• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2016

Ыстамбұлда отандастарымыз дауыс беруде белсенділік танытты

347 рет
көрсетілді

АСТАНА. 20 наурыз. Түркиядағы сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің 70 пайызы дауыс берді. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Ыстамбұлдағы №205-ші сайлау бөімшесіне 575 азамат тіркелген. Олардың басым бөлігі жоғары оқу орнының студенттері. Сондай-ақ, Түркияда сапармен жүрген отандастарымыз бен консулдық қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері Ата Заңда белгіленген құқықтарын пайдаланып, өз дауыстарын берді. Түркиядағы қазақстандықтар үшін Анкара, Ыстамбұл мен Анталья қалаларында 3 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі таратқан мәліметке сәйкес, биылғы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына дауыс беруге 1 мың 313 отандасымыз тіркелген. Бұл күндері Ыстамбұлда сайлаушылардың жүріп-тұруы үшін арнайы автобус жұмылдырылды. Сондай-ақ Анкара мен Ыстамбұлдағы соңғы лаңкестік оқиғаларға байланысты сайлау бөлімшелерінде қауіпсіздік шаралары ерекше қадағалануда. «Сайлауға Ыстамбұлда екінші рет қатысып тұрмын. Қазақстанымыздың болашағы әділетті әрі тұрақтылығы үшін дауыс берудеміз. Себебі, бұл сайлау жастарға да өте маңызды. Келешегімізді өзіміз белгілеу үшін барлығымыз түгелдей қатысудамыз», – деді Түркиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының төрағасы Еркеғали Елтай. «Ыстамбұл қаласындағы №205 сайлау учаскесінде белсенділік өте жоғары деп айтуға болады. Қазіргі таңда тізімдегі сайлаушылардың 70%-ы келіп өз дауыстарын берді. Жалпы Бас консулдық тарапынан сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалынды», – дейді Ыстамбұл қаласындағы №205 сайлау учаскесі комиссиясының хатшысы Мақсат Өтенов. Аян Әбдуәли. Дерек, сурет: 24.kz.