• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2011

Көк жүзінен бір жұлдыз көрінді анық

1007 рет
көрсетілді

Қазақ ежелден екі нәрсені айрықша қастерлеген. Бірі – туған жерге деген перзенттік махаббатың болса, екіншісі – жүректен тарайтын имандылық нұрың. Осы қос қасиет құстың қос қанаты секілді адамды заңғар көкте әуелете береді. Ғарышкер Талғат Мұсабаевтың әуе кемесімен кеңістікті көктей шарлап, ғарыш тылсымына терең бойлауында осындай сыр жатқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Қазақтың қара баласы ғарышқа қасиетті Құран кітапты, туған жердің бір уыс топырағын, көк байрақты ала ұшты деген хабар алты Алаштың баласының айбынын асырған тарихи оқиға ретінде жылнамаға енген. Басқа жұрттар дүр­лігіп, өтпелі кезеңнің өкпек желінен қым­танып жатқанда тәуелсіз Қазақ елінің аспанында айдай әлемге сәулесін ша­шып бір жұлдыз көкке самғап ұшып бара жатқан. Осы самғау байтақ ке­ңістікті шаттық күйіне бөлеп, адамзат өркениетінің бастауы – «Байқоңырға» бү­кіл ел көз тіккені күні кеше ғана еді. Ғарыш әлемінде бүгінде экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» кешені қолға алынып жатқанын айтсақ, қазақтың келешекте ғарышқа даңғыл жолы салынып жатқандай қуана күліп оянамыз. Келешекте Қазақстан өзінің спутнигін игеретін жеке ұшыру құралдары, жеке ға­рыштық бағдарламалары мен жобалары бар, өзін-өзі қаржыландыра алатын ға­рыштық державаға айналады деген үміт­пен көз ілеміз. Мұның бәрі ойы­мыздан құрастырылған бос әңгіме емес, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің жасап жатқан тың жобалары, оны басқарып отырған «Халық Қаһарманы», «Отан», «Ха­лық­тар достығы», Ресейдің ІІІ-дәрежелі «За заслуги перед Отечеством» ордендерінің иегері, Ресей Федерациясының Батыры Талғат Мұсабаевтың бастамашыл қадам­дары осы мақсаттарға Қазақстанның көп ұзамай қол жеткізеріне сендіреді. Үкімет Астанадан ғарыштық бағдарламаны жү­зеге асырудың алғашқы кешендеріне қыруар қаражат бөлгенін ескерсек, ға­рыш саласы еліміздің ең маңызды буыны болып отырғанын аңғарамыз. Зымыран жасау мен ғарыштық бағдарламалар бір-бірімен сабақтаса жүргізілетіндіктен, бұл екеуінің бірін қолға алып, ал екіншісін сәл ысыра тұруға әсте болмайды. Мә­селен, бұл ретте Франциямен екіжақ­ты келісім жасалып отыр. Екі ел де жасанды жер серіктерін әрі жасаумен шұғыл­данып, әрі ғарыштық кеңістікке шы­ғарушы кешенді қатар игермек. Түптің түбінде бұл екеуі өзара тұтаса, қабыса келіп, бір организмге айналады деген сөз. «Бәйтерек» бағдарламасы бойынша осы екі мәселе қатар қарастырылған. Әрине, ғарыш айлағы қазақ даласында орналасқанына қарамастан «Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтан кейін ғарышқа қазақтан неге тағы бір ғарыш­кер ұшпай жатыр?» деген сұрақ­тың жиі бой көрсетіп қалып жатуы әбден заңды. Ақпарат құралдарының «Ғарышқа ұшуға Мұхтар Аймаханов пен Айдын Әйім­бетов есімді екі қандасымыз дайындалып жатыр. Үміткердің екеуі де соңғы бес жыл бойы Ресейдің ғарышкерлерді даярлау орталығында оқу-жаттығу жұмыс­тарын жүргізіп келеді» деп таратқан хабарынан сол күңкілдің аяғы сәл саябырсығандай сезілген. Оған қоса бізде ғарыштық ұшу аппаратын басқара алатын құрлықтық сала мамандарының, ұшуға дайын ғарышкерлер тобының қалыптасқанын ескерсек, Қазақстан ға­рышы мен ғылымы тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы жиырма жыл бедерінде айтарлықтай табысқа қол жеткізгені сезіледі. Қазақтың ғарышқа ұшуы бір кездері аспандағы айға қол созумен бірдей қиялдағы арман