• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Бірліктің үлгісін көрсетті

590 рет
көрсетілді

Жылдың басты саяси науқаны өз мәресіне де жетті. Сайлау барысы қалай өтті? Оған қызылордалықтар қалай атсалысты? Осы тектес сұрақтарды Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның Қызылорда облысы бойынша өңірлік орталығының төрағасы Мақсұт ДОСЖАНОВҚА қойдық. – Бүгінгі сайлаудағы қызыл­ордалықтардың белсенділігі қандай? –Қызылорда қаласы және жеті аудан бойынша сайлау учаскелері таңғы сағат 7-де өз жұмыстарын бастап кетті. Аймақтағы 325 сай­лау учаскесінде сайлау­ды бақылайтын қоғамдық ко­мис­сиясының өкілдері өз куә­ліктерімен, әдістемелік нұс­қау­ларымен жұмыстарына кірісті. Айта кетейін, байқаушылар қа­тарына ең белсенді, жауапты азаматтар мен жастар тартылды. Барлық сайлау учаскелерінде байқаушылар үшін алдын ала семинар-тренингтер өткізілді. Жалпы, жү­йелі жұмыстың нәтижесінде өткен сайлауды толық назарда ұстай білдік. Жексенбі күн бол­ғандықтан ба, таңғы сағат 9-ға дейін сайлау учаскелеріне дауыс берушілер ағы­лып келді. Содан соң бір жарым са­ғаттай адам аяғы аз-маз басыл­ды. Ал сағат он жарымнан кейін дауы­с берушілердің саны қайтадан көбейді. Сай­лау учаскелерінде байқаушыларға бар­лық жағдай жа­салған. Бір қуан­тар­лығы, біздің елімізде сай­лау мерекеге ай­нал­ған десек, артық айт­қандық емес. Осы жолғы сай­­лау да ме­рекелік көтеріңкі кө­ңіл-күймен өтті. Осы­ған қарап, ха­лық­тың сайлауға қа­тысу белсенділігін байқауға болады. Облыс бойын­ша 400 мыңнан астам сайлау­шы тіркелген. Сайлаудың қорытындысы бойынша біздің өңір белсенділігі жағынан респуб­ликада алдыңғы қатарда көрінеді деп ойлаймын. Келешектің кемел болуы – елдің таңдауы мен бірлігіне байланысты. Осы ретте, сырбойылықтар елдік пен бірліктің үлгісін көрсетуде. – Сайлаудың Наурыз мере­кесімен тұспа-тұс келуі де жақ­­сылықтың нышаны емес пе? – Әлбетте, мерекеге мереке қосылып жатыр. Бұл күн «Қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» деп тілек қылған халқымыздың ақ пейілін еске түсірді. Бір жағынан, сайлау мерекелік көңіл-күймен өтіп жатса, екінші жағынан, Ұлыстың ұлы күні де тойлануда. Салт-дәстүр ұлықталып, ұлттық ойындар ойналып жатыр. Ән-жыр шырқалуда. Оның үстіне, ауа райы да жадырап тұр. Ал шетелдік байқаушылар осының бәрін көріп «Сіздерде әр сайлау осылай өте ме?» деп таңдай қаға таңғалуда. – Сайлау кезінде қандай да бір келеңсіздік немесе заң­бұзушылық кездесті ме? – Облыс бойынша сайлау учаскелерінің картасы жасақтал­ған. Бақылау штабының мүшелері учаскелерді таңертеңнен бас­тап тынбай аралады. Бұған қоса, біздің штабқа қарасты барлық бақылаушымен Whatsap желісі арқылы онлайн байланыс­та болдық. Олар бізге сайлау учас­келеріндегі ахуалды сәт сайын хабарлап тұрды. Туындаған мәселе немесе сұрақ болса, сурет арқылы немесе мәтін арқылы жолдайды. Жалпы, сайлау айқай-шусыз өтті, заңбұзушылық және ерсі қылық байқалған жоқ. – Рахмет. Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.