• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Елбасы халықпен бірге дауыс берді

336 рет
көрсетілді

«Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы Еxit-poll технологиясы бойынша сайлау учаскелерінен шыққан сәтте сайлаушылар арасында республикалық сауал­дама жүргiздi. Еxit-poll-дың қорытындылары мынадай: «Нұр Отан» партиясы – 82%, «Қазақ­стан­ның Коммунистік халық партиясы» – 7,17%, «Ақ ­жол» партиясы – 7,22%, «Бірлік» партиясы – 0,35%, Жалпыұлттық социалистік-демо­кра­тиялық партия – 1,21%, «Ауыл» партиясы – 2,05%.

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісі және мәслихаттар

депутаттарының сайлауларында халықпен бірге дауыс берді.

Қазақстан Президенті елор­дадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Елбасы дауыс беріп болған соң, отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің алдында өз пікірін білдірді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы сайлауға қатысу арқылы миллиондаған қазақстандықтар сияқты өзінің конституциялық құқығы мен азаматтық борышын жүзеге асырғанын атап өтті. – Мәжіліс және жергілікті өкіл­ді билік органдарының бүгінгі сай­лауы – Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы өте маңызды кезең. Қазақстанда және әлем бойынша елдің 9 миллионнан астам азаматы 9900-дей сайлау учаскесінде дауыс береді. Кезектен тыс сайлау қазір өміріміздің барлық саласында жаңару жүріп жатқанын сезінген ел Парламентінің бастамасымен өткізіліп отыр. Біз дағдарыс үрдістерін еңсереміз, бұл үшін дайындығы бар және істі білетін жаңа депутаттар қажет, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев ел аза­мат­тарының сайлаудағы белсенділігін де өз сөзіне арқау етті. – Бүгін ертемен қазақ­стан­дық­тар отбасыларымен, балаларымен учаскелерге келіп, дауыс беруге белсене қатысуда. Бұл азамат­тарымыздың билікке, соның ішінде заң шығарушы билікке деген сенімін білдіреді. Біз бүгін еліміз­ге қажетті Парламентті сайлай­ты­нымызға сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті отандық және шетелдік БАҚ-тарға арналған брифингте бірқатар сауалдарға жауап берді. Мәселен, Мемлекет басшысы атқарушы органдардың өкілді билік алдындағы есептілігін жүзеге асыру тетіктері туралы айтты. – Заңнамаға сәйкес, Үкіметтің жұмысын, соның ішінде бюджет қаражатының шығыстарын бақылау үшін Парламенттің барлық өкілеттігі бар. Сондай-ақ, заң қабылданғаннан кейін Парламент сол нормалардың іске асырылуын қадағалауы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті саяси жүйенің ықтимал өзгерісі ел Конституциясымен тікелей байланысты болатынын айтты. – Негізгі заңды референдумда халық қабылдады, қажет жағдайда өзгерісті де халық қабылдайды. Әңгіме билікті Президент, Парламент және Үкімет арасында бөлуге байланысты болуы мүмкін. Бұл өзгерістер әлемдегі және елдегі ахуалға байланысты болады. Халық қаласа, біз мұны жақсылап ойланатын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы атқарушы билікте болуы мүмкін өзгеріс туралы да ойын білдірді. – Үкіметтің былтыр Пре­зи­дент сайлауынан кейін өзгер­генін еске салғым келеді. Оның қазір­гі құрамы дағдарысқа қарсы бағ­дар­ламаларды және бес институттық реформаны жүзеге асыру жө­нін­дегі заңдарды әзірледі, қазір сол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Үкіметтің құрамы сауатты іріктелген деп санаймын. Онда білімді, жас, шетел тілдерін меңгерген өз ісінің білгірлері жұмыс істейді. Бастаған жұмысын оларға соңына дейін жеткізуге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.