• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2016

Астана «Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына қатысты

357 рет
көрсетілді

АСТАНА. 20 наурыз. Кеше Астана қаласы «Жер сағаты» халықаралық акциясына қатысты. Әлем бойынша миллиардтаған адам планетамыздың болашағына немқұрайлы қарамаудың белгісі ретінде өз үйлері мен пәтерлерінде жарық пен электр құралдарын бір сағатқа өшірді. Сонымен қатар, басты объектілер мен туристік көрікті жерлерде де жарық сөндірілді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты – astana.gov.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Астанада сағат 20:30-21:30 аралығында 300-ден астам ғимараттың сыртқы жарықтандырылуы тоқтатылды. Соның ішінде «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры сынды ғимараттар бар. Сонымен қатар, шараға «Қазақстан» спорт кешені, «Алау» мұз айдын сарайы, «Барыс Арена» сияқты спорттық нысандар да қосылды. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, елордалық цирк, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, «Жастар» сарайы, қуыршақ театры мен «Наз» би театры да акцияға қолдау көрсетті. «Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) барша әлемде жүздеген мемлекетті қамтыған және табиғатты сақтаудың, планетамыздың шектеулі ресурстарына қамқор болудың белгісі болып табылатын ауқымды акция. Айта кетейік, өткен жылы акцияға 172 мемлекет пен 2 миллиардтан астам адам қатысқан. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: astana.gov.kz.