• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2011

Тұлғаның оралуы

517 рет
көрсетілді

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың біртуар азаматының құрметіне арналған «Қайраткер Смағұл Сәдуақасов және Қа­зақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өтті. Өткен жылы Алаштың ардақты азаматы Сма­ғұл Сәдуақасовтың туғанына –110, ал қайтыс болғанына 77 жыл толуына орай түрлі деңгейде іс-шаралар өткені жұртшылыққа аян. Соған байланысты мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан шараларды тілге тиек еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жө­нін­дегі проректоры, филология ғылымдарының док­торы Дихан Қамзабекұлы өз сөзін сол жұмыс­тардың жалғасы нақты қандай шаралармен сабақтасып жатқанын баяндаудан бастады. Со­ның күллі исі қазақтың жанын мұздай қаритыны – Алаш азаматының өртенген сүйегінің күлі қаншама жыл Мәскеудегі «Дон зираты» қоры­мында арнайы ыдысқа салынған күйінде қойы­лып келгені болатын. Өмір бойы қазағының мұңын жоқтап, жоғын жырлап өткен Алаштың ардақты перзентіне туған халқы мұнан былайғы кезекте лайықты құрмет көрсетіп, атамекенінен құнарлы топырақ бұйыртып, тағзым еткісі келетінін, бұл үшін қазірдің өзінде Сабыр Қасымов бастаған бір топ зиялы қауым нақты іске кірісіп жатқанын, ал Мәскеу мэриясы қабірді туған ота­нына қайтаруға былтыр желтоқсанның аяғында шешім қабылдағанын хабарлап, осынау тұлға­ның рухы ата-баба дәстүрімен елордаға әкелініп жатса, мұны өзі тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ елі тарихындағы айтулы бір оқиға ретінде қалатынын жеткізген. Академик Ғарифолла Есім кеше мен бүгін­нің, өткен ұрпақ пен қазіргі буынның өзара са­бақтастығы тұрғысынан ой өрбітті. Одан бүгінгі жас ұрпақ көп нәрсені үйренуі керек. Жалпы «тұлға» дегеніміз – ұрпақтарды жалғастыратын көпір. Оған құрметпен қарау ләзім, Алаш кезе­ңінен дос, жау іздеу бүгінгі күннің әурешілігі болмақ дей келіп, мұның әлі де талай тамырға нәр бола беретін кешенді тақырып екенін атап өтті. Жазушы Алдан Смайыл Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың кон­фе­ренцияға қатысушыларға жолдаған хатын оқып берсе, Солтүстік Қазақстан облысы әкі­мі­нің орынбасары Фархад Қуанғанов облыс әкімі Серік Біләловтің жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол туған жері – Ақжар ауданы, Талшық ауы­лын­дағы тұлғаны ұлықтау жұмыстарына тоқталып, құрмет пен ізет көрсету үлгілері облыс орта­лығында жалғасын таба беретінін айтты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев оны «саясатта ағып өткен бір жарық жұлдыз» деп атады. Ғалым қайраткердің саяси кескін-келбетіне кеңірек тоқталып, кей адам­дардың «бізде ұлттық идеология жоқ» деп айтып жүргеніне қарсы дәйекті алға тосты. Ұлттық идеология дегеніміз бар, ол міне, осы Смағұл Сәдуақасовтың азаттықты аңсап, армандап өткен кешегі сәулелі іздері деп тұжырды. Филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы С.Сәдуақасовтың соңында қалған әдеби мұрала­рын бүгінгі күн үнімен түйіндеді. Біліммен сусындауына сол кездері қол ұшын берген дәу­летті адамдардың адамгершілігі жайында бұ­рын-соңды жұрт көп қаныға қоймаған қызықты деректерді алға тартып, осы көпшіліктің көмегі мен қолдауы зая кетпегені, бұл кейін сол жұрт­тың өзіне С.Сәдуақасовтың адал қызмет етуімен қайтарылғаны бүгінгі ұрпаққа өнеге екені, оның өрімдей шағында жазған әңгіме, романдарынан үлкен бір өмір мектебінен өткен адамның үні сезілетіні сөз болды. Белгілі ғалым Талас Омарбеков Алаш ардақтысына біржақты ғана баға беріп қою қате деді. Ол алғашқы уақытта кеңес идео­логиясына сенді. Мағжанның Ленинді аударға­ны, Жүсіпбектің «Интернационалды» тәржіма­ла­ғаны секілді Смағұл да сондай кезден өтіп барып, ұлттық мүдде жолында күресті. Оның жазған әдеби сындары өткірлігімен ерекшеленсе: «Тәу­елсіз қазақ әдебиетіне дәл қазір осындай сын­шыл­дық рухы жетпей жатыр-ау деген ойға қала­сыз», деді. Жазушы Тұрсын Жұртбай тергеу мәлі­меттері негізіндегі құнды деректермен қа­нық­тырса, ғалым Данагүл Махат қайраткерді саяси айыптау тұрғысынан сөз етті. Жарыссөзге шығып сөз сөйлеген белгілі қаламгерлер Алдан Смайыл, Жарасбай Сүлейменов, Сауытбек Абдрахманов, Бүркіт Аяған, Бейбіт Қойшыбаев, Се­рік Негимов, т.б. Алаш ардақтысын әр қыры­нан зерделеп, ел Тәуелсіздігінің тойы аясында тарихи әділетті­лік­тің қалпына келіп жатқанына қолдау білдірді. Сонымен, Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі салынған қорап Мәскеудегі «Дон зиратында» жатыр. Қала мэриясы оны Қазақстанға алып кетуге келісімін беріп отыр. Басқосуда Алаш ардагерінің күлін туған жерге жеткізу керектігі жөнінде бірауызды тоқтам жасалды деуге де болады. Бар мәселе – қашан, қайда, қалай қою? Бір пікір айтады: қала ортасында, «Жастар» шағын ауданында орналасқан мұсылман зира­ты­на жерлеген жөн деп. Бір пікір айтады: қала сыртында «Қабанбай батыр бейіті жақтан ұлт­тық пантеон ашып, С.Сәдуақасов сүйегінің кү­лін сонда қою керек» деп. Осы екі пікірдің қара­луы, мәселенің шешілуі ұзаққа созылып кетсе не болмақ? «Жеті жарғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұр­ғараев бізге: «Осылай жүргенімізде Мәскеу­де­гі күл қорабынан да айырылып қалуымыз мүмкін, ондағылар өзге дін адамының күлі мұнда тұрмаған жөн дегенді де айтып жатқан көрінеді. Сондықтан ерте жарықта Смағұл Сәдуақасов мәйітінің күлін туған елге жеткізіп алған жөн. Қайда, қалай түпкілікті қоюды кеңінен ақылдаса отырып, шешерміз», деді. Осы ой көкейге қонады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Астана.