• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

«Наурыз-думан» шырқалмай, тойдың сәні келер ме?

474 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі сазгер Талғат Сарыбаев туралы мөлтек сыр Ол алпыс деген асқаралы жасы­на жетпей дүниеден озды. Бірақ оның әні әрдайым халық­пен бірге. Әсіресе, күміс көмей белгілі әнші Роза Рымбаева желпіндіре салатын «Наурыз-думан» әнінің жөні бөлек. Ақын Мұқағали сөзін жазған жырға жарасар ән де осындай екпінмен, осындай көтеріңкі леппен шыр­қалса керек қой. Халқының рухани қазынасы үшін ғажайып әнді дүниеге әкелген Талғаттың әкесі Болат та көне музыкалық аспаптарды халқымен қайта қауыштырған бірегей тұлғалардың бірі болған. «Әке көрген оқ жонар». Қолына ұстауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін шаңқобыз, жетіген сияқты сирек музыкалық аспаптарда ойнауға тәуекел еткен алғашқылардың бірі де Талғат болатын. Әке тәрбиесі, әке тәлімі, әке өсиеті, әке ғибраты шығар, алаштың атын асқақтатқан «Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-ас­пап­тық ансамбльдерінің құ­рылуына себепші болған, міне, осы Талғат атты талант еді. Соның арқасында, ескіліктің сар­қыншағы ретінде қазақ эст­радасы репертуарларынан әлде­қа­шан «сызылып» тасталған «Маусымжан», «Бір бала», «Керімай», «Арман-ай» сияқты халық әндерін заманауи бояумен әрлеп, уақытпен үндестіре, жаңа­ша көркемдеген еңбегі де елеуге тұрарлық болатын. Әрі-беріден соң, бүгінде сахна саңлағына айналған талай дарын­ның тұсауын кесіп, көрермен­дердің көзайымына айналдырған да Талғат қой. Өнер өрінің әр қия­сына құлаш сермеп, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Человек-олень» фильмдерін өз жүрегінен туған музыкамен әрлеп айшықтаған еді. Сахналар мен радиолардан саң­қылдай естіліп жататын «Өт­кен күндер», «Қоштасу», «Все для тебя», «Біз бірге боламыз», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», «Старый телефон», «Гавань моей любви» деген әндерімен бірге жұртты бір серпілтіп, бір желпіндіріп тас­тайтын «Наурыз-думан» әнінің ав­торы да Талғат екенін бұдан бы­лай біліп жүрсеңіздер екен дейміз де. Жезтаңдай әншілігіне жез­киіктей еркелігі жарасқан Роза Рымбаеваның әуелете салған «Наурыз-думан» атты әнінсіз, мысалы, Наурыз мерекесінің сәні келмейтіні белгілі. Бүгінде бұл әнді ыңылдамайтын қазақ жоқ десе де болады. Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда. Сақталушы еді сыбаға, Сапарға кеткен ұлдарға, Наурыз айы туғанда. Наурыз, наурыз, күн игі! Күні игі жердің – түрі игі. Бауыры жылып науат-қар, Бабымен ғана жібиді. Шашылып ырыс шанақтан, Шақырып бір үй бір үйді, Шаттанушы еді бір игі. Осынау игі кең жерге, Наурыз айы келгенде, Наурыз тойын бергенде, Көрмегендер де – арманда, Арманда – оны көрген де. Келіп ем өмір – орманға, Наурыз айы келгенде. Міне, ширек ғасыр болды, осы әнді де, әннің сөзін де «ескірді» деп айтатын мықты әлі шыққан жоқ. Арада тағы жиырма бес, елу, жүз жыл өтер, бірақ әсем әнді жоққа шығаратын ондай мықты ол кезде де дүниеге келмесі бел­гілі. Өйткені, «Наурыз-думан» – ақы­нын да, композиторын да, ән­шісін де тапқан тамаша туын­ды. Ал, ондай туынды қай ға­сыр, қай заманда да халықтың төл шы­ғармасына айналып кете барады. Елімен бірге мәңгі жасай береді. Кейде «Осындай аса талантты адамдар өмірден неге ерте өтеді екен?» деп өкіне ойлайсың. Әлде, жан досының қазасы жанына батты ма? Оған арнап ән де жазып еді ғой. Бәлкім, бейкүнә қызы Әй­герім­нен айырылу жүрегіне сал­мақ түсірген шығар? Әйтеуір, жазылмас дертке шалдығуы те­гін емес дейсің ыза-күйіктен ер­нің­нің қанын шығара тістелеп тұрып. Қалай десек те, Талғат нағыз өнер адамы еді. Өзі таңдаған кәсіп­ті де шексіз сүйе білді. Сон­дық­­тан да болар, оның әрбір шы­ғар­масы «Наурыз-думан» сияқты мәңгілік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы. ТАРАЗ.