Оның біріншісі – сүю, екіншісі – саналылық, үшіншісі – сабыр, төртіншісі – сенім. «Еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – ұстын деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды», деген екен Бауыржан Момышұлы атамыз. Иә, әйелсіз азамат еңбегі жанбайды. Өткенге көз салсақ, талай әйел талай еркекті гүлге орады, кемеліне келтірді. Солардың бірі – Бауыржан атамыздың жан жары. Қандай қиын-қыстау кезең болса да шаңырақты шайқалтпауға күш салды. Ал Ұлы Отан соғысында партизан әрі барлаушылық қызметті қоса атқарған Қасым Қайсеновтің асыл жары ағамыздың жазушылық талантын гүл етіп ашты. Кәсібінің ақылшысы да, көмекшісі де бола білді. Өмірде мұндай асыл жарлар көп болған. Мәселен, тарихымызды қарасақ, Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханшайым, қаракерей Қабанбай батырдың жан жары Гауһар, Жиренше шешеннің әйелі Қарашаш, ХІХ ғасырдың орта кезінде Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресте барлаушылық қызмет атқарған Бақты қыз, Есім ханның шолғыншы батырларының бірі болған Ақбикеш ару және тағы басқалар.
Олар өздерінің ақылдылығымен де, батырлығымен де ерлердің ерлік істеріне жол ашты. Қазір де сондай отағасыларының таңдаған небір мамандықтарының ауыртпалығын қоса арқалап жүрген арулар баршылық. Тіпті, ақылдылық пен парасаттылық жағынан келгенде қажетті жерінде асқан біліктілік пен тапқырлық көрсетіп, небір қылкөпірден аман өтуге жол тауып жатқан жарлар да бар. Бірақ мұндай жандарды жұрт олардың ерлері мамандықтарына сай астыртын қызметтің адамы болған соң қандай жауапты істі арқалап жүргенін білмейді. Себебі, барлаушының жары күйеуім барлаушы деп те айта алмайды. Әрі кеткенде дипломат немесе аудармашы дейді.
Арнайы барлау қызметімен аса таныс болғандықтан да әрі олар туралы қилы әңгімелер жазып жүруіме орай бірде кәнігі барлаушы досым қойын кітапша әкеп берді. Сыртында «Рания Гайсина әңгімелері» деп жазылыпты. «Ау, әйелің жазушылықпен айналыса бастапты ғой!», дедім таңданысымды жасырмай. «Жоқ, бұл негізінде әйелімнің күнделігі. Біз шетелде дипломатиялық қызметте жүргенде бастан кешкенін шартты түрдегі әңгіме ретінде түртіп отырған ғой. Бірақ мұндағы оқиғалардың бәрі ақиқат. Қазіргі барлаушы жан жарының өмірінен сыр тартқың келсе, кәдеге жаратуыңа болады. Қалғанын өзіміз айтып береміз», деді.
Иә расында, айлап, жылдап өзге елге іссапармен кетіп, небір құпия тапсырмаларды орындайтын қазіргі қазақ барлаушыларының жарлары өмірінде не сыр бар екен деген ойға қалдық. Күнделікте көп нәрсе айтылыпты. «Сақтықта – қорлық жоқ» деген, күнделіктен ешкім секем алмауы үшін астарлап жазылған екен. Оның бірқатарын ашуға тура келді. Рания уылжыған қыз кезінде барлаушының әйелі болам, сосын дипломатиялық жұмыстармен әлем елдерін аралаймын, сөйтіп, өзім де астыртын іске белсене араласып кетемін деп еш ойламаған шығар дейміз. Алайда, бұл өмірде не болмайды дейсіз, оны небір сынға салар сәттер алдында күтіп тұр еді.
Ол кезде Рания шет тілдері институтын бітірген, мамандығы – ағылшын тілінің оқытушысы еді. Оқу орнын озат аяқтап, аса қабілеттілік пен біліктілік танытқан соң оны сол институтта студенттерге сабақ беруге қалдырған болатын. Бұған ол қуанбаса, еш ренжіген жоқ. Рания бала кезінен аңсаған кәсібіне құлшына кірісті. Ол кезде жалпы Қазақстан бойынша ағылшын тілін жетік білетін әрі аудармашылықты мүлтіксіз игерген жастар саусақпен санарлықтай еді. Солардың ішінде шет тілін шетелдіктердің өздерінен аса игеріп, әрі оны басқа тілге сөзбе сөз аудара алатын жандар тіптен сирек болатын. Институтты енді тәмамдаған Ранияны да оқу орнының басшылығы осындай жоғары қабілет-қарымына байланысты кейінгі студенттерге сапалы білім беру үшін алып қалған. Алайда, Ранияның қабілеті мен білімі тек институтқа ғана емес, іс-шараларын ағылшын тілінде өткізе бастаған басқа да мемлекеттік салаларға аса қажет бола түсті. Оны аудармашы ретінде түрлі халықаралық конференциялар мен кездесулерге жиі шақыратын.
Бірде Сыртқы істер министрлігінде өткен сондай жиынның бірінде өзгелерге мүлде ұқсамайтын, маңдайы кең, ақшыл жүзді, екі көзінен мейірім шуағы төгіліп тұрған жас жігітті кездестірді. Өзінің айтуы бойынша, осы министрлікте қызмет істейтін дипломат екен. Сөйтсе, ол мұны көптен бері білетін секілді. Өзінің назары аууын күтіп жүргендей, екеуінің үйге қайту бағыттары бір екенін, мұның үйінен өзінің де үйі алыс емес екендігін, сондықтан шығарып салуға қисыны келіп тұрғанын жылы жымиыспен жеткізді.
Сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі келген сұлу мүсінді Ранияға ол кезде көз салған жігіттер көп болатын. Қолаң шашы тілерсегіне төгілген айдай арудың артынан сабылып, аяғының астына гүл төккен небір жігіттерге көз қиығын да салмай жүретін. Бірақ мына Рақым оған ерекше әсер етті. Жақын таныстықтың да соңы неге апарып соғарын білмеді. Өйткені, бір күні оған құрбылары Рақымның ағылшын тілін үйренгісі келетінін жеткізді. Расында солай еді. Рақымға басшылық шұғыл өткен жабық кеңесте шет тілін жедел игеруді тапсырған. Бұрын ол шығыс тілдерін меңгергендіктен соны ғана місе тұтып жүрген. Енді біраз уақыттан соң ағылшын тілді мемлекетке іссапарға баратын болғандықтан бұл тілді қалайда талапқа сай үйренуі тиіс болды. Ағылшын тілін тез арада жетік біледі деген деңгейге жетуі керек. «Іздегенге – сұраған» дегендей, мығым байланыс орнатуға нақты сылтау табыла кетті.
Ал көркі ақылына сай қыз болса өзіне қыр-сыры белгісіз жігіттің махаббаты жанартаудай атқылағанын, бір күні сонысымен аяқ-қолын матап тастарын сезбестен оған ағылшын тілінен дәріс беруге келісті. Ақыры, оның соңы екеуінің неке сарайына қол ұстасып баруымен аяқталды. Ол күн 23 ақпан болатын. Содан не керек, алғашқы уақытта ескі дәстүрмен қос мейрам қоса аталып өтетін болды. Алайда, осы неке қию сарайында Рания Сыртқы істер министрлігінің қызметкері деп келген Рақымның бұл үшін мүлде түсініксіз мамандықтың иесі – барлаушыға тұрмысқа шыққанын бір-ақ білді.
