• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2016

Сайлау: отандық және халықаралық байқаушылар хақында

420 рет
көрсетілді

Сайлау транспарентті әрі ашық болған жағдайда, әділ жә­не шынайы өтеді. Сайлау­дың транс­паренттілігі мен ашықтығын әділ және бейтарап байқау көрсетеді, мұны партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, кандидаттарды, шет мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды көрсететін адамдар жүзеге асырады. Бүгінде біз отандық байқау­шыларға назар аударғанымыз жөн. Сайлау – біздің мемлекетіміздің ішкі ісі және біз өз еліміздегі тәртіпті өзіміз қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонымен бірге, соңғы парламенттік сайлау науқаны процесіне қатысқан отандық байқаушылар саны еліміз бойынша барлығы 9 мыңнан астам сайлау учаскесі дерлік қамтылғанын көрнекі түрде айғақтайды. Соңғы он жылда олардың саны 25 мың байқаушыдан 40 мың байқаушыға дейін өсті. Бұл – орташа есеппен әр сайлау учаскесіне шамамен 3 байқаушыдан келетіні. Осы кезеңде халықаралық байқаушылардың саны әрбір сайлау науқаны шеңберінде 900-1000 адам шегінде теңселуде. Енді бір халықаралық байқаушылар екі адамнан құралған топтың құрамында жұмыс істеуге әдеттенсе, басқалары – сайлау учаскелеріне қысқа уақытқа келу форматында 1 адамнан жұмыс істейді, бұл кезде барлық отандық байқаушылар әр сайлау учаскесінде таң сәріден бас­тап, күні бойы дауыс беру қорытындыларын шығарғанға дейін болады. Дауыстарды санау кезінде халықаралық байқаушылар шамамен 700 сайлау учаскесінде болады, бұл еліміз бойынша барлық 9 840 сайлау учаскесінің жалпы санының шамамен 7 пайызын құрайды. Осылайша, 2007 жылғы Мәжіліске және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауда 28 мың 320-дан астам отандық байқаушы байқауды жүзеге асырды, олардың ішінде 13 мың 952 байқаушы – 7 саяси партиядан, 5 мың 44 байқаушы – өзге қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардан, 8 мың 837 сенім білдірілген адам мен бұқаралық ақпарат құралдарының 488 өкілі болды. Алдыңғы парламенттік сайлауда және 2012 жылғы мәслихаттарға сайлауда отандық байқаушылар ретінде 42 мың 802 адам мониторингті жүзеге асырды. Қазіргі уақытта ағымдағы 2016 жылғы сайлауда отандық байқаушылардың саны пысықталуда. Біз олардың саны осы жолы да сондай болады деген ойдамыз, өйткені біз Парламент Мәжілісіндегі 98 депутаттық мандат үшін өзара бәсекеге түсетін 6 cаяси партия, мәслихаттардағы 3 335 депутаттық орынға ие болу үшін сайлау алдындағы күресті жүргізіп отырған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына тіркелген 10 238 кандидат, өз байқаулары арқылы олардың партиясына, кандидатына қатысты дауыстарды дұрыс санамауға жол бермейтін сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың болуына мүдделі екеніне сүйене отырып пайымдаймыз. Еліміз бойынша 10 мыңдаған байқаушысы бар Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (басшысы – Н. Ерімбетов), «Заңгерлер әділ сайлау үшін» (Ө.Қопабаев), «Қазақстан заңгерлері одағы» (Р. Мұқашев) сияқты қоғамдық ұйымдардың қызметі ағымдағы сайлау процесінде қосымша ашықтық пен бейтараптылықты арттыра түсуде. Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден байқаушылардың келуінің мәні – халықаралық байқаушылардың қатысуы көбіне сайлаудың жариялылығы мен ашықтығының кепілі болып табылатындығында. Еліміздің барлық 16 өңірінде 4 апта бойы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД Миссиясынан ұзақ мерзімді халықаралық байқаушылардың болуы сайлауды ұйымдастырушылардың, кандидаттар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың жауапкершілігін арттырады. Әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты ақша-қаржы сипатындағы қиындыққа қарамастан, 2007 жылғы және 2012 жылғы сайлау аясында халықаралық байқаушылардың орташаланған саны 2016 жылғы парламенттік сайлауда да ұстамды болмақ. 2016 жылғы 14 наурыздағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-дан 286 байқаушыны, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 75, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан – 14, ТМД Миссиясынан 301 байқаушыны, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан – 9, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынан – 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан – 8, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінен – 17, шет мемлекеттерден 103 байқаушыны аккредиттеді. Бұдан басқа, Сыртқы істер министрлігі 29 мемлекеттен 140 шетелдік БАҚ өкілін аккредиттеді. Осылайша, ағымдағы сайлауды мониторингілеуге Америка, Еуропа және Азия құрлықтарының 58 елінен келген, барлығы 956 аккредиттелген халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қатысады. Отандық (жергілікті) және халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1 және 20-2-баптарында бекітілген. Тұтастай алғанда, бірқатар жағдайларда олардың құқықтары мен міндеттері сәйкес келеді. Жергілікті