• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Ынтымақшыл ырысты ауыл

907 рет
көрсетілді

Таудан төменге қарай құлдилай аққан бір арық су тура біздің үйдің і­ргесінен өтетін. Наурыз, сәуір ай­ларында тау суы осы арықтан әжеп­тәуір ағып, мамырдың орта тұсында су тапшылығы сезіле бастайды. Отыз-қырықшақты үйден тұратын бұл ауылдың тұрғындары су болса үй іргесін көгертіп отырғанды қалайды. Сол себепті, ауыл ішіне арық-арық су келгенін, бау-бақшалық жерлері мейірі қанғанша су ішкенін тілейді. Әйтсе де, үлкенмін деп белден басу, кеуделімін деп кеудемсоқтық жасау бұл ауылдың тұрғындарына жат әдет болатын. Ауылдың бас жағында бір қа­рия, ортан белінде бір қария, аяқ­қы жағында бір қарияны әдейілеп орналастырғандай, үшеуі омыртқаға орныққан қабырғадай ауылдың ауыз­бір­шілігі мен ынтымағына қалт­қы­сыз, қапы жібермей, қас қақ­пай қа­райды. Тентек-торылар өз қорасы­нан шықпайды. Не де болса ішінде. Орысы жоқ, орманы жоқ алақан­дай ауыл болған соң ба, біздің ауыл­­да Нау­рыз тойы тойланбаса да жыл са­йын наурыз көже ішілетін. Күн екін­­ші, үшінші пердесін ашып, сәу­ле­сін аямай төге түскен уақыт­та қыр асып, ауылға Наурыз да же­те­тін. Көк­пең­бек көк шалғын түсті жі­бек ша­пан киінген, жігерлі, мейі­рім­­ді бо­лып бейнесі көзге елес­тей­­т­ін Нау­рыз, алайда, жалғыз өзі кел­­мей­тін. Ол өзі­мен бірге ән мен кү­йін, ду­ман то­йын, жастық отын, қа­­жыр-қай­ра­тын, ын­тымақ-бірлігін, тату­­лығы мен сабы­рын қоса ертіп жү­ре­тін. Міне, осы Наурыз қыр ба­сы­нан ауыл­ға аяң­дай түскенде, оның үні мен бо­йын­дағы тазалығын паш етіп сүйін­ші сұра­ған­дай сыл­ды­рай күліп, тау­дан сың­қыл­дай құлай ағып бұлақ суы да жететін. – Алдымен Байғон атаның үйі су­ғар­сын, одан кейін Қуандық көкем­нің үйінің кезегі, – дейді су мұрап Нұрлыбай көке. Ол уақытта жауаптылық пен өзі­не деген құрметті ішкі түйсігімен сезі­не білген ата-көкелер суы бау-бақша­лығын аяқтар-аяқтамастан «болдым, кезегіне бере бер» дейтін. Бірлі-жарым үйінде жұмсары жоқ, жалғыз-жарым үйлердің түнімен жүріп ке­зек­ті суын суарысып, ертеңіне сол үйдің сәкісінде маңдайынан тері моншақтап қызыл күрең шайын со­раптап отыратын ағалардың бейнесі әлі есінде. Ұлыс есіктен енген 22 нау­рызда шағын ауылдың іші мұн­таздай таза, бау-бақшасы күзгі жа­­пы­рақтан, мал қиынан, күл-қо­қыс­­тан адаланып, көктемнің жұ­пар иісіне молыққандай. Бау ішін аралап жүрген көкем өткен жы­лы отырғызылған шыбықтардың со­райған, қураған бұтақтарын бұтар­лап ретке келтіріп жүр еді. Есіктің алдындағы ошақтағы қазанда апта ішінде бұзаулаған ала сиырдың сүтінен әзірленіп жатқан уыз көже­нің исі мұрын жарады. Түскі мез­гілге ауыл айнала көршілерді уыз көжеге шақырады. Әншейінде үйін­дегі көк сандықтың алдын босат­пайтын жалқау Оңалбай да бүгін қайта-қайта тысқа шығып, әлденені істеген болып, уыз көженің иісі шық­­қан үйге көзін жиі салады. Сірә, уыз көженің иісі мұрнын қы­тық­­таса керек. Ала сиырдың уыз кө­­же­­с­інен кейін «Ақ мол болсын!», «Өріс кеңейсін!», «Қораң төлге тол­сын!» деген ақжарма тілектерін ай­тып тарасады. Осы тарасу кезінде әр­кім өзді-өзі «Наурыз көжеге ай­нала ауылды шақыру керек» деп ой түйіп қайтады. Әрине, Наурыз көже дегенде ас ішіп, аяқ босату емес. Мұнда алдымен Наурыз дәмі ақ дастарқанға келгенше үл­кен­дер жағы жұмбақ жасыру, жаңылт­паш айтып бастаса, жас балалар жат­таған өлең-тақпақтарын айтады. Ақ кимешекті әжелер, апалар «той­бастар» салтымен әуелете ән қайы­ра­ды. Үй иесінің жомарттығын, ақ пейілін әнге қосады. Ауыл іші­нің ынтымағын, бірлігін, бес күн жал­ғанда араздаспай сыйласып, бірін-бірі құрметтеп өтуді насихаттайды. Дүние қарап тұрсаң шолақ екен, Адамдар бір-біріне қонақ екен. Барында оралыңның ойна да күл, Қызығы бұл жалғанның сол-ақ екен, – деген әсем әуенді ән осы күні тек біздің ауылда емес, біз­дің ауыл сияқты ынтымағы жарас­қан қазақ елінің бар ауылында шыр­­қалады. Пайғамбар хадисінде ай­тыл­ған: «Ер адам – отбасының бақ­та­шысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен ба­лаларының бақташысы. Қыс­­қасы, әрбірің бақташысыңдар және жауап­тысыңдар» дегендей, осы қа­дірлі аманат сөз еш жерде жазылып ілінбесе де, ешкім күніне ойларына салып тұрмаса да, салтымен сіңіс­кен. Таңғы шақта торғай үні­мен оянған көкем мен апам біз ұйық­тасын деп екеуі күбірлей сөй­ле­сіп қора ішінде жүреді. Ала сиыр­ды сауып, ауылда қалатын арық-тұрық малды оқшаулап, жемдеп, шөптеп, өріске малды, падаға сиыр­ды айдап қайта келгенде біздер, ба­ла-ша­ға­лар да ояна бастаймыз. Кө­кем­нің тап­сырмасымен бүгінгі жұ­мыс бөлі­сі басталады. Әрине, ең алды­мен қора іші айнадай жарқырап тазаланады. Наурыз айы еңбектің айы. Ауыл­дағы ынтымақтың, бірліктің, мейі­рім­нің айы. Үлкеннің жолын кес­пеген инабатты келін мен ибалы жастарды көрген сайын жыл айна­лып соғатын ұлық мерекенің сән-салтанаты арта түскендей болады. Үлкенін кішісі тыңдап, қыбыр еткен көршісіне көмекке ұм­тылу­ға дайын. Тауық сойса сор­па­сын ағайын-туыс, көршісіз іше ал­май­тын ақ көңілділігіміз бен дархан­дығымыздан құдай ажырат­пасын. Діттеген ақабасына асыға жететін бұлақ суындай әрбір жанның кеудесіне игілік шарапатын ала келетін әз Наурыз сені асыға күтеміз. Берекелі мерекені жақсылыққа толы сәттермен өткізейік, ағайын! Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы.