• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2016

Ашық, демократиялық сайлаудың куәсі болдық

270 рет
көрсетілді

Өзбекстан мен Қазақстан тарихи сабақтастықтағы бауырлас көршілер. Сондықтан, біз тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарына әрдайым тілектестік ниетте жүреміз. Маған ШЫҰ миссиясының өкілі әрі Өзбекстан Олий Мәжілісі халықаралық істер және парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі ретінде Қазақстандағы сайлауға байқаушы болып қатысу ұсы­нылғанда қуана қабылдадым. Өзбекстан 2014 жылдың жел­тоқсанында Парламент сайлауын өткізді. Бізге де көптеген елдерден халықаралық байқаушылар келді. Бұл менің де сайлау жүйесінде біршама тәжірибе жинақтауыма септігін тигізді. Яғни, Қазақстандағы сайлауды салыстырмалы түрде байқауыма мүмкіндік туғанын айтқым келеді. Астанадан шыққан біздер Қазақстанның көркем өңірі – Бурабайдан жұмысымызды бастадық. Аудан орталығындағы қазақ орта мектебіндегі сайлау учаскесі дер кезінде сайлаушыларды салтанатты жағдайда қарсы алды. Республиканың Әнұранын тыңдадық. Оның әуезінде рухтандырушы қуат бар. Кеше ғана бұлыңғыр кө­рінген ауа райы да жайнап, келушілердің көңілін шуаққа бөлеп тұрды. Одан кейін Бурабай кентінде, Зеленый бор поселкесінде бол­ғанымызда да бірінші болып дауыс берген кісіге, саяси науқанға тұңғыш рет қатысушы жастарға сый-сияпат көрсету дәстүрі барлығына тәнті болдық. Сайлау учаскелері мемлекеттік рәміздермен безендіріліп, талап деңгейінде жабдықталған. Шағын дәмханалар ұйым­дас­тырылып, концерттер қойы­лып жатты. Жұрт­шылық емен-жарқын көңілмен амандасып, өзінің азаматтық парызын көңіл серпілісі үстінде орындаумен болды. Оқшау көрініс, олқы дүние байқалмады. Облыс орталығы Көк­ше­т­ауға келгенімізде де осындай жарқын көңіл ауанында болдық. «Көкшетау» мәдениет сарайының қос қабатында екі сайлау учаскесі орналасыпты. Сайлауды өткізуге жа­уапты адамдармен, де­путат­тықтан үміткерлердің сенімді өкілдерімен, жергілікті қо­ғамдық байқаушылармен пікірлесіп, дауыс беру барысымен таныстық. Белсенділік жоғары екен. Дауыс беру ашық, еркін және демократиялық сипатта өтіп жатты. Мұның барлығы республиканың сайлау туралы заңына, халықаралық нормаларға сай келеді. Тәжікстаннан келген әріптесім екеуміз түс ауа Көкшетаудағы №1 орта мектептегі және «Достар» мәдениет сарайындағы сайлау учаскесінде болғанымызда сай­лаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс беріп үлгергенін білдік. Ақпараттық стенд те ұйымдастырылған екен. Ха­лықтың қоғам өміріндегі ма­ңызды оқиғаға белсене қаты­сатындығы олардың өз елі­нің саяси өмірінен бейтарап тұрмайтынын байқатады. Қа­зақстанның тәуелсіздік жыл­дарындағы жарқын табыстарын осымен байланыстыруға болады. Сайлау ертеңгі бо­ла­шақ­тың сенімді кірпішін қалаумен бірдей оқиға. Бұл сезім қазақстандықтардың жүрегін тербетіп тұратыны жақсылықтың белгісі. Республика Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәс­ли­хат­тардың сайлауы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуінің өзіндік терең мәні бар деп ойлаймын. Өйткені, ел қуанышы еселеніп тұрғандай көрінді. Жылдың жаңаруымен елдің жаңаруы да қатар жүретіні анық. Жалпы, Наурыз баршамызға ортақ мереке. Мерекелеріңіз құтты болсын!  Ойбек ЖҰМАЕВ, Шанхай ынтымақтық ұйы­мының өкілі. Жазып алған Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».  Ақмола облысы.