Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы – Наурыз мейрамымен құттықтайды!
Биыл Қазақстанның барша халқы Наурыз мейрамын Тәуелсіздіктің торқалы 25 жылдық мерейтойы қарсаңында атап өтеді. Осы жылдар ішінде Наурыз мейрамы жалпыхалықтық мерекеге, халқымыздың достығы мен бірлігінің дәстүріне айналды.
Наурыз мейрамы бізді қайырымдылық пен мейірімділікке, ізгілік пен жанашырлыққа шақырады.
Барша қазақстандық этностардың сүйікті мерекесі – Наурыз мейрамы бейбітшілік пен келісімді, татулық пен ынтымақты бейнелейді.
Дана халқымыздың ұлттық рухының негізін қалайтын, ғасырлар бойы атадан балаға аманат ретінде берілетін бұл құндылықтар еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының бейбітшіл саясатымен үндескен.
Осының арқасында елімізде бейбітшілік пен өзара түсіністік қалыптасып, бірлік пен татулықты ту еткен, ырысы мен ынтымағы жарасқан халқымыз берекелі өмір сүріп жатыр.
Әз Наурыз баршамыздың ортақ Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілігіміздің, достық пен ізгіліктің жарқын көрінісі болсын!
Ардақты ағайын!
Бүгінгі қасиетті мерекеде әр қазақстандықтың шаңырағына ізгілік пен мейірім ұяласын, босағасынан бақыт пен құт-береке аттасын, дастарқаны ырыс пен молшылыққа толсын! Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, амандық және толағай табыстар тілейміз!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі