• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2016

Мәреге жетті

403 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірін аралап, ізгі мақсатта сапар шеккен «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы өзінің межелі жері – Алматы шаһарына атбасын тіреп, сапар бойы атқарған игі миссиясы туралы есеп берді. «Мәңгілік Ел» пойызын қала әкімдігі мен қалада орналасқан түрлі ұлт этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, өнер адамдары мен журналистер қауымы салтанатты түрде қарсы алды. Ел мен елді, жер мен жерді жақындастырған ізгілік сапаршылары ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін жоғары дәрежеде атап өтуге ұйытқы болған миссия атынан ЮНЕСКО тізімінде арнайы атап өті­летін Алматы қаласының 1000 жыл­дық мерейтойымен құттықтап өтті. 15 ақпан мен 18 наурыз аралығында теміржол торабымен 11 мың шақырым жолды жүріп өтіп, 33 күнде 33 елді мекен халқымен қауышқан, әр кездесуінде түрлі мәселелерді сараптап, ел-жұрттың өзекті проблемаларының оң шешім табуына өз үлестерін қосқан сапаршы топ бұл күнді де жоспарға сай маңызды кездесулер мен пайдалы пайымдауларға арнады. Алматыдағы Достық үйінде қала жұртшылығымен кездескен миссия өкілдері өздерінің атқарған жұмысынан есеп беріп, сапар барысында жинақтаған мәліметтерін ортаға салды. Бұл топтың соңғы жұмыс кестесін тиянақтау үшін Алматы қаласынан «Астана Опера» Мемлекеттік музей-театрының жетекшісі, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Априза Хусаинова, Қазақстан Президенті жанындағы Республикалық мемлекеттік «Қоғамдық келісім» бірлестігінің сарапшысы Әбдімомын Асилов, ҚХА мүшелері Людмила Хочиева менЛюбовь Ни секілді бірқатар азаматтар қосылды. Қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталығында «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының жұмыс тобы аталмыш мекеменің жұмыс істеу тәртібімен танысып, ел азаматтарын көбірек мазалайтын құқықтық, жекеменшік мәселелерге қатысты көптеген сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, қалалық №29 емханада да осы пойыздың атқарған миссиясына орай халыққа сапалы қызмет көрсету мақсатында «Ашық есік» күні жарияланып, білікті дәрігерлер қала тұрғындарына қызмет көрсетті. – Біз 33 күнде 33 елді мекенде аялдап, таңның атысы, күннің батысына қарамастан, тіпті, мереке күндері де халықты қабылдадық. Көптеген мәселелер қаралды, пысықталды. Еліміздің барлық министрлігі мен ведомстволарынан 300-ден аса сарапшы-маман осы пойызда бізбен бірге болып, халықты қабылдады. Елдің жай-күйімен етене танысты. Біраз мәселе оң шешімін тапты. Сапар барысында 55 мың адамды қабылдасақ, соның 13 мыңнан астамы медициналық сұрақпен хабарласқан екен. Бұл пойыз елдігіміздің елеулі мерекесін жоғары дәрежеде атап өтуден өзге, халықтың ізгі арман-мақсаттарының сөзсіз орындалатынына кепіл болғандай үлкен әсер етті, – деді «Мәңгілік Ел» пойыз штабы жұмысшы тобының жетекшісі Әміржан Әлпейісов. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының жұмысшы тобы Алматыда мектеп бітіруші өрендермен, техникалық және кәсіби білім беру мекемесінің оқушыларымен кездесіп, «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік жоба аясында қызықты кездесулер мен семинар-тренингтер өткізді. Миссияның соңғы жұмыс күні тілшілер қауымымен кездесу мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай өнер қайраткерлерінің ұйымдастырған мерекелік концертін тамашалаумен аяқталды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Мақсұт ЕРЖАНОВ.