АСТАНА. 19 наурыз. Бүгін Астанада мәнерлеп сырғанаудан Кеңес Одағының үш дүркін Олимпиада чемпионы Ирина Роднина жас спортшылармен кездесті.
Кездесу «Алау» мұз сарайында өтті. Онда қаланың жас мәнерлеп сырғанаушылары әлемнің он дүркін чемпионы келеді дегенде атақты спортшыны көруге асыға жетті. Осы күні Ирина Роднинаның уақыты тығыз болғанымен жастармен емін-еркін әңгімелесіп, сұрақтарына жауап берді. Содан кейін ол балалардың жаттықтырушылары мен өздеріне 1,5 сағат бойы шеберлік сабағын өткізді.
«Маған кездесу өте ұнады. Мұз сарайы да жақсы салынған екен. Ал балалардың өздері қандай әдемі, талапты. Мен олардың арасынан Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін. Ең бастысы балаларды жақсы дайындау керек. Мен Қазақстанға сайлаудың байқаушысы ретінде келдім. Қазақстанның болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Келесі жолы тағы келемін. Сол кезде спортшылармен және Спорт министрлігі басшылығымен кездесемін», деді ол.
Ирина Роднина 1972 жылы Алексей Улановпен, 1976, 1980 жылдары Александр Зайцевпен бірге екеуілеп мәнерлеп сырғанауда Олимпиада чемпионы атанған. Ресейдің Мемлекеттік думасының «Единая Россия» партиясының атынан сайланған V-VI шақырылымының депутаты. Қоғам қайраткері. «Единая Россия» партиясы бас кеңесінің мүшесі.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті.
[caption id="attachment_30370" align="aligncenter" width="560"] [/caption]