Бауыржан ТӨЛЕГЕНОВ,
«Sayasat.org» интернет басылымының шеф-редакторы:
– Саяси партиялардың әрқайсысы өздерінің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарында түрлі әдістерді қолданды. Енді бүгін, қорыта айтатын болсақ, ең алдымен әлеуметтік желілер белсенді пайдаланылды. Сондай-ақ, әрбір партия тек қана орталықта ғана емес, аймақтарда да жұмыс істеп, ел азаматтарына өз бағдарламаларын түсіндіруге барынша тырысты.
Ерлан САИРОВ,
Мәдени даму институтының директоры:
– Сайлау науқанын сараптау арқылы біраз нәтижеге көз жеткізуге болады. Біріншіден, партиялардың барлығы өзінің сайлауалды бағдарламасын электоратқа жеткізе білді. Екіншіден, партиялардың барлығы сайлау құқығы аясында жұмыс істеді. Үшіншіден, сайлауалды науқаны біткен күні бүкіл партия сайттарын өшірді. Осының барлығы сайлауда партиялардың белсенділігін арттырып, олардың саяси мәдениетінің өсіп келе жатқандығын көрсетеді.
Ботагөз РАҚЫШЕВА,
«Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры:
– Саяси партиялар тұрғындарды әрдайым ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. Барлығының мүмкіндіктері тең болғандығын атап өту керек. Партиялар тарапынан құқық бұзушылық болмады.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ,
саясаттанушы:
– Барлық саяси партиялар сайлаушылармен дәстүрлі кездесулерден бөлек, халықтың электоратты белсенділігін арттыру мақсатында бірнеше іс-шара өткізді. Олардың ішінде сайлау технологиясы бойынша ең танымал болған суреттер байқауы мен постерлер конкурсын айтуға болады. Сондай-ақ, біздегі саяси партиялардың барлығы интернет ресурстарды белсенді пайдаланды.