республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Алматы бөлімшесінде жас журналистердің «Қаламгер Азамат» қоғамдық қоры елімізде сайлау қарсаңында жариялаған «Сенің дауысың – сенің болашағың!» атты постерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Конкурсты ұйымдастырушылар байқауға Астана, Алматы, Павлодар, Жамбыл және Атырау аймағының 18 бен 25 жас аралығындағы тұрғындарының көптеп қатысқанын, жалпы үміткерлер саны 300-ден асып кеткенін жеткізді. Олардың айтуынша, елімізде мемлекеттің болашағы үшін үн қосатын жастардың белсенділігі артқан.
EL.KZ әлеуметтік желісінде ашылған Sailau2016.el.kz интернет-алаңшасы арқылы бұл байқауға қатысқан үміткерлердің арасынан суырылып бас бәйгені астаналық Айдос Анаев жеңіп алды. Бірінші орын Ақтау қаласының тұрғыны Мұрат Наурызбайға бұйырса, ал жүлделі екінші орынды алматылық Сағидолла Ақтанов пен тараздық Нұрсейіт Қарабаев өзара бөлісті. Үшінші орынды Алматы қаласының жас тұрғыны Рауль Чукобаев алды. Павлодарлық Қасен Үмітжан мен Анастасия Дейна «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.
Осы бәйге жарияланған сәттен бастап интернет қолданушылар байқауға келіп түскен туындыларға дауыс беріп, жеңімпазды өздері іріктеген болатын. Туындысы озып шыққан жеңімпаздарды Қазақстан эстрадасының өнерпаздары мен белгілі БАҚ өкілдерінен және шығармашыл жастардан құралған қазылар тобы анықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Жуырда Алматы метросының бекеттерінде аталған байқауға келіп түскен постерлердің ашық көрмесі ұйымдастырылады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР.