• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Ислам діні – өркениет діні

716 рет
көрсетілді

Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен (ҚМДБ) ақпараттық-ағарту жұмыстарын жандандыруға арналған «Ислам және зайырлы қоғам» атты республикалық ақпараттық конференция болды. Конференцияның ашылуында сөз алған Бас мүфти Ержан қажы Малғажы­ұлы осы сындарлы басқосудың маңызды түйініне тоқталды. «Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып, еңсемізді тікте­дік. Тәуелсіздік жылдарында діні­міз бен тілімізді, салт-дәстү­­рімізді қайта жаңғырттық. Қаді­рін білгенге осының бәрі үл­кен ға­ни­бет. Алланың берген нығметі дер едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 1990 жылдан бері дінімізге қызмет етіп, еліміз­дің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді. Осы аралықта жоғары дең­гейде 5 құрылтай өтті. Өт­кен жылы тұңғыш рет респуб­ли­ка­лық имам­дар форумын өткі­зіп, ел мұсылмандары мен дін қыз­мет­керлері үшін маңызды тарихи төрт құ­жатымызды қабыл­дадық. Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі жұмысын дамытуға арнал­ған тұғырнамасын бекіттік. Діни білім жүйесін жетілдіруге арналған арнайы тұжырымдама қабыл­дадық. Бұл оқи­ғаларды елі­міз­дің діни саласындағы тарихи ша­ра­лар деп есептеймін», – деген Бас мүфти алғашқы сөзді Мәде­­ниет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановқа ұсынды. М.Әзілханов өзінің сөзінде бүгін Діни басқарманың өз тарихында алғаш бастама көтеріп, конференция ұйымдастырып отырғанын айтты. Зайырлылық тақырыбын талдап түсіндіруге Діни басқарма тарапынан назар аударылуы ел мұсылмандарын ұйыстыра білген осынау қара­шаңы­рақтың діни қызмет аясы­мен шек­телмей, өз Отанының ұждан­ды азаматтары ретінде қоғам өмі­ріндегі мәні зор мәселеге үлес қо­сып отыр­ғанының айғағы екенін атап көрсетті. «Зайырлы мемлекет үшін дінді ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан, әрбір азаматтың орны ерекше. Өйт­кені, Ата Заңымызда айшық­талғандай, мемлекетіміздің ең қым­бат қазынасы –адам және оның өмі­рі, құқықтары мен бос­тан­дықтары. Діндар адамдар со­ның ішінде мұсылман адам да зайыр­лы мемлекеттің толық­қанды белсенді, зиялы азаматы бола алады», – деді ол. Сонымен қатар, қоғам мүшелерінің рухани саулығының мемлекет тұрақтылығына игі әсер ететініне назар аударды. Қоғам қайраткері, белгілі ға­лым Әділ Ахметовтің ортаға салар ойы әдеттегідей мазмұнды да сал­мақты шықты. «Бүгінгі мешіттер де, бүгінгі еліміздегі мұсылман қауымы да осыдан 10-15 жылғы­дан өзгеше. Мен философ та, дін ма­маны да емеспін, бірақ ЕҚЫҰ аясын­да, дипломатиялық жұмыс­та, Пар­ла­ментте жүргенде жинақ­таған тәжі­рибем бар. Мәсе­лен, қа­зір­гі күні 57 ел мүше болып отыр­­ған ЕҚЫҰ елдерінде мұсыл­ман­дардың жағдайы қалай, оларға деген көзқарас қандай, мультикулту­ризм деген не деген мәселелер тұрғы­сында көп елдерді аралауға тура кел­ді, пікір қа­лыптасты. Ең алды­мен, біздер мы­надан бас­тауымыз керек сияқты. Неге мұ­сыл­­ман әлеміне, мұсыл­ман діні­не теріс көзқарас қалып­та­сып отыр? 2001 жылы қыр­күй­ек­те ДСО ғи­ма­ра­тын ислам лаң­кес­тері жар­ды деген қауесет та­ра­ды. Ал оны мұсылмандар жар­ды деген дә­лел жоқ. Бірақ мұсыл­ман әле­міне шала байланды. Экс­тре­­мизм, терроризм, радика­лизм, фундаментализм десе, тек ислам алдыңды орайды. Дәл сол кез­де Самуил Хантингтон дейтін фи­лософтың «Өркениеттер қақтығысы» деген кітабы шық­ты. Ол қолмен қойғандай сәуе­гей­лік жасап, өркениеттер қақты­ғысы болады, оның себебі идео­логия мен экономикалық айыр­ма­шылықтарға байланысты емес, діндердің арасындағы тайталас­тан, әсіресе, ислам дінінің өзе­гіне өрілген сын-қатерден басталады деді. Ал біз жастарымызға ислам дінінің зайырлы да тартымды, ізгі дін екенін айтып, түсіндіре беруіміз керек, деп ойын қорытты Ә.Ахметов. Конференцияда қоғамдық байланыстарда зайырлылық нормаларымен үйлесетін ислам құндылықтарының таралу мәсе­лелері, ақпараттық-түсін­діру жұмыстарына қатысты тәжі­рибе жүзінде жинақталған жаңа әдіс­темелер талқыланды. Сонымен қатар, діни экстремизм мен терроризмге қарсы профилактикалык іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасы да қаралды. Конференция жұмысына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Марат Әзілханов, ғалым, профессор Әділ Ахметов, Дін істері ко­митетінің төрағасы Ғалым Шой­кин, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі­нің мүшелері, облыстардың Бас имам­дары, ҚМДБ-ның респуб­ликалық және жергілікті ақпарат­тық-түсіндіру тобының мүше­лері, ҚМДБ Сарапшылар кеңе­сінің мүшелері, сонымен қатар, мем­лекет және қоғам қайрат­керлері қатысты. Конференцияға қатысушылар үндеу қа­былдап, онда барша мұ­сылман үмме­тін, ислам ғалым­дарын, қоғамдық сарапшыларды, жалпы халықты, ортақ мәзһабтың мәртебесін көтеріп, қоғамда ты­ныш­­тық орнатуға, террористік әре­кет­­терге тосқауыл болуға, жал­­пыға ортақ адамгершілік құнды­лықтардың наси­хатталу­ына, тарихи дінімізді ке­лесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге, ортақ мәде­ниетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».