Алғашқыда барлаушы күйеуінің тосын да, түсініксіз қылықтары мен амалдарына түсінбей қарайтын Рания келе-келе бұған да бой үйрете бастады. Бәрінен бұрын Рания Рақымның қызмет бабымен шетелге алғаш іссапарға шығарында мүлде бір, әсіресе әйел заты, яғни күйеуінің жары үшін төзгісіз жайтқа тап болды. Осы іссапарға шығар алдында Рақым оған: «Енді сен де алғашқы дайындықтан өтіп, түрлі нұсқау алуың керек. Сондықтан біздің басшылық ертең сені қабылдайды», деген болатын. Сол айтқандай, ол ертеңгісін белгіленген уақытта еш сыр алдыра қоймайтын адамдар алдына барды. Бәрін айтып жатыр, үйретіп жатыр. Әрине аса сақтық, мұқияттылық, сабырлылық, шыдамдылық, мәдениеттілік, түсіністік, сыйластық аса қажет. Бірақ: «Егер күйеуіңіз көшеде бейтаныс бір әйел затымен қолтықтасып келе жатқанын немесе мейрамханада, кафеде ауқаттанып отырғанын көрсеңіз, оған назар аудармақ түгіл, мүлде оны танымайтын адам болып жүре беруіңіз қажет», деген сөз селк еткізді. Мұндайды күтпеген жас келіншек шалыс естідім бе, жоқ па дегендей, аңтарыла қарап қалды. Көпті көріп, шашын ақ шалған полковник: «Солай, қарағым, шалыс естіген жоқсыз», деп сөзін нығарлай түсті.
Тас қабырғада да «құлақ» болатындығын әсте ұмытпаған жөн. Ал қызметтегі телефон тіптен тыңдалуы әбден мүмкін. Сондықтан жұмыс аяғына таман, барлаушы кешке үйге телефон соғып, мен шығып бара жатырмын, кешкі асты дайындай бер, дейді. Бірақ бұл сөзді керісінше түсіну қажет екенін оның әйелі ғана біледі. Яғни, ол кешігеді, агенттерімен кездеседі немесе басқа да бір жедел құпия шараға барады, сондықтан мүмкін өте кеш келуі ықтимал. Кейде кешке үйге таныс «таза дипломаттардың» бірі хабарласып, мұның күйеуінің үйде жоқ екеніне таңғалып, оның жұмыстан баяғыда шығып кеткеніне, бірақ үйге әлі неге келмегенін сұрайды. Ал барлаушының зайыбы не десін, оның қолынан тек күту ғана келеді ғой. Бәрі де солай ойлайтын.
Алғашқыда өзін осылайша мылтықсыз майданда жүргендей сезінген жас келіншектің алдына қойылған маңызды міндеттің бірі – жергілікті халықтың тілін үйрену болды. Ол маған неге керек деп Рания бұған онша көңіл бөлмеді. Алайда, мұнысы ұшқары шешім болғанын өзі де кейін жақсы түсінді. Әрине, шетелге келген алғашқы күндері Рания күн ұзақ үйде отырды. Ешкімді танымайды, баратын жұмысы жоқ, азық-түлік дүкені иек астында. Күні бойы теледидар қараудан әбден жалықты. Қой, кемінде бес тілді білемін, адаспаспын. Көшеге шығып бой жазып қайтайын деп ойлайды. Содан үйден алыстау жердегі базардан бір-ақ шығады. Пәтерде жалғыз өзі отырып, әбден іші пысып қалған екен, ұзақ жүрді. Алғашқыда аңғармаған ба, кенет соңынан бір адамның көлеңкедей қалмай жүргенін байқады. Расында, бұл қай жаққа бұрылса, анау да солай ереді. Содан секем алып, кері ізімен жүріп көрді. Жоқ, анау қалар емес. Рания оған жалт қарап қалғанда анау да басын басқа жаққа бұра қояды. «Бұған не керек? Бұл кім? Мұны аңдитындай не болып қалды? Мүмкін...».
Әп-сәтте сандаған сұмдық ойлар санасынан сырғып өтті. Сонда ғана айналасына жалтақтай көз салды. Дүние енді анық көріне бастағандай болды. Өзінің қайда жүргенін, ақ шашты полковниктің, күйеуінің айтқандарын есіне алып, кімнің әйелі екенін ойлағанда селк етті. Жергілікті тұрғындар мен өзінің киген киімі өзгеше екенін байқады. Сұлу мүсінін одан әрі жарқыратып көрсетіп тұрған көйлегі де тым әсем бе, қалай. Елден ерекшеленген бұған кім назар аудармасын енді! Ал мына артынан елі қалмай келе жатқан жуан еркектің не ойлағанын кім білсін? Өзінің түрі ауру адамға ұқсайтын секілді. Маньяктар осындай болады дейтін. Сонан жан-жағына жаутаңдай қарап, сауда орнының айшығы бар форма киген адамды осы орталықтың қауіпсіздік қызметкері шығар деп қасына жетіп барды. Оған жалма-жан жағдайды баяндай бастады. Ана тілінен өзге тағы төрт тілді жетік білетіні не пайда, анау біріне түсінбеді. Аяғында қазақша да айтып көрді. Бірақ анау екі иығын көтергеннен басқа, түсінікті жауап қайтармайды. Ғажап, бұлар тек жергілікті тілде ғана сөйлейді екен. Ал жергілікті тілді үйрен дегенге мән бермегеніне Рания осы жолы бір опынды. Дегенмен, күзетшілерге: «Менің соңымнан маньяк еріп жүр» деген сөзі әсер еткендей болды. Сөйтсе аналар еңгезердей еркекті көрсетіп үрейлі айтылған «маньяк» деген сөзден жағдайды аңғарған секілді. Сөйткенше ана «маньяк» та жағдайдың ушығып бара жатқанын сезіп, қарасын батырып үлгерген. Ал аяғында артынан келіп жеткен күзетшілердің басшысы аз-кем ағылшынша сөздік қорымен сөйлесіп, Ранияның қасына күзетші қосып, үйіне шығарып салды.
Әрине, Рақым жарына барлаушылық өнердің қыр-сырын толық айта бермейтіні анық. Әсіресе, өзінің агенттері туралы тіс жармайтыны белгілі. Оның шетелдегі әр күні, әр сағаты негізгі тапсырманы орындауға ғана арналуы тиіс. Тіпті, ол жексенбі күндері жарын ертіп қаланың небір түкпірін аралауға шыққанда да бұл қыдырысты өз мақсатына пайдаланатын. «Демалыс күндері қаланы аралаймыз. Қолымызда міндетті түрде фотоаппарат. Күйеуім мені «әне жерге тұра қал, мына жерге тұра қал» деп түсіре береді. Ол кезде қазіргідей сандық фотоаппарат емес, пленкалы. Сол 36 кадрдың 36-сында да мен ғана. Сөйтсе, мені түсіремін деп өзіне қажетті жерлерді кадрға ала береді екен. Тексерілуге қажетті бұрылыстар, ақпарат жасыратын көмбелердің орны, кездесуге ыңғайлы немесе қауіпсіз, елеусіз тұстар....», – дейді Рания. Ал Рақым ол елде тек сол мемлекеттің адамдарымен ғана емес, сол елге өзге сырт мемлекеттерден ақпарат жеткізуші жансыздармен де кездесетіні және бар. Сондықтан бұл мемлекет Рақым үшін халықаралық жансыздардың байланыс алаңына айналған еді.
Содан Рания анадағы базардағы жағдайдан кейін жергілікті тілді әбден үйреніп алды. Оның пайдасы өзіне тиді. Жергілікті тұрғындармен, әсіресе әйелдермен шүйіркелескенде небір соңғы жаңалықтар мен жеті қат жер астындағы жағдайларды еститін. Мұның бәрін ол әйел затына ғана тән әдіппен жіпке тізіп, соңғы жаңалықтардай етіп күйеуіне жеткізеді. Күйеуі әйелінің сөзі далада қалмасын дей ме, әйтеуір жақсылап тыңдайды. Бірте-бірте Рақым Ранияға сенім артып, аңду амалдарын сеніп тапсыруға болатындығына көз жеткізді. Әсіресе, Рақым үшін ана жасырын жансыз агентімен кездесу өте күрделі іс болатын. Бұл – барлаушы қызметінің негізгі қайнар көзі. Қайнар көзі бітелсе, барлаушы басты ақпараттарынан да қағылады. Демек, агентімен кездесуде әйелінің көмегі ауадай қажет екендігін жақсы түсінді. Өткенде әйелін суретке түсіріп жүргенде 15-ші кадрдағы қалтарыс агентімен кездесуге ең ыңғайлы тұс екендігін байқаған. Енді сол тұсты өз жансызына қалайда білдіруі тиіс болды.
Арада біраз уақыт өткен соң белгіленген кезде агенті сол тұста өзін күтіп отырғанын барлаушы білді. «Әйелдер байқағыш келеді ғой. Қаланың қуыс-қуыс көшелерін жақсы естерінде сақтайды, әсіресе егер ол көшеде бір жақсы дүкен немесе базар болатын болса. Кейде машинамен бір жерге бару керек болып, әйеліңмен шығасың. Сонда ол жол көрсететін кездері болады. «Әй, бұл адам адасып кететін бұралаң жолды қайдан білесің?» – десең, «Өткенде дипломаттардың келіншектерімен дүкен аралауға таксимен барғанбыз, сонда таксист осы жолмен алып келген» дейді. Байқасам, ізіңнен ерген көлік бар ма, жоқ па, тексерілуге өте ыңғайлы маршрут екен, дереу қойын дәптерге жаза қойғам», дейді Рақым. Ол осы тұсты жасырын мақсатына аса сақтықпен пайдаланды. Бірақ қаншама ыңғайлы дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. «Агентпен кезекті кездесуге шығар алдында жақсылап тексеріліп алу қажет. Болмаса өзіңнің жасырын көмекшіңді артыңнан аңдыған тыңшының қолына тура тапсырасың. Сені тұтқындаса, дипломатиялық паспортың бар, мүмкін еліне қайтарады. Ал агентіңді ұстаса, ол сол елдің азаматы, оны заңның бар қаталдығымен жауапқа тартады. Кейбір мемлекеттерде сатқындығы үшін өлім жазасы кесіледі. Сондықтан, барлаушы, ең алдымен, жасырын көмекшілерінің қауіпсіздігіне көңіл аударуы керек. Ал тексерілудің неше түрлері бар, соның бірін орысша «контрнаблюдение» дейді, яғни сенің ізіңмен біреудің ілесіп келе жатқанын басқа бір адам көрінбейтін жерде отырып бақылайды. Әйелімізге «тура осындай сағатта кафенің терезесінен қарап отырасың, мен өткеннен кейін менің артымнан ерген кісілерге көңіл аударасың» – деп тапсырып қоямыз. Болмаса, нақты бір уақытта белгіленген жерде баланы ойнатып жүреді де, сол уақытта байқаған жағдайларын кейін айтып береді. Соның бәрін сараптап, аңдушы бар ма, жоқ па, шешім қабылдайсың», дейді.
Кеңес заманында жұмыс істемейтін қызметі жоқ адам күйсіз адам болып табылатын. Оны жасыруға болмайды. Өтірік айтсаң, ол да бір күні әйгіленіп қалуы ғажап емес. Ал таныстарың көбейген сайын сенің барлаушы екенің де ашылып қалу қаупі өседі. Көп таныстың ішінен біреу болмаса біреуі сені біліп қоюы әбден мүмкін ғой, болмаса күдіктеніп қалуы да ғажап емес. Сондықтан, кейде көппен таныстық орната беру де қауіпті. Бірақ онсыз болмайды. Байланыссыз барлаушы қандай барлаушы болады. Яғни тәуекелге барасың. Қазақ айтпай ма, «Тәуекел түбі жел қайық, жүзесің де өтесің». Сол кезде тағы да әйелдің көмегі қажет. Егер де отбасымен араласып тұрсаң күдік аз болады. Себебі, ол кезде шетелдегі дипломаттардың бәрінің арнаулы қызметпен байланысы бар деген түсінік қалыптасқан еді. «Соның арқасында Рания арқылы тиімді байланыстарға шыққан кездер де болды. Әйелдер аулада, дүкенде, базарда басқа әйелдермен тез таныса кетеді ғой. Содан күйеуі немесе әйелдің өзі сол елдің қандай да бір мекемесінде қызметте болып шығады. Ал ол мекемеге «ену» біздің барлаушының алдында тұрған тапсырмалардың басты тармақтарының бірі. Ранияға осы байланысты жалғастыру туралы «тапсырма» беріледі. Бірақ бұл жерде де абайлау керек, оны Раушан да сезеді. Егер таныстықты тереңдетем деп шыли пысық болып кетсең, ол сезік тудыруы мүмкін. Сондықтан, қатынастың бәрі шетелдіктердің өздерінің бастамасы сияқты болып көрінуі керек.
