Әрине, елімізде өтіп жатқан сайлауды қадағалау үшін шетелден көптеген байқаушылар келді. Солардың бірі – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар миссиясы ұйымының өкілі, Ресейдің Ленинград облысынан келген Елена Любушкинамен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Елена Викторовна! «Сырт көз – сыншы» деген. Сайлаушылардың белсенділігі қалай?
– Ашығын айту керек, Қазақстанда сайлаушылардың жоғары белсенділігі бірден байқалды. Және сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған. Тағы бір ұнағаны – бүкіл отбасымен келіп дауыс беріп жатқандарды жиі көрдім. Және бәрінің осынау науқанға атсалысқандарына қуанышты екендіктері бал-бұл жанған жүздерінен байқалып тұр. Бұл әрине, қазақстандықтардың саяси науқанға өте жауапкершілікпен қарағандарын білдіреді. Шынында, елдің болашағы, дамуы, өркендеуі отбасының берекесі, бірлігіне тікелей байланысты емес пе?!. Аспанында бейбіт күні жарқыраған дамыған елдің тірегі – бақытты отбасы.
Сондай-ақ, ғаламтордағы ақпараттар арқылы Қазақстанның қай азаматы болмасын, сыртта жүрсе де, жарқын болашақ үшін дауыс беріп, елдің дамуына атсалысып жатқанын байқадым. Бұл – өте қуанышты жағдай. Меніңше, бұл елдің бірлік-ынтымағы, ұйымшылдығының мол екенін білдірсе керек. Тіпті, дауыс беруге кезекке тұрған жандардың арасында жастардың көп болуы бізге де, келушілерге де мерекелік көңіл-күй сыйлап, күш-қуат, серпіліс бергендей.
– Әрине, сайлауды байқаушылармен әңгімелесе қалсақ, «Қандай да бір заңбұзушылық байқадыңыз ба?» деген сауалдың тіліміздің ұшында тұратыны анық...
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Біздің басты міндетіміз – сайлаудың демократиялық талаптарға сай ашық та әділ өтуін бақылау. Осы мақсатта қаншама шетелдік бақылаушылар сайлау науқанын бақылады. Біз, Ленинград облысынан 4 адам келдік. Оның екеуі осы Тараз қаласына түстік. Күні бойы бірнеше сайлау учаскелерінде болып, тіпті, алыстау ауылдардағы сайлау учаскелеріне де соғып, науқанның әділ өткеніне көз жеткіздік. Ешқандай заңбұзушылық орын алған жоқ.
– Қазақстанда бұрын болған ба едіңіз?
– Бұрын-соңды Қазақстанда болған емеспін. Менің осынау ұлан-ғайыр жері бар, тәуелсіз елге алғашқы сапарым. Әрине, біздің Ленинград облысында осы елден қоныс аударған орыс ұлттары бар. Олар үнемі Қазақстанды сағынышпен еске алып отырады. Шынында, біз қазақ ұлтын ынтымағы жарасқан, бірлігі мықты, еңбекқор халық ретінде білеміз. Бұл сайлау Наурыз мерекесімен қатар келіп жатыр екен. Ертең осы ұлық мерекеге қатысып, Қазақстанды және осы елді мекендеп жатқан түрлі ұлттардың тыныс-тіршілігін жақынырақ біле түсеміз деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.