• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2016

Өнегелі орда өрісі

414 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы кәсіптік білім беретін мекемелерге айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Сол себептен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында арнайы басымдық беріп, біліктілігі әлемдік талаптарға сай келетін мамандар даярлауды жүктеді. Бұл талаптың үдесінен шығуға Қазақстанның көптеген колледждері дайын. Соның бірі «Қазтұтынуодағының» Сауда-экономикалық колледжі десек қателеспейміз. Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығымен қатар, іргетасының қаланғанына 60 жыл толғанын кең көлемде мерекелегелі отырған оқу ордасы алдағы күнге жаңа жоспар, тың жобалар жасап, ел алдындағы міндеттерін мүлтіксіз орындау мақсатына жұмылдыруда. Аталған білім ошағы елор­дадағы беделі бекем, мәртебесі мәйекті оқу ордасы. Біріншіден, колледждің осы күнге дейінгі 20 мыңнан астам түлегінің басым көпшілігі еліміздің әр өңірімен қатар, Алматы мен Астана қала­ларындағы тұтқалы мекемелерде білікті мамандар санатында қызмет етіп жүр. Екіншіден, Дүниежүзілік банктің арнайы жобасына қатысқан 300-ден астам колледждің арасында талапты да талантты мамандарының арқасында 380 мың АҚШ долларын құрайтын грантты жеңіп алды. Бұл қаражат толығымен колледж игілігіне жаратылып, оқу ошағына 79 моноблок, 25 компьютер, 25 ноутбук, 28 планшет, 13 проектор, 13 интерактивті тақта, тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл жүлде колледж оқытушылары мен оқушы жастарына соны серпін беріп, жаңашылдық бағыттағы оқуға деген ынтасын арттырғандығын орайы келгенде айтсақ та артық болмас. «Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сай, колледж ұжымы жаңа­шылдыққа ден қойып, оқу үдерісінде инновациялық технологияларды көбірек пайдалануды басты міндетіне алған. Соның бір дәлелі – 2009 жылдан бас­тап тәжірибеге енгізіле бастаған оқытудың модульдік технологиясы. «Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі әлеуметтік серіктестігі» халық­аралық Еуроодақ жобасы бойынша қолға алынған бұл жобаға тәжірибе ретінде алдымен «Есептеу техникасы және бағдарламамен қам­тамасыз ету» мамандығы таң­далып алынды. Енді осы жүйе бойынша оқығандар үш мамандық алып шығады. Оның біріншісі – екінші курстан кейін ЭЕМ операторы, үшінші курс­тан кейін – терімші, үшіншісі – техник-бағ­дарламашы. Бұл де­геніңіз, екінші курстан кейін-ақ жас маман ЭЕМ операторы болып жұмыс істей алады деген сөз. Модульдік оқытудың дәстүрлі білім беру жүйе­сінен артықшылығы сол, мұнда ең­бек нарығында қандай мамандыққа сұраныс көп екен­дігі қатаң ескеріледі. Кезекті мо­дульдік оқудан өткеннен кейін бірнеше мамандықты игеруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеген жұмыс беруші болашақ маманға өз талабын қоя алады. Студент өз кезегінде теориядан гөрі практикаға көбірек жүгініп, таңдаған мамандығына бейімделе бас­тайды. «Есеп және аудит», «Қаржы», «Маркетинг», «Құ­қық­тану», «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйе­лер», «Туризм», «Бағалау» сынды мамандықтарды иге­ріп шыққан жастарымызға кез келген жерден жұмыс табуға мүмкіндік бар деп ойлаймын», – деді бұл жөнінде оқу орнының директоры, экономика ғы­лым­дарының кандидаты Мырзабек Күжімов. Аталмыш тақырып төңірегінде осынау білім мекемесінің бірқатар қызметкерлері мен студенттеріне кездесіп әңгіме-дүкен құрдық. Мәлім болғаны, біліктілік санаты жоғары 45 ұстаз дәріс жүргізеді екен. Олар өз елімізбен қатар, шетелдерде де біліктіліктерін шыңдап отырады. Дарынды шәкірттері де түрлі байқауларға қатысып, шетел асып оқуын жалғастырып жатқандары бар екен. Десе де, директор біліммен қатар, тәрбие мәселесіне де ерекше көңіл бө­летіндерін баса айтты. Ондағы түпкі мақсат – дені сау, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, рухани ойлау дәрежесі биік, елін, жерін сүйетін патриот тұлға ретінде адамгершілік қасиеті мен эстетикалық талғамы жоғары, саламатты өмір салтын таң­даған, іскер азамат тәрбиелеу. Осындай жоғары кәсіби деңгейдегі еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабі­летті мамандарды даярлау аталған колледждің негізгі бағытының бірі. «Біз балаларды бір ауысымда оқытамыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мамандарымыздың басым көпшілігі әйел адамдар. Олардың отбасы, бала-шағасы бар. Әйел адамның осы тұрғыдағы жағдайы мәлім. Екіншіден, сту­денттеріміздің келесі күнгі дә­ріске тиянақты дайындалып ке­­луіне жеткілікті уақыты болады. Үшіншіден, оларға арнап құрылған үш бірдей зертханада теориялық білімі мен тәжірибесін ұштастырып еңбек етуіне де қолайлы жағдай туады. Төртіншіден, заң бойынша білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс», деп сабақтады сөзін Мырзабек Төребекұлы. Оқу үдерісін ақпараттық технологияларды байланыстыра жүр­гізу жаңа педагогикалық зерттеулерді, инновациялық ізденістерді, жаңа тәлім-тәсілдерді енгізуді талап етеді. Мәселен, 2013 жылы қараша айында Дүниежүзілік банк ұйымдастырған «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасын жеңіп алу арқылы колледждің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Қайта жабдықталудың арқа­сында, студенттердің шеберхана­дан алатын тәжірибелік дағды­ларының аймағы кеңейтілді, заман талабына сай тәжірибелік жұмыстарға бейімділігі және студенттердің оқуға деген қы­зы­ғушылығы арта түсті. Дәл осы жо­ба аясында өткен оқу жылында колледжде «Компьютерлік графика» оқу орталығы ашылды. Аталып өткен оқу-зертханалық шеберхана мен компьютерлік графика оқу орталығының жұмысын жандандыру және студенттердің оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, кәсіби біліктіліктерін дамыту, бос уақыттарын тиімді өт­кізу мақсатында «Техник» және «Дизайн» атты үйірмелер ашылған. Жоба бойынша сатылып алынған құралдар арқылы шеберлік шыңдаған колледж студенттері қалалық әртүрлі са­йыс­­­тарға қатысып жүр. Қазтұтыну одағының Сауда-экономикалық колледжі «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығының 8 студенті Білім басқармасы ұйым­дастырған Астана қаласы колледж студенттерінің арасында қалалық мультимедиялық байқауға қатыс­ты. Бұл аламан сайыста да колледж сту­денттері өте жақсы нәтиже көр­сетті. Қысқасы, мұндай жағымды жаңалықтар жетерлік. Білім мен біліктілікті, тәртіп пен тәжірибені ұш­тастырған оқу ордасының жеткен жеңісі мен жемісі осындай.  Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. Астана.