Одан бері де талай уақыт өтті. Қазақстандағы күнделікті жұмыстар. Рания ағылшын тілін білгендіктен бірнеше шетелдік компанияларда жұмыс істеді. «Әбден қиналасың. Күйеуің қайда жұмыс істейді деген сұраққа кейде қалай жауап береріңді білмей қаласың. Шетелдіктерге басқаша, басқа таныстарға басқаша айтуға тура келеді. Негізгісі шатаспау керек, кімге не айтқаныңды. Кейде айқалағың келеді: «Менің жолдасым сыртқы барлау полковнигі» деп. Көп нәрсені бұғып қаласың. Айтуға болмайды. Өтірікші сияқты көрінесің кейде... Қанша жыл өтсе де тіпті жақын дос қыздарымның өзі, «әй, осы сенің байың қайда жұмыс істейді?» деп сұрап қояды.
Осы соңғы шетелдік іссапарға Рақым жалғыз өзі кетті. Отбасын алмағаны – бара жатқан аймақта жағдай тыныш емес, тіпті соғыс оты тұтанайын деп жатқан еді, әрі ұзақ мерзімге сапар шекті. Сол кезде Рания жолдасына күнде хат жазады. Не істеп, не қойғандарын тәптіштеп жазатын. Хатты жолдамаса да күнде жазып қоятын. Хатының аяғына «С.С.С.Р.» деп қол қояды. Онысы «Сәлеммен сені сүйетін Рания» дегені. Оған жауап жазған хатында Рақым да «СССР» деп қол қояды.
От ошағы тұтанғалы жатқан алыстағы жат елде жүрген барлаушы мен оның елдегі жан жарының сағына жазысқан хаттары олардың бір-біріне деген нағыз ыстық сезімдеріне толы. Әрине, олар хаттарында артық-ауыс дүниені ашық жаза алмайтыны белгілі. Бірақ өздерінің іштегі сағыныштарын, бір-бірінің жан қиналыстарын түсінгендерін түрлі формада жеткізгендері сүйсінтпей қоймайды. Бірі – мемлекет қамымен, бірі – сол мемлекетшіл адамның абыройын асқақтата түсу үшін жүргенде өмірдің қиыншылықтарына еш мойымау қажет екендігін анық дәлелдеп береді. «Құдай сенің деніңді сау қылсын, еңбегіңді жандырсын деп тілеймін. Сондықтан мен не болса да көтеруге бейілмін». «Қымбатты менің Рақымым! Сенің бір емес, екі хатыңды қабат алып, алай-дүлей бір сезімдер биледі дейсің мені». «Сен жігітсің, көп онша сағынып, сарғая берме!». «Табиғат анамыздан саған менің сырымды жеткізсін деп тілеймін. Сені бір Жаратқан сақтасын!». «Көңілің жабырқаған кездерде болашақта еңбегіңнің бағаланар кезін ойлап, қалыбына түс. Мұқалма! Көптен-көп сұрайтыным, ешкіммен ұрыспа, өзіңе-өзің қуат беріп, жалғыздық жаныңды қинаса да мойыма, нұры мол шуақты күндер алда тосып тұрғанын ойла. Ал мен кейде тасып-тасып шалқып кетем, Рақымым бар ғой деп, маңайымдағы жандардың адам екенін ұмытып