Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Н.Әбіқаев Президентке Комитет қызметінің 2010 жылғы негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жұмысының басым бағыттары туралы баяндады. Кездесу барысында сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы органдарды реформалау аясында мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы әңгіме болды. ҰҚК төрағасы Мемлекет басшысына ведомствоның Қарсы барлау қызметінің жаңа тұжырымдамасының жобасымен жұмыс туралы ақпарат берді.
Кездесудің қорытындысы бойынша Президент азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін одан әрі нығайту, халықаралық лаңкестік пен экстремизм қауіп-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбековті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
М.Әлімбеков Мемлекет басшысына Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің жағдайы туралы баяндады.
– Мен Президентке сот жүйесінің 2010 жылғы жұмысының қорытындылары туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы соттарының бесінші съезінде берген тапсырмасын орындау жөніндегі шаралар туралы баяндадым, – деді М.Әлімбеков.