саналып келсе, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдау көрсетуімен сол мұратқа қол жетіп, бүгінде саялы «Бәйтеректі» сағым қуған қазақтың сары даласына құт әке­летін ырыс ету идеясының тамыры жайылуда. Академик Серікбай Ай­са­ғалиев «Қарапайым мысал ретінде ға­рыштан жерді суретке түсіру арқылы оның қойнауында қандай байлық, қанша тереңдікте, қай маңда жатқанын білу қиын емес. Сондай-ақ күнделікті ауа ра­йын күні бұрын болжай алатын ғылыми әлеуетке ие боламыз. Ал ғарыш жағ­да­йындағы тіршілікті зерттеу түгіл ондағы металдар мен минералдардың қасиет­терінің өзгеру жағдайын анықтауға, түп­теп келгенде болашақтағы отандық экономиканың айтарлықтай көптарап­та­нуына жол ашады. Қазір бүкіл әлем үміт күтіп отырған «нанотехнология», «инновация» салалары ғарышты игерген Қазақстан үшін жемістірек болатынына күмән жоқ» деп адамзат келешегі ға­рышпен тығыз байланысты екенін жазса, ғалымдар пайымы келешектің кестелі жоталарына жетелейді. Бірақ бүгінгі әңгімені одан бөлектеу арнаға бұрсақ па дейміз. Байқоңыр айлағы, ғарыш ке­ңістігі, жер серіктері, ғылымның жетістіктері туралы сан мәрте айтылып та, жа­зылып та жатқан шығар, ал бірақ ғарышкердің келбеті жайында қолға қалам ұстаған адамның бәрі бірдей тебіреніп ой толғап кетуі неғайбыл. Байқоңыр сынды алып айлағы бола тұра қазақ ғарыш деген әлемнің алдында әлі сәбидей балаң ел болғандықтан, білмейтін жанға ғарышкер де бөтен әлемнен, басқа галактикадан келген адамдай жұмбақ көрінуі заңды. Ал­ғашқыда Талғат Амангелдіұлы туралы өзіміз де осылай әңгімені бірден өрбітіп әкетпей, арғы-бергі деректерге көз жү­гіртіп, ғаламтордағы ол жайында азды-көпті келтірілген мағлұматтарды шолып, көп жәйтке қанығуға тура келген. Осы­лардан ойға жиған-түйгеннің әсері басқа да, тоқсаныншы жылдардың орта шенінде оны алғаш рет Мәскеуде өткен қазақ­тардың Наурыз тойында кезіктіргендегі есте қалған әңгіменің жөні бөлек. Қа­зақстаннан барған өнер саңлақтарымен Талғат Амангелдіұлы емен-жарқын қауы­шып, туған жердің сағыныш сазымен қосыла тербелген. Атамекеннен алыста жүрген адамның ел, жер дегенде езіле жаздайтын жүрегіне қайран қалған қа­лыпта оралған біздер қалың орыстың ортасында тілін, дінін ұмытпаған қан­дастардың Отанға деген ыстық сәлемін жеткізгенбіз. Ол қазақтың ән мен жырына желпінген. Би мен күйіне серпілген. Адам­ды туған әуенінен, бесік жырынан ажыратар құдіреттің жоқтығын санаға сонда алғаш тоқыған шығармыз. Оның әнге ғашық жанын да ең алғаш танып-білген кезіміз сол шығар. Содан бері арада қаншама уақыт өтті. Мұнан кейін де шетелде жүрген талай қандаспен сырластық, сағыныш мұңына құлақ түрдік. Бірақ көкей-көліне алғаш қонған сырдың сың­ғырлаған үні құлақтың түбінде ұмы­тылмастай болып қалып қояр екен. Асылы, Отанды сүюді, ел үшін отқа күюді шал­ғайда жүрген қандас бауырлардың осындай ыстық сезімдері арқылы үлгі етсек, артық етпес деп ойлаймыз. Ал енді жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Ғарыш адамзат игілігіне – болашаққа көзқарас» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы жиында Талғат Аман­гелдіұлын екінші рет кездестіруіміз. Ға­рыш­кер алпыс атты арғымақ жасты ерттеп мінген шағының құрметіне айшылық алыс елдің мықтылары университет төрінде бас қосыпты. Мерейтойына жан-жақтан ағы­лып түскен хаттар легі толастар емес. Жүргізуші олардың қысқаша мазмұнын ғана баяндап беруде. «Құттықтаулар қазақ тілінде жазылыпты», деп бір-екі ауыз сөзбен орысша түйіндейді. Кенет ғарыш­кер­дің жанарынан сонау тоқсаныншы жылдарғы жарқ еткен отты қайта көрдім. Жүргізушіге «Неге қазақша оқымайсың?» де­генді мегзеді. Қайран, қазақ тілінің са­зына дүние ұйып қалардай ғой. Жапон, орыс, қытай, бурят... ауыздарын ашып, құлақтарын тікті. Сол сәт туған жерін сүйген адам туған тілін, ділін, салт-дәс­түрін қоса сүйерін санаға тағы тоқып, ғарышкердің жан-дүниесіндегі ең асыл қасиетті бірінші болып біз тапқандай мар­қайдық. Осы екі кезең арасы ерлік дас­танымен жалғасып жатыр. Алматы шетіндегі Қарғалы ауылында туған қазақтың қара баласының кісілік келбеті тек мұ­нымен тұйықталмайды. Ата-анасы Аман­гелді Мұсабаев пен Салиха Меңдібаева ұлдарына ырымдап атақты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімін қоюы бала тағ­ды­рына қаншалықты әсер еткенін оның осы жолдағы қажымас қайратынан тануға болар еді. Анасы Салиха Сталинградтан Берлинге дейін әскери дәрігер қызметін атқарса, әкесі халық жауының баласы деген атпен қиындықты мойымай жеңген ардақты әке атанған. Бұрын барлық бала өскенде ұшқыш болуды армандайтын. Кейін ғой сол бөбек армандардың өзгеріп кеткені. Бірақ бұл жолдың да аяқ бас­тырмас қиыршық тастары өте көп. Та­банға қадалған сол шөңгеге шын табандылық танытып, күрескендер ғана арманына адал болып қалмақ. Сансыз сол сәби тағ­дыр­лардың арасында оның маңдайына ғана бұйырған кәсіп бүгінде бүкіл қазақтың мақтанышына айналған бақ деуге әбден лайық. Мектепте оқи жүріп, жеңіл атлетикамен, суға жүзумен, футболмен, бокспен айналысады. Орталық балалар мен жас­өс­пірімдер мектебінде спорт­тық гимнастикамен шұғылданып, он сы­ныпта оқып жүр­ген бозбала шағында-ақ КСРО спорт шеберлігіне кандидаттың бағдар­ламасы бо­йынша өнер көрсете бас­тайды. Соның қаба­тында Алматы қала­сын­дағы жас техниктер стансасында ұшақ­тардың үлгілерін құрастырып, жинап жүрді және мектепті бітіру қарсаңында авиамоделизм жөніндегі бірінші спорттық разрядқа ие болды... Кейіннен 1974 жылы Ригадағы азаматтық авиация инженерлерін даяр­лайтын инсти­тутты тәмамдап шық­­қан соң, ДОСААФ-тың Алматы аэро­клубында ұшақ спорты­мен машықтанады, ал 1982 жылы қазақ жас­тарының ара­сынан тұңғыш рет жо­ғарғы пилотаж бойынша КСРО спорт шебері, 1983-84 жыл­дары командалық есептен КСРО чем­пионы болады деген деректерде оның 1986 жылы ғарышкерлер қата­рына жа­зылуға ұмтыла бастағаны жазыл­ған. Ақ­төбе жоғары ұшқыштар училищесін 1993 жылы бітіріп, Алматы облы­сын­дағы аза­маттық авиация әуе қатынас­та­ры­ның Боралдай авиаотря­дында инженер болып қызмет атқарғаны өмірде көп жәйт­тің бетін ашып берген. 1987 жылдан «АН-2» ұшағының 2-пилоты, командирі, 1989 жылы Ульяновск (қазіргі Тольятти қаласы) қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер жә­не инженерлік-техникалық кадрлар даярлау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының бірінші ұшу отрядында «ТУ-134» ұшағының 2-пилоты, деген қыз­мет­терден тұрады өмір соқпағы. 1990 жылы Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу да­йын­дығына кіріседі. 