кетем. Әрине, менікі ақымақтық». «Мақтану тек маған ғана лайық. Абырой-атақ саған лайық. Мен сенен керемет нәрселер күтем. Өз жұмысым жүріп жатыр, менен қорықпа». «Аман-есен ораламын. Сен тек күте біл!». «Хатыңды алып қуанып қалдым. Кейбір жерінде қабырғам қайысып, жаным ашып, көңілім қобалжыды. Қайтеміз? Көнеміз де. Алда үміт зор. Үлкен қуаныштар тосып тұр ғой. Соған дейін көнеміз де». «Данышпандар бақытты болмайды дейді, далбаса. Миллиардтаған адамдар кеп, кетіп жатады, солардың әрқайсысы иненің жасауындай болса да мына жұмыр жерге пайдасын тигізіп кетсе соның өзі бақыттылық емес пе?! Жақсылық жасауға тоймай кетудің өзі бақыттылық». «Шыдамды бол. Сәтсіздік, сәттілік уақыттар бар. Сәтсіздікке мойыма. Сәттілікке асып-таспа».
Қазір ешкім хат жазыспайтын болды. Заманауи технологиялар келіп, хат жазу үрдісі тоқтап қалды. Болмаса, хат – махаббат лебі, сағыныш хабаршысы емес пе. Ранияның хаттары жырақта жүрген біздің барлаушыға керемет күш бергені анық. Ол да мүмкіндігінше жауап жазып тұрды. «Хаттардың барлығы сақтаулы. Сол сарғайған хаттарды кейде қайталап оқимыз», – деп екеуі де сол сағынышты күндерді еске алады.
Бақытты отбасы болудың «3С» формуласы бар дейді психолог мамандар. Бірінші «С» – сүю. Ол отбасының негізі, онсыз үй болу, бақытты болу мүмкін емес. Сүйіспеншілік жүректің тереңінен шығады, жүректе сезіледі. Екінші «С» – саналылық. Отбасында тек махаббаттың болуы жеткілікті емес, күнделікті өмірде сезімнен гөрі жарыңның өскен ортасы, алған тәлімі, өмірге деген көзқарасы, жан дүниесінің байлығы басым түседі. Ал үшінші «С» – сабыр. Сабырлық үй болып кетуде өте үлкен рөл атқарады. Өзімшілдіктің өршіп тұрған заманында ажырасулар сабырсыздық пен төзімсіздіктің кесірінен жаппай етек алуда. Яғни, сабыр – қиындықтарға төзе білу, жолын тауып жеңіспен шыға білу. Рания айтады: «Мен осыған төртінші «С» қосар едім, ол – сенім», деп. Егер жұбайлар бір-біріне сенбесе, не болса соған қызғанышпен қарап, жұбайының әр басқан қадамын бақылап отырса онда жақсы отбасы болмайды. Сенім бар жерде ғана отбасы сақталады. «Түсіністік және шыдамдылық. Оның қызметінің ерекшелігін түсіну қажет, түрлі проблемалар, әрдайым жұмыстан кешігу, шаршап қайту, ал кейде көңіл күйі болмай ашуланып келуі де мүмкін. Міне, осындай жағдайларда өз эмоцияңды ұстай білу керек, өзіңнің «мен» деген ойыңды сәл баса тұруың қажет», дейді Рания.
