Өңірде партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған топ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Ақтөбе теміржол бөлімшесінде партияның белсенді мүшелерімен және сайлаушылармен кездесті. Кездесуге ақтөбеліктермен бірге, көршілес Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан да өкілдер қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Мәжіліс депутаттығынан үміткер Азат Перуашев үгіт-насихат жұмыстарын дабыралатпай, байсалды жүргізіп жатқандарын тілге тиек ете келе, партияның сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарға тоқталды.
– Тәуелсіздікті нығайту мен ұлттық құндылықтарды қорғауға баса маңыз беріледі. Шынайы нарықтық экономиканы құру және жеке бизнесті дамыту да күн тәртібіндегі өзекті мәселе ретінде назарда ұсталады. Кәсіпкерлікті тұншықтыратын жемқорлықпен күресті күшейтуге бағыт ұсталады. Сондай-ақ, көлеңкелі экономика арқылы жиналып, елімізден сырт жерге шығарылған миллиардтаған қаржыны қайтару да партия қолға алатын шаруалардың басында тұр. Осындай мақсаттарға тек демократиялық ұстанымдарды дамыту, мықты Парламент пен билік органдарының қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра отырып, есептілікті қалыптастыру нәтижесінде ғана жетуге болады. Міне, осы қадамдардың астарында қыруар жұмыстар жасауға тура келеді. Біздің партиялық ұстанымымыз да, нақты жұмысымыздың басым бағыттары да осылардан арна тартады. Біз бұл кездесуде қоғамды дамытуға байланысты ұсыныстарды жинақтауды да қаперде ұстаудамыз. Ол біздің алдағы уақыттағы жұмыстарымызға бағдар берері сөзсіз, деген А.Перуашев партияның жұмыс жоспарларымен таныстыра кетті.
Кездесуде сөз сөйлеген Қазбек Иса алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Сауатты болу үшін оқуымыз керек, бай болуымыз үшін кәсіппен айналысуымыз керек, ал мықты болу үшін ауызбіршілігіміз мықты болу керек» деген қанатты сөздерін жадыда жаңғыртып, «Ақ жол» туы астында бірігуге шақырды. Партияның елдің ертеңі жарқын болуы жолындағы ұстанымдарының ұлттық мүддені көздейтінін атап өтті.
Облыста «Ақ жол» партиясының 10 мыңнан астам мүшесі бар. Солардың арасынан облыстық мәслихатқа – 3, қалалық мәслихатқа – 5 және аудандық мәслихаттарға 7 үміткер сайлауға түсуде. Ақжолдықтар осылай күш біріктіре қимылдауға әзір екендіктерін бұл жолы да көрсетті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.