен табыс­пен өтті. «Қыз Жібек», «Жалбыр» қо­йы­­­­лымдары көрсетілді. Күләш Бай­сейітоваға осы онкүндікте КСРО халық әртісі атағы берілді. Басқа да қазақтың өнер қайраткерлері орден-медальдармен марапатталды. Мемлекет атауын иемденіп, өнердің алғашқы белестеріне қол жеткізген бұл жылды жақсы жыл есебіне енгіздік. 1940 жыл Бұл жылы егін жақсы шықты. Ұзын­дығы 806 шақырым болатын халықтық екпінді құрылыс әдісімен 9 айға толмайтын уақыт ішінде Ақмола-Қарталы темір­жол торабы салынды. Ашаршылық, репрессия артта қалып, ел есін жиды. Мәскеу, Ленинград, Челябі зауыттарынан Қазақстанға машина, тракторлар көптеп келіп, ел техниканы меңгеруге бет бұрды. Бұл жыл да жайлы жыл, жемісті жыл саналады. 1944 жыл Сәуір айында ҚазКСР Халық Ко­миссарлары Кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында Қазақ мемлекет­тік қыздар педагогикалық институты ашылды. Сондай-ақ, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыру туралы қаулысы шығып, оған алғышарттар жасалды. Алматы қаласына троллейбус келіп, жүре бастады. Майданда да жаудың жеңіле бастағаны айтылып, тылда оң өзгерістер жүзеге асып жатты. Сөйтіп, бұл жылы дұрыс жылдың лебі сезілді. 1948 жыл Атақты ғалым Кәрім Мыңбаев бас­таған республика ғалымдары ұшақпен Алматыдан көтеріліп, жолшыбай Бал­қаш қаласына қонды. Жанармай құйып, Мәскеуге қарай бағыт алғанда, олар мінген әуе кемесі аспанда жарылды. Сөй­тіп, Қазақстанның бір топ талантты ғалымдары кемеліне келіп тұрған ке­зінде өмірден өтті. Кәрім Мыңбаев, Қылыш Бабаев, Федор Солодовников, Хасен Наурызбаев, Сапар Нұғыманов сияқты көрнекті ғылым иелерінің қазасы елдің ауылшаруашылық саласын ойсыратып кетті. Жайсыз жылдың қатарын толықтырды бұл жыл. 1952 жыл Мамырда Қазақ ССР Ғылым академиясы төралқасының отырысы болды. Онда көрнекті ғалым Е.Бекмахановты қызметінен босатты. Партиядан да, жұмысынан да шығарылып, ғылыми атақтарынан айырылған атақты тарихшы әуелі Алматы облысының Нарынқол, екі айдан соң Жамбыл облысының Шу ауданына жіберілді. 25 жылға соттап, Сібірге жер аударды. Бұл жылы осындай қиындықты ғалымдар Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов бастаған біраз адамдар да көрді. Діни орталық деп Баянауыл іргесіндегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі қиратылды. Қазақ эпостарында байшыл-феодалдық сарынның бар екендігі сынға алынып, бұл рухани мұралар оқулықтардан алынып тасталды. Сондықтан, бұл жылды жайсыз жыл деп тану ләзім. 1956 жыл Қазақстанның колхоздары мен сов­хоздары мемлекетке мерзімінен бұрын 1 млрд. 340 мың пұт астық тапсырды. Ел тұрғындарына тұңғыш рет зейнетақы беріле бастады. Сондықтан бұл жайлы жылдың қатарына қосылады. 1960 жыл Рим Олимпиадасында 4х100 метрлік эстафеталық қашықтыққа жүгіруде Кеңес Одағы құрамасының сапындағы қандасымыз Ғұсман Қосанов күміс медальға ие болды. Сөйтiп, ол қазақ халқы үшiн Олимпиада кiтабын ашты да, оған алғашқы болып өз есiмiн жазды. Осы жылы Жамбыл электр станса­сы салынды. Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты, Қарағанды металлургия зауытының бірінші домнасы іске қосылды. Табысқа бастаған бұл жылды да жайлы деуге әбден болады. 1964 жыл 37 килотоннаға тең Дегелең тауының қойнауында жасалған жер асты жарылысы болды. Полигондағы ең сұмдық ядролық алапат еді бұл. Сол себепті бұл жылды жайсыз жылдың қатарына қосуға мәжбүр болдық. 1968 жыл Еліміз тарихына көз жүгіртсек, қыс­тың ең суық күні 1968 жылы 8 жел­­­тоқ­санда тіркелген екен. Онда рес­публикадағы ауа райы минус 43,6 градусты көрсеткен. Аяздан облыстардағы мал қырылған. Үйлердің қабырғалары жарылып, жер асты суының деңгейі көтерілген. Ауылдардағы мал да, жан да қатты әбігерге түскен. Сондықтан бұл жыл да жайсыз жылдың қатарын толық­тырады. 1972 жыл Баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Мюнхенде КСРО құрама командасының сапында Олимпиада чемпионы атанды. Сөйтіп, осындай әлемдік додада ең жоғары атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ ретінде тарих жылнамасына есі­мі жазылды. Осы жылы «рекордтар фабрикасы» атанған Медеу мұз ай­дынының сан-салалы заманауи кешені пайдалануға беріліп, Қапшағай су электр стансасы толық көлемінде жұмыс істей бастады. Жақсы жыл. 1976 жыл Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кі­табы жарыққа шықты. Сол-ақ екен, Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналында Қазақстанды кінәлаған сөз­дер естіліп қалды. Сол кездегі атақты, көр­­некті, зиялы дейтін Лихачев, Ры­баков сияқты академиктердің өздері: «Ал­маты деген провинциялық қалада біздің тарихымызға күмәнмен қарайтын кітап шықты», деген ұстамсыз сөздерді айтуға жол берді. Қазақстан Ком­партиясының Орталық Комитеті кі­тап­ты айыптаған қаулы қабылдады. Ашын­ған, қорланған қазақ зиялы қауымы іштей күйзеліске түсті. Осы себепті бұл жыл­ды жайсыз деп қабылдауға мәж­бүрміз. 