ҚАРАҒАНДЫ. 14 наурыз. Теміртау қаласында спорттық гимнастикамен айналысуға арналған мамандандырылған зал салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Теміртау қаласында 15 жылдан бері арнайы зал болмағандықтан, гимнастика үйірмесі жұмыс істемей келген. Енді жаңадан ашылған бұл залда Теміртау мен Қарағандының жаттықтырушылары жас гимнастарды жаттықтыратын болады.
Гимнастика залының ашылу салтанатына Теміртау қалалық спорт бөлімінің басшылары, облыстық спорттық гимнастика федерациясының өкілдері және де конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Екатерина Аидова қатысты. Шара барысында спорттық гимнастикамен айналысып жүрген жас жеткіншектер еркін жаттығу мен гимнаситкалық снарядтарда өз өнерлерін көрсетті.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, сурет: облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.