• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Әзірлік барысымен таныстырды

331 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығында Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері журналистерге сайлауға дайындық барысы туралы брифинг өткізді. Астана қалалық аумақтық сайлау комис­сия­сының төрағасы Игі­лік Жал­быровтың айтуынша, Ас­тана қаласы бойынша мәслихат депутаттығына бар­лығы 121 кандидат тіркелген. Олардың 33-ін саяси партиялар, 6-ын қоғамдық бірлестіктер ұсынған, ал 82 кандидат өзін өзі ұсынған. «Қалалық сайлау комиссиясы партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың және мәслихат депутаттығына кан­ди­даттардың үгіт жұмысын жүр­гізуге құқығын қамтамасыз ету жө­нін­де шаралар қолдануда, – деді И.Жал­быров. – Қалалық сайлау комис­с­иясымен келісім бойынша қала әкімінің шешімі­мен саяси партиялардың үгіт баспа материалдарын орналастыру үшін 31 орын және мәслихат депутаттығына кандидаттардың үгіттік баспа материалдары үшін 54 орын айқындалып жаб­дықталды. Сондай-ақ, саяси партиялар мен кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізу үшін шарттық негізде ұсынылатын 13 үй-жайдың тізімі бекітілді». Аумақтық сайлау комис­сия­сының басшысы атап өт­кен­дей, сайлау комиссиялары үгіт материалдарының заң­на­маға сәйкес орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады. Сайлау алдындағы үгітті жүр­гізуде сенім білдірілген адамдар ерек­ше рөлге ие. Саяси пар­тия­­лар мен мәслихаттар депу­тат­ты­ғына кандидаттар се­нім біл­ді­ріл­ген адамдарды өз қа­лауы бойынша тиісті округте бір сайлау учаскесіне 3 адамнан асырмай анықтайды. Ал Ас­­та­на қаласы аумақтық сайлау ко­мис­сиясының хатшысы В.Пытьева: «Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы бес саяси партияның – «Нұр Отан» партиясының, ҚКХП-ның, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Бірлік» СП-ның және «Ауыл» ХДПП-ның, барлығы 731 сенім білдірілген адамын, ал округтік сайлау ко­мис­сиялары мәслихаттар депу­татты­ғына кандидаттардың 836 сенім білдірілген өкілін тіркеді», – деді. Брифингте сайлау алдындағы үгіт үшін қаржыландырудың екі түрі қарастырылғаны да атап өтіл­ді. «Республикалық бюд­жет­тен Ас­тана қаласы мәсли­хатының депу­таттығына әр кан­дидатқа теле­дидарда және радиода сайлауал­ды бағдар­ламасымен шығу­ға, баспа басылымдарында 2 ма­қала жариялауға, сондай-ақ, үгіт­тік баспа материалдарын басып шығаруға, сайлаушылар­мен кез­десулер үшін үй-жайларды жал­ға алуға, көліктік шығыстарға тең мөлшерде 245 мың теңге көле­­мін­де қаражат бөлінеді, – деді осы жөнінде И.Жалбыров. – Со­ны­мен қатар, саяси партиялар мен мәслихат депутаттығына канди­дат­тардың арнайы сайлау қор­ларын құруға құқығы бар. Сайлау қорлары қаражатының шегі сайлау туралы заңмен анықталған». Аумақтық сайлау комиссия­сы өкіл­дерінің хабардар етуін­ше, мәслихат депутат­тығына кан­­­ди­дат сайлау қоры­ның қара­жа­тына жеке өзі иелік етеді. Бұл рет­те округ­тік сайлау комиссиялары банктер­мен бірлесіп сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын ба­қы­лауды жүзеге асырады және екі аптада бір рет сайлау қорларына қаражаттың түсуі және жұмсалуы туралы хабарды БАҚ-та жариялайды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».