1980 жыл Мәскеу Олимпиадасы қазақстандық оғы­­лан­­дарының айбынын асыр­ған дүниежүзілік дода болды. Балуандар Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алтыннан алқа тақса, бокс­шылар Серік Қонақбаев, Сергей Демьяненко күміс медальға қол жеткізді. Қазақ КСР-і 60 жылдық мерейтойы құрметіне республикалық ақындар айтысы өт­кізіліп, бұл қасиетті өнердің қай­та жандануына жол ашылды. 60 жылдыққа арналған салтанатты жиналыс­та орта­лықтың Алматыда метро салуға рұқсат бергені айтылды. Сондықтан бұл жыл­дың жайлы жыл атануға толық қақысы бар. 1984 жыл Жалпы білім беру мектептеріндегі оқу жүйесі 11 жылдыққа көшірілді. Осы жылғы мектеп реформасы бойынша балалар мектепке 6 жастан баратын болды. 1-4 сыныптар бастауыш, 5-9 сыныптар орта, 10-11 сыныптар толық орта және кәсіби мамандыққа жол ашатын сыныптар болып белгіленді. Жақсы дер едік бұл жылды. 1988 жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаға ұшы­­раған қазақ зиялыларының бір тобы Ш.Құдайбердиев (1858-1931), Ж.Аймауытов (1889-1931), М.Жұмабаев (1893-1938), А.Байтұрсынов (1872-1937), М.Дулатұлы (1885-1935) ақталды. Тағы бір ерекше жаңалық, Алматы метрополитенінің құрылысы басталды. Сондықтан бұл жылды дұрыс жыл деп айтуға құлықтымыз. 1992 жыл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туының жаңа үлгілері бекітілді. Сонымен қа­тар, Хельсинкиде Қазақстан Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастық Ұйы­­мына мүше болды. Алматыда Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. Енді ғана бостандық алған елдің өміріндегі аталған жылды жақсы жылдың қатарына қосамыз. 1996 жыл Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары төлқұжатқа тарихи, халықтық дәстүрге сәйкес аты-жөнін өз әкесінің, ата-бабасының ныспысымен жаздыруға мүмкіндік алды. Осы жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуел­сіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиадада бокстан Василий Жиров, күрестен Юрий Мельниченко, бессайыстан Александр Парыгин алтын, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, бокс­тан Болат Жұмаділов күміс, Ермахан Ыбырайымов және Болат Ниязымбетов, күрестен Мәулен Мамыров қола медальмен оралды. Бұл тәуелсіздік тұғырын нықтаған жақсы жыл болды. 2000 жыл Сиднейде бокстан Бекзат Саттар­ха­нов, Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы атанды. Осы дүбірлі додада боксшы Мұхтархан Ділдабеков күміс ме­дальға қол жеткізді. Сондай-ақ, киелі ша­һар Түркістанның 1500 жылдығы бар сән-салтанатымен атап өтілді. Жайлы жыл. 2004 жыл Елбасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулыға қол қойып, елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі ашылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді. Қазақстан Республикасы Пре­­зидентінің Резиденциясы жаңа ғимаратқа көшіп, ол әлемге Ақорда де­ген атаумен әйгіленді. Ел өмірі мен мәдениеті және білім саласында өзіндік орны бар бұл жылды жақсы жылдың қатарына қойдық. 2008 жыл Қазақстанда өндірілген ІЖӨ-нің көлемі 2007 жылғымен салыстырғанда оның көлемінің өзгеру қарқыны 3,2 пайызды құрады. Астананың сол жаға­лауындағы әсем де зәулім ғи­марат­тар қатарын «Қазақ елі» монументі то­лықтырды. Осы жылы республика Үкіметінің қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағ­дарламасы бекітілді. Дағдарысқа қа­рамас­тан, ұлтты ұйыстыра білудің үлгі­сін көрсеткен жылды дұрыс жыл деп ұйғардық. 2012 жыл Лондон Олимпиадасында қазақс­тандықтар 7 алтын, 1 күміс, 5 қоламен ко­мандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл спортшыларымыздың әлем­дік деңгейде бұрын-соңды болмаған жетістігі. Жақсы жыл. * * * Біз сарапқа салған 25 кібісе жылының қай-қайсының да Қазақ елінің тарихында өзіндік орны бар. Әрбір 4 жыл сайын келіп отыратын оның халқымыз үшін соншалықты жайсыз емес екенін жоғарыдағы деректерден аңғаруға болады. Жайсыз жылдардың дені кеңестік қоғамның еншісіне тиеді. Ал енді бо­сағадан аттаған кібісе жылы тәуелсіз еліміз үшін тыныш, қалыпты, жайлы жыл болады деген сенімдеміз. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».