• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Өркендеудің өнегелі үлгісі

438 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс сессиясында осы қоғамдық институт мүшелері өз үміткерлері үшін дауыс береді Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс ХХІІІ сессиясы өтеді. Сессия жұмысына елдің барлық өңірінен, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатарынан құралған ҚХА мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымнан тұратын делегациялар, Қазақстанда тіркелген халықаралық байқаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдері қатысады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 91-1-бабына сәйкес Ассамблея мүшелері Ассамблея сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына ҚХА Кеңесі ұсынған кандидаттар үшін дауыс беруді жүзеге асырады.

«Түрім өзге, жаным, жүрегім қазақ»

– дейді Отан үшін отқа түсер азаматтарымыз,  тәуелсіз Қазақ елінің қатардағы жауынгерлері

Ұлы Дала елі бүгінде көп ұлтты мемлекет. Бұл – біздің маң­дайымызға жазған тағдыр сыйы. Айналадағы талай жұртқа көз салсақ, көп этносты елдің аз емесін байқауға болар. Бірақ, ортақ Отанның астына 130-дан астам ұлт өкілінің жиналып, тату-тәтті өмір сүруі ерекше құбылыс болса керек. Қазақстан, міне, ұлтаралық түсі­ністік пен дінаралық келісім салтанат құрған мерейлі мемлекет. Бұған, яғни қазақ ұлысына талай ұлттың өкілдерін ұйыстыру қасиетінің бұйыруы құдіретті Жаратушының қа­лауымен болған дүние деп қара­масқа тағы болмайды. Елбасы айт­қандай, «көпұлттылық біздің кем­ші­лігіміз емес, қайта алға озар ба­сым­дығымыз». Осылай, ұлы тұрпатты Тұран елін­де ықылым заманнан ұрпақтан ұрпағы кіндік қанын тамдырып, ата­жұрттың басында отырған мұрагерлерінің жанына алыс-жа­қын­нан ауған талай ұлыс келіп, пана тапты. Бауырласып, елдіктің ірге­сін бірге қалауға серттесті. Қазақ­стандықтар атанды. Бүгінде қастер­лі Қазақ елі – баршамыздың ортақ үйіміз. «Орыс, қазақ, түрік, баш­құрт, неміс» болып бөлінбей, тату­лықтың туын жоғары көтеріп, әлем­ге өнеге болып отырған жайы­мыз бар. Бұл, әрине, өзінен өзі бола қал­ған дүние емес. Ең әуелгісі, қазақ халқының бойына сіңіп, қан­мен атадан балаға беріліп келе жат­қан толеранттылық, кеңдік деген сияқты асыл қасиеттердің бойға жиналғандығы болса керек. Әрі, ел бастаған көсеміміздің ұлттар арасын жарастыра білген сұңғыла саясаты деп оған тәж етіп, қадірін түсіне білген абзал. Ендігі әскери азамат ретінде айтпағым, сол тағдыр табыстырып, тоғыстырған ұлыс өкілдері қазақ­тың ел иесімен бірге ең қастері – Отанын қорғауда жүр. Осы орай­да, Отан үшін ысқырған оққа кеу­де керіп, сұқтанған жау мылтығы дүмінің алдында жүріп ел қорғаушы – жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір өзге этнос азаматтарының елдік жайлы ойларын білгім келді. Әрине, адам алдымен Отан қорғауға сол елдің ұланы, сол халықтың бір алынбас бөлшегі, мүшесі екенін сезі­ніп барып қана жаппай көзсіз ер­лік жасауға, қолға қару алуға ба­ра­ды. Әйтпесе, көңіл қаламаған жер­де, ниеті түспеген елге қызмет ет­­пей­­ті­ні айтпаса да түсінікті емес пе?! Жақында осы мақсатпен Астана іргесіндегі Ұлттық ұлан­ның 5573 әскери бөліміне барып, жауынгерлік жолдағы өзге ұлт өкілдерімен жо­лық­тым. Алды­мен 3-батальон­ның 9-ро­тасының взвод командирі лейтенант Мұх­риддин Шукуровпен әңгі­меміз жарасты. М.