байқаушылар «дауыс беруге, оның ішінде үй-жайдан тыс дауыс беруге қатысқан сайлаушылар саны туралы ақпарат алуға» құқылы: «сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат ала алатын» халықаралық байқаушылардың балама әрі біршама кеңейтілген құқығы бар. Халықаралық байқаушының «өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар ету, ұсынымдар енгізу» құқығы отандық байқаушының «сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аудару, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыру» кеңейтілген құқығына сәйкес келеді. Отандық байқаушылардың Сайлау туралы Конституциялық заңның 20-1-бабының 2-тармағында жазылған бірқатар құқықтары бар: «сайлау комиссиясының отырысына қатысу», «учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысу», «тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүру, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болу», «дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасау» құқығы бар. Отандық байқаушының нақтыланған бірінші 4 өкілеттігі оның «сайлау процесінің барлық сатысына қатысу» шоғырландырылған өкілеттігіне кіретін халықаралық байқаушыда да бар. Фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасау туралы соңғы өкілеттік халықаралық байқаушыда да бар: бұл сайлаудың транспаренттілігі, ашықтығы қағидатынан келіп шығады, оның үстіне осындай іс-әрекетті жүзеге асыруға тыйым салу туралы норма жоқ. Жергілікті байқаушының құқықтарын нақтылау оның алдын ала олардың сайлау учаскесінде байқауды жүзеге асыру жолында мүмкін болатын кедергілерді алып тастайды. Тәжірибеде халықаралық байқаушылар әдетте фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасамайды, ал жергілікті байқаушыларға бұл осы жазбаларды сайлау туралы заңды бұзу туралы актілер мен шағымдарға қосу үшін қажет, оларды жоғары тұрған сайлау комиссиялары мен сотқа жіберуі мүмкін. Халықаралық байқаушы шағымдану өкілеттігіне ие емес, себебі, заңсыз іс-әрекеттерді шағымдау егеменді мемлекеттің ішкі ісі болып табылады. Жергілікті және халықаралық байқаушылардың бірқатар міндеттері ұқсас. Біріншілері де, кейінгілері де «жеке басын куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге», «сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға», «сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға», «сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға», «алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге», «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға» міндетті. Отандық және халықаралық байқаушылардың міндеттеріндегі айырмашылық мынадай. Себебі, халықаралық байқаушыны Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы аккредиттейді, сайлау учаскесінде, сайлау комиссияларының өзге де үй-жайларында ол өзінің аккредиттеу куәлігі мен жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге міндетті. Саяси партиялардан, өзге де қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан өкілдер ретіндегі отандық байқаушылар, сенім білдірілген адамдар аккредиттелмейді, сондықтан, әрине, кейде бұл жағдай болатын, олардан аккредиттелу куәлігін көрсетуді талап етуге болмайтынын назарда ұстау қажет. Қазақстандық саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушыларының өкілеттіктері «оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген» жазба құжатымен куәландырылады, ол «байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады»: осылайша жергілікті байқаушы сайлау комиссиясының басшылығына аталған хат пен жеке куәлігін (жеке басын куәландыратын өзге құжатты) көрсетеді. Осы екі құжаттың негізінде оны есепке алу журналына тіркейді. Жергілікті байқаушыны жоғары тұрған сайлау комиссиясының тіркеуі туралы талап артық болып табылады. Жергілікті байқаушы қазақстандық заңнаманың тиісті нормаларын бұзған жағдайда, «тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы» (Сайлау туралы Заңның 20-1-бабының 4-тармағы). Халықаралық байқаушы Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Ортсайлаукомына ондай байқаушыны кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізе алады (20-2-бабының 9-тармағы). Жалпы алғанда, қазақстандық заңнама сайлауды байқаушылардың мәртебесі, құқығы мен міндеттері бойынша барша Батыс елдері заңнамасының осыған ұқсас нормаларынан айтарлықтай басым, көлемі жағынан шағын 1990 жылғы 29 маусымдағы ЕҚЫК (ЕҚЫҰ) Адами өлшем жөніндегі конференциясының Копенгаген кеңесі құжатының байқаушылардың құқықтық жағдайы туралы 8-параграфынан анағұрлым мазмұнды. Байқаушылар туралы қазақстандық заңның сарапталған нормаларының ережелерін іске асыруға халықаралық қоғамдастықтың наразылығы жоқ. Біз отандық және халықаралық байқаушылардың бірлескен жұмысы мен өзара тиімді іс-қимылы барлық сайлау рәсімін барынша әділ, транспарентті әрі ашық етуге мүмкіндік береді, ол біздің еліміздегі сайлау процесінің беделін арттырады деп санаймыз. Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.