Алайда, бір мәрте Рания өздері тұрып жатқан пәтерін тазалау барысында бөтен әйелдің іш киімін тапқаны бар. Әлгі іш киім кәдімгі асығыс түрде жасырылына салынған. Әлбетте, бөтен әйелдің мұндай іш киімі бір істі айғақтайтыны сөзсіз. Бірақ бұл да күйеуі тірнектеп жинап жүрген құпия мәліметтердің бір дерегі болуы мүмкін бе? Осындай сәттерде өзін сабырлыққа шақыра алатын Рания бөтен әйелдердің іш киімдері бұлардың пәтерінде қалай, не үшін пайда болатын сырын да анықтап білді. «Біз тұратын көп пәтерлі үй қаланың тәуір деген ықшам аудандарының бірінде орналасқан. Оны өз алдына жеке бір мемлекет дерсіз. Үйдің арнаулы күзеті бар, бұрыш-бұрышта бейне камералар орнатылған. Тұрғындардың қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілген. Ал үй басқарушы болса, тұрғындардың бәрін таниды, біледі. Демек, мұнда келген бөтен адам бірден көзге түседі деген сөз. Бірақ бәрібір, осындай тас қамал пәтерге біреулер еніп, бір нәрселерді іздеп, тексеріп кетеді. Сөйтсе осының бәрі жергілікті арнайы қызметтің тірлігі көрінеді. Ал оның қаншалықты рас, өтірігін күйеуімнен өзге ешкім біле алмауы мүмкін», дейді ағынан жарылған Рания.
Шынымен де әйел интуициясы зор ғой, аңдушы болса бірден байқайды. Бірде мынадай жағдай болды. Рақым құпия ақпараты бар қажетті шетелдікпен бір емес, бірнеше дипломатиялық кездесулерде байланыс орната алмайды. Шетелдік бір нәрсені білетіндей, қазақстандық дипломаттардан қашқақтап, тек нақты бір жекелеген тұлғалармен ғана сөйлесіп жүрді. Ал мұндай кездесулерде Рания әрдайым Рақымның қасында болатын. Содан әлгі шетелдікті бірде Рания өнер туындыларын сататын дүкеннен көрді. Рания да өнерден құр алақан емес. Содан дүкен сатушымен ағылшын тілінде сөйлесе бастайды, бірақ сатушы оның бір сөзін түсінсе, екіншісін түсінбеді. Содан амал жоқ, дүкенші жаңағы шетелдікті көмекке шақырды. Сөйтіп, өнер тақырыбында екеуара ортақ әңгімелер табылып, таныстық орнайды. Одан кейін де сол дүкенде Рания тағы да «ойламаған жерден» әлгі шетелдік азаматпен кездесіп жүрді. Ал келесі дипломатиялық қабылдауда Ранияны көрген шетелдік өзі келіп амандасты. Міне, іздегенге – сұраған дегендей, тап сол арада Рания Рақымды таныстыра қойды. Салы суға кеткен шетелдік мұңаймады. Бірақ кейін сол шетелдік Рақымның пайдалы байланыс көзінің біріне айналды.
Барлаушы болғысы келетіндерге қандай талаптар қойылады? Ең бірінші тексерілетіні – жас азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, яғни патриоттық сезімі қажет. Қанша жерден білімді болсын, әлемнің барлық тілдерін біліп тұрсын, бәрібір онда патриотизм болмаса, ол барлаушы болатын адам емес. Оны анықтау, әрине, өте қиын, кейде қателесіп те кету де мүмкін. Бірақ тексерудің әртүрлі деңгейлері бар, сүзгіден өткізіледі. Одан кейін барып, оның физикалық және психологиялық денсаулығы тексеріледі. Әрине, ол жоғары білімді және кем дегенде екі шет тілін білуі керек. «Барлаушыға тән «бес асыл іс»: тәртіп, сабыр, зейін, төзім және сенім. «Өмірдің мәні – бақытты болуда, – дейді барлаушы. – Бақыт – ол отбасың, балаларың, әрине. Бірақ бақытты болудың ең жоғарғы мәні – жан-тәніңмен туған халқыңа қызмет ету», – деп әңгімесін аяқтаған сақа барлаушы Ранияның қолтығынан қыса ұстап, жаңа қосылған ғашықтардай қадымдай жөнелді.
Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан». Астана. Сурет: luobou.com, assalam.ru, imgur.com, polezniy.com.