• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Елдің белсенділігі таңғалдырды

362 рет
көрсетілді

«Сырт көз – сыншы» дейді, бұл ретте кеше болып өткен сайлау барысын халықаралық сарапшылар көзімен бағамдап көрелік. Олар не дейді екен? Осы орайда, 20 наурыздағы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын қадағалауға көршілес Ресейден келген сарапшы Леонид СЛУЦКИЙДІ әңгімеге тартқан болатынбыз. – Леонид Эдуардович, Қазақстандағы сайлау барысын көрші мемлекеттен келген маман ретінде қалай бағалайсыз? – Сұрағыңызға нақты әрі тиянақты жауап берер болсам, бірінші кезекте Қазақстандағы сайлауды біз сырттағы сайлаулармен емес, осы елдің өзінде, бұрын болып кеткен сайлау кезімен салыстыратынымызға назар аударған жөн. Мысалы, бір жыл бұрынғы Президент сайлауын атап өтуге болады. Қазақстан уақыт санап сайлау жүйесін конструктивті түрде жетілдіріп келеді. Ал бүгінгі сайлау барысын көтеріңкі көңіл-күй мен позитивті бетбұрысқа бағытталған жағдайда өтті деуге негіз бар. Дауыс беру барысы, яғни сайлау үдерісі адамдар үшін барынша ыңғайлы болды. Сайлау учаскелерінің ыңғайлы орналасуы тіпті бөлек әңгіме. Халықтың дауыс беруге деген жоғары деңгейдегі ынтасы, олардың ұмтылысы таңғалдырды. Жұртшылық жаппай таңғы сағат 7-ден бастап кішкентей балаларымен, немерелерімен келіп жатты. Барлығының көзінде қуаныш, бойында жауапкершілік жүгі аңғарылады. Мерекелік көңіл-күйдің лебі еседі. Халық Қазақстандағы Парламент сайлауын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларының маңызды элементі ретінде қабылдайды. Қазақстан xалқының сайлауға деген қызығушылығы біз ойлағаннан да жоғары болды. – Өзіңіз айтып отырғандай, халық жаппай дауыс беруге ынта білдірді. Яғни, барлығы жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, сайлау үдерісі көпшіліктің келуінен тұратындықтан, қандай да бір олқылықтар, заңбұзушылықтар мен түсініспеушіліктер байқалды ма? – Мен ешқандай да заңбұзушылық әрекеттерін байқаған жоқпын. Барлығы сайлау нормаларына сай болды. Сайлау барысында бірде-бір олқылық орын алмады деуге толық негіз бар. Бізді құшақ жая қарсы алған қазақстандықтарға ризашы­лығымды білдіремін. Барлығы жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Біз тек қана оң нәтижелерді көріп отырмыз. Бірнеше сайлау учаскесінде болдық, азаматтардың сайлау барысындағы әрекеттері заң бойынша жүзеге асты. Жоғарыда айтқанымдай, кедергілер мен кемшіліктер байқалмады. Қазақстан халқына алдағы уақытта тек өсіп-өркендей беріңіздер дегім келеді! – Рахмет. Әңгімелескен Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».