Құрметті бауырлар, отандастар!
Баршаларыңызды күн мен түннің теңескен, Шығыс халықтарының мерекесі болған, ежелгі заманнан қалыптасқан жылбасы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Бұл күні халқымыз дастарқан жайып, қонақ күтіп, қарияларымыз бата береді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі.
Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.
Ұлыстың ұлы күні біздің еліміз үшін әрқашан киелі саналған. Халқымыз Наурыз мейрамын ата-бабамыздан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық мереке, салт-дәстүріміздің жалғасы деп тойлайды.
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Алла Тағала ризық-несібемізді молайтып, бірлік-берекемізді арттырғай. Наурыз мерекесі құтты болсын!
Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, халқымыздың тілегін қабыл еткей! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти.