Еліміздегі Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау барысын қадағалауға шекара асып 800-ден астам халықаралық сарапшы және 150-ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері келген болатын. Қазақстандағы сайлау үдерісін қадағалау жұмыстары бойынша арнайы келген шетелдік сарапшы, сенатор және НАТО ПА-дағы Италия делегациясының мүшесі Франко ПАНИЦЦАДАН бірер сауалға жауап алған едік.
– Франко мырза, біздің елге қош келіпсіз дей отырып, бүгінгі сайлау барысына байланысты өзіңіздің сарапшы ретіндегі пікіріңізді білсек дейміз?
– Мен Қазақстанға келгеніме қуанып отырмын. Расында, Италия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас орнатылған. Біз жас мемлекет ретіндегі Қазақстанның әлемдік саясаттағы орнының уақыт санап артып келе жатқандығын мойындаймыз. Ал сайлау барысына келер болсақ, дауыс беруге келушілердің санының көптігі бірінші кезекте назарыма ілікті, яғни азаматтардың белсенділігі таңғалдырды. Сонымен қатар, айта кету керек, өз болашағына алаңдайтын жастардың сайлауға көптеп келуі қуантты.
Десек те, ел тағдырына толғанатын егде жастағы азаматтардың да қатары қалың болды. Оған себеп, жастармен бірдей үлкендер де сайлау учаскелеріне таң атпай келіп, дауыс берудің жауапкершілігін сезінетіндігін аңғартты. Және де мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жағымды да қолайлы жағдайлар жасалғандығы көңіл қуантты. Айта кетейік, ел депутаттарын сайлау үшін шетелдегі қазақстандықтарға да сол елдерден учаскелер ашылып, дауыс беруге мүмкіндіктер қарастырылған.
– Өзге мемлекеттердегі сайлау барысын бақылай отырып, өмірлік тәжірибеңізде біздің елдегі нендей ерекшеліктерді атап айтар едіңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, жұртшылықтың жаппай белсенділігін бірінші айтар едім. Және де дайындық жағдайы, ұйымдастырушылық жұмыстары, техникалық жарақтар сақадай сай, азаматтар өз ісіне жауапты болғанын байқадым. Сонымен қатар, сайлау кезінде ешқандай олқылықтарды кездестіргенім жоқ, яғни заң нормалары сақталған, барлық талаптарға сай өтуде. Бір қызығы – сайлау күні туған нәрестелерге әдемі сыйлықтар тағайындалғаны таңғалдырды. Бұл дегеніңіз – жұртшылықтың қызығушылығы мен құрметін арттыру дегенді білдіреді. Бір ғана сайлау учаскесінде түске дейін-ақ 700-ге жуық адам дауыс беріп үлгергенін көрдік. Бұл да ауыз толтырып айтарлықтай үлкен көрсеткіш, жоғары бағаға лайық жағдай. Менімен бірге келген италиялық мамандар да жастардың жаппай белсенділігін айтып жатыр. Менің де байқағаным осы жағдайлар болды. Алдағы уақытта Қазақстан мемлекетіне мол табыстар тілеймін!
– Рахмет.
Әңгімелескен
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».