1991 жылы «Ға­рыш­кер-сынақшы» квалификациясы беріліп, 16-негізгі бағдарлама бойынша 1994 жылдың 1 маусымынан 4 қарашаға дейін «Союз ТМ» ғарыш кемесінде борт-ин­женер ретінде ғарышта болса, 2 рет ашық ғарыш кеңіс­тігіне шыққан. Ұшу кезінде қазақ­стан­дық ғылыми зерттеу­лердің 2-бағдар­ла­масын орындаған, 25-негізгі экспедиция бағдарламасы бо­йын­ша 1998 жылы 29 қаңтар мен 25 тамыз ара­лығында «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышқа қонып, ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шық­қаны, онда ғы­лыми-зерттеу мен эксперименттердің қазақстандық 3-­бағ­­дар­­ламасын орында­ғаны белгілі. Ал 2001 жылғы 28 сәуір мен 6 маусым ара­лығында «Союз ТМ-32» ғарыш кемесімен халықаралық ға­рыш­тық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі ретінде қазақстандық төрт бағдарламаны орын­­дап қайтуы үлкен жетістік саналса, адамзат тарихында ға­рышқа тұңғыш рет миллионер турис­тің, американдық ал­пыс жастағы Дэнис Ти­то­ның сапар шегуі дәл осы Талғат Мұ­са­баев бас­қарған экипажға дөп ке­луінің өзі тегін болмаса керек. Байқоңыр айла­ғы­нан көкке зулап бара жатқан ға­рыш кемесіндегі миллионер «Мен әлемдегі ең ба­қытты адам­мын» деп айқайлап та жіберген көрінеді. Астанада өткен конференцияның мақ­­саты – халықаралық кеңістікте ға­рыш са­ласы бойынша болашаққа арнал­ған бағыт-бағдарды анықтау десек, оған Жапония, Германия, Франция, Ресей, Қы­тай сияқты айтулы мемлекеттерден келген мамандардың қатысуы ға­рыш саласы жер шарындағы барша адамзат бала­сы­ның ортақ құндылығы екенін аңғарт­қан­дай. Конференция басталмас бұрын елі­міз­дің «Қазғарыш» агенттігі өз­дерінің «Бәй­терек» деп аталатын ғарыш кешен­дерінің жобасын көп­ші­лік­ке та­ныс­тыруы Қазақстан да бұл саладан ешкімнен кенде қалып қоймағанын, заманауи озық технология бойынша дамып-өркендеп келе жатқанын көр­сеткен. Көрмеден қонақ­тар көп нәрсені кө­кейге түйгендей. Астана қаласында пай­да­ла­нуға берілетін Ұлттық ғарыш орталы­ғының жобасы көп­шілікті қы­зық­тырмай қалмады. Алда­ғы уақытта онда арнайы ғарыш аппарат­тары құрас­ты­рылмақ. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубә­кіров: «Ең бастысы, біздің өзіміздің Ұлт­тық ғарыш агенттігіміз бар. Енді осы ғарыш ғаламатын уыстан шы­ғармай ұстап тұрар нағыз елжанды азаматтар қажет», деп қайырған ойын. Ұлттық ға­рыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұ­сабаев «Kazsat» жүйесі мен «Бәйтерек» ғарыш­тық-зымыран кешенін жасау бо­йынша ауқымды істер қолға алынып отыр­ғанын тілге тиек еткен. Биылдың өзінде алғашқы он дифферен­циал­ды стан­са іске қосылатынын, бұл жоба әуелі Ақмола облысында, артынша Астанада, кейінірек республиканың бар­лық аймағында жүзеге асыры­ла­тынын айт­қан. ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбді­райым ғарыш са­ласы бойынша өзара әріп­тестік бай­ланыс орнатқан шетелдік ғалым­дар­дың еңбегіне табыс тілей келіп, төрағаға университеттің Ғылыми кеңесі­нің шешімімен Құрметті профессор ата­ғын берген. Ресейден келген В.Иванов Т.Мұ­сабаевтың кеудесіне К.Циолковский медалін таққан. Қытай, Украина, Жапониядан келген қонақтар да «Халық Қаһар­ма­нына» сый-құрметін аяп қалған жоқ. Ю. Маленченко, Н.Бударин сынды әріптес достары жүр жанында. Қазақта «Кеме­де­гінің – жаны бір» деген сөз бар, Талғат Амангелдіұлының мерейтойына келген­дердің дені сондай бір кемеге мінген жолаушылар секілді көрінген. Адамның сыртқы бейнесіне қарап жасын беріп жатады жұрт. Алпыс белеске жеткен ғарышкерге қарап тіпті ондай жас­тағы адамға мүлде ұқсата қой­майсыз. Көктің құдіреті болса керек адамды қар­тайтпайтын. Өмірлік жары Виктория жүр жанында жарасып. Камила, Данияр есімді ұл мен қызы өмірден өз орын­дарын тапқан. Ор­таларында немерелері жүр шап­қылап. Өзге жұрт­тың қы­зын қазақтың салт-дәстүрі мен ибасына иілдіріп, сәлемін салдырған қа­зақ азама­тының от­басындағы бақыт шамы үй­ле­сімді үн­дес­тіктен жар­­қырап тұр­ғандай. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Суреттерде: әке мен бала; ұшқыш; ғарышкер.