Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының 25 жылдығына арналған жастардың «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» атты республикалық антиядролық онлайн форумы өтті.
Маңызды шараға ақын, көрнекті қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов, суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Төлеутай Сүлейменов және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Жалпы, онлайн форумға Қазақстанның 17 жоғары оқу орнынан 10 мыңға таяу студент жастар тартылды. Бір ғана ҚарМТУ-дің өзінен шараға 1700-ден астам адам атсалысты.
Форум жұмысының басында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың және Энергетика министрі Владимир Школьниктің арнайы жолдаған құттықтау хаттары оқылды. Ал алқалы жиын ядролық қауіпсіздікті арттыру бойынша Қазақстан саясатын жүзеге асырудың тетіктері мен құралдарын әрі қарай дамыту бойынша тәжірибе алмасу және келешекті болжау мақсатын алға қойды.
Антиядролық онлайн форумында сөз сөйлеген ғалымдар Қазақстандағы ядролық қауіпсіздік саласындағы ағымдағы жағдай, жаппай қырып-жою қаруларын таратпаудың халықаралық режімін нығайту бойынша Қазақстан қызметінің нәтижелілігін бағалап, ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау, қарусыздану саласындағы Қазақстанның жаһандық жетекшілігін, еліміздің имиджін халықаралық аренаға көтеру мәселелері бойынша пікір алмасып, көкейкесті тақырыпты талқыға салды.
Жиын соңында форумға қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына және Қазақстан жастарына үндеу хаттар жариялады. Хаттарда «Ядролық сынақтарға тыйым салу мәселесі жаһандық қауіпсіздіктің аса маңызды проблемаларының ішінде өзекті орын алатыны күмәнсіз. Біз осы үдеріске алғашқы және барынша ірі үлесті Қазақстан Республикасы, оның Тұңғыш Президенті қосқаны үшін айрықша мақтаныш сезіміне бөленеміз! 1991 жылы Сіз өз Жарлығыңызбен әлемдегі аса ірі ядролық сынақ полигонын біржола жаптыңыз және ақырында қуаты жөнінен әлемдегі 4-ші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркіңізбен бас тарттыңыз. Қазақстан осы сәттен бастап, Сіз өте дәл атап көрсеткендей, «Бейбітшілік эпицентріне» айналды» деген сөздер бар.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.