Шукуровтың ұлты өзбек екен. 1994 жылы Шым­кент қаласында туған. «Менің аталарым тәжік еліндегі Қорғантөбе қаласының тумалары екен. 1972 жыл­ы Қазақстанға көшіп келіпті. Содан бері тамырлас Қазақ елінде қазан көтеріп, ошағымызды түте­тіп отырған жайы­мыз бар. Сол кезде атам жалғыз келіпті. Қазір бір қауым ел болып, өркен жай­дық. Тағдырымызға ризамыз. Мен Петро­павлдағы Әскери институтты тәмамдап, өмір жолымды әскер­мен байланыстырдым. Еліміз көп­ұлтты мемлекет болғандықтан, әскерімізде барлық ұлттың өкілі бар. Бірақ алауыздық, керітар­ту­шылық деген мүлдем жоқ. Ор­тақ Отанымызды жан аямай, қан аямай қорғауды ең асыл парыз деп түсінеміз. Өзім жауынгерлермен тәрбие сабақтарын жүргізген уақы­тымда қазақстандық патриотизмге барынша бойлауға ұмтыламын. Ал жақында алғаш аталып өткен Алғыс айту күнін мәні бөлек ерекше мереке деп білемін. Бұл – адамдық белгісі танылатын күн. Өйткені, жақсылық жасаған, жүдеп-жадап, қам көңілмен келген талай ұлысты паналатып, өркенін өсірген Қазақ еліне деген шынайы ілтипаттың күні. Ризашылық таныту – татулық пен бірліктің ұйытқысы», – деді жас сардар. М.Шукуровтың айтуы бойынша, оның отыз адамнан тұратын взводының өзінде он екі ұлт өкілі бар екен. Башқұрт, орыс, украин, белорус, ұйғыр, неміс, татар, тағысын тағылар. Солардың қатарында ұлты орыс павлодарлық Сергей Михайлов пен қарағандылық татар Наиль Жан­туликов мектепті жақсыға тәмам­дапты. Олар туған елдің тамыры терең тарихынан да жақсы хабардар болып шықты. «Қазақстан Кеңес өкіметінің, одан әргі патшалық Ресейдің солақай саясатын жүзеге асыратын орынға айналды. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарынан бас­тап Кеңес өкіметі көптеген ұлттар мен ұлыстарды түрлі себептермен ұлан-ғайыр қазақ жеріне жаппай көшірді. Мәселен, 1936 жылы Украина мен Польша шекарасынан бір ғана Қарағанды облысына мыңдаған неміс пен поляк жер аударылды. Ал 1937 жылы елімізге корейлерді әкеліп қоныстандырды. Жаппай жер аудару соғыс жылдары да тоқтаған жоқ. 1943-1944 жылдары Қырымда тұратын татарларды құтты мекенінен айырып, қазақ жеріне күштеп көшірді. Бір сөзбен айтқанда, «сатқын», «халық жау­лары» саналған көптеген ұлт өкілдері кең байтақ қазақ жерінен пана тапты. Менің атам Ришат та Қырымнан ауып осында келіпті. Қазір мәуелі бәйтеректей үлкен отбасына айналдық. Мен Қазақстанды жұмыр жердегі ең ыстық, ең қымбат мекенім, атамекенім деп санаймын. Татулық біздің туымыз, деп Елбасы айтқанындай әрқашан бірлікті, ұлтаралық татулықты елдік мақсат тұрғысынан ұстана білейік. Мен ата-бабаларымның атынан қазақ халқына шексіз ризашылығымды білдіремін», – деді жауынгер Н.Жантуликов. Ал С.Михайлов болса: «Менің бабаларым қазақ жеріне анау алыс­тағы Киевтен қоныс аударыпты. Сол аталарымның айтуын­ша, бір-екі түйіншегімен келген аталарымды қазақ ұлты далада қалдырған жоқ. Керісінше, ашаршылық, со­ғыс­тан азып-тозып отырса да, бір үзім нанын бөліп берді. Әрбір қазақ­тың отбасы осылайша жер аударыл­ғандарды қаңғыртып жібер­мей, жүрегінің кеңдігіне, көңілі­нің дарқандығына сыйғыза білді. Кейін көпшілігі қазақ жерін жерсі­ніп, халқымызға сіңісіп кетті. Менің әкем орыс, шешем украин бол­са да өзімді қазақ санаймын. Тек түрім өзге, жаным, жүрегім қазақ», – деді. Қорыта айтқанда, татулық, бір­лік – біздің туымыз. Қазақстан ұлт­аралық достықты құдірет тұта отырып, сан ұлттың құтты меке­ніне, әлем мойындаған татулық пен тыныштықтың ордасына айнал­ды. Лайым осы бағытымыздан, бағы­мыздан жаңылмайық. Арман ӘУБӘКІРОВ, майор. АСТАНА.