* Алматы
«Нұр Отан» партиясының кезекті жеңісі Алматының қақ ортасындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында барша салтанат-шашумен тойланды. Саяси іс-шараға үш мыңнан астам қала тұрғындары мен партия ұйымының мүшелері қатысты. Жиналғандар алдына шыққан Алматыдағы ең танымал нұротандықтар қала тұрғындарына кешегі сайлаудағы таңдаулары үшін шын көңілден ризашылық сезімдерін білдірді. Тәуелсіз Мемлекетіміздің ширек ғасырлық мерейтойының дәл алдында жасалынған халықтық тартуға нұротандықтар өз тарапынан еселенген жігерлі еңбегімен жауап беретіндіктеріне сендірді.
– Құрметті алматылықтар! Сіздер күні кеше ел тағдыры мен жас мемлекетіміздің болашағына бейжай қарай алмайтындықтарыңызды тағы да дәлелдеп шықтыңыздар, – деді белгілі ғалым, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, профессор Рахман Алшанов. – Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың жаңа құрамы, сөз жоқ, сіздердің бұл сенімдеріңізді ақтауға тырысады. Біздің алдымызда партия Көшбасшысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың жарқын кезеңі тұр. Біз оны орындауға дайынбыз!
Әйгілі Спорт сарайының іші жеңімпаздарға дауыстап, дуылдата қол шапалақтап көрсетілген қошеметтің толқынымен талай рет дүр сілкінді. Бұл шын мәнінде шынайы сайыстағы шынайы жеңімпаздарға көрсетілген құрмет еді.
Халықаралық ІТ университетінің ректоры Дәмір Шыныбеков қазір ақпарат ағыны тоқтаусыз ағылған жаңа дәуір екенін алға тарта сөйледі. «Біздің еліміздің алдында жаңаша дамудың қарқын алған сенімді стратегиясын жалғастыру міндеті тұр. «Нұр Отан» партиясы алдағы бес жылда осынау ғаламдық мәні зор бағдарламаны жүзеге асыру жолында кезекті жеңіске қол жеткізеді. Өз басым осы кезеңде Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан орын алуына «Нұр Отанның» үлесі айрықша болатынына сенімдімін», деді.
Таңдау мәртебесіне ие болған халық қалаулыларының арқалар жүгі қазіргідей әлемдік дағдарыс белең алған қилы кезеңде, тіпті, ауырлай түспек. Жеңімпаздар форумында ол туралы да ашық айтылды.
Салтанат пен қуаныш форумының соңы еліміздің ең танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты.
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.
* Ақтау
Ақтауда «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы жеңісі Наурыз мейрамымен бірге аталып өтті. Теңіз жағалауында әсем безендіріліп, «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атауымен өткен форумға жастар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
– Біз бүгін Елбасымыздың саясатын қолдайтынымызды, оның ең жақын командасында екенімізді көрсету үшін бас қосып отырмыз. Біз бірлік, тұрақтылық, жасампаздықты ту еткен «Нұр Отан» партиясына сенеміз! – деп саңқылдаған жүргізушілер жиналғандарға екпін бере түсті. Отан және туған жер, осы ұғымдарды жан-тәнімен сүю бағытындағы патриоттық әндер әуелеген кеште «Жас Отан» ЖҚ мүшелері жалаушаларды көкке көтере тербетті.
Халық алдына шыққан Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының сайлауалды өңірлік штабының төрағасы Б. Жүсіпов, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қ.Ережепов, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Ликоша» балабақшасының меңгерушісі Т.Артеменко, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Қ.Жанабеков Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтарын «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы жеңісімен және Ұлыстың ұлы күні мейрамымен құттықтады.
Форумның екінші бөлімі мерекелік көңілді кешке, яғни жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
* Ақтөбе
Орталық сайлау комиссиясына алдын ала келіп түскен мәліметтерге сәйкес, науқанға қатысқан алты саяси партияның арасында үшеуі ғана тиісті шекті бағындыра алды. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы сайлаушылардың 82,15 пайыз дауысын алғаны белгілі болып отыр. Осыған орай облыс орталығындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта аймақтық жеңімпаздар форумы өткізілді.
«Алға, Қазақстан, Алға «Нұр Отан»! «Нұрсұлтан – Қазақстан!» деген дауыстар Ақтөбе аспанын жаңғыртты. «Нұр Отан» партиясының жалаушаларын бұлғап, жалауларын желбіреткен жеңімпаздар қатары ауқымды. Саябаққа жиналған мыңдаған адамның жүздерінен жеңістің қуанышты лебі еседі. Сахна төрінен патриоттық әндер әуені төгіледі. Құбылмалы көктемнің күні де шайдай ашылып, айналаға шуағын шашуда. Мұның өзі жеңіс қуанышымен астасып, көңіл көкжиегін кеңейте түседі.
Алқалы жиында сөз алған облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев форумға қатысушыларды «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы айқын жеңісімен және Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Бұл сайлаудың басты ерекшелігі, оның жыл басы – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтуі дер едім. Әлемдік саяси және экономикалық дағдарысқа қарамастан халық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті, сайлауға ұйымшылдықпен қатысты. Сайлаушылар өз болашағының Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен, Қазақстанның дамуымен және «Нұр Отан» партиясымен бір екенін тағы бір дәлелдеді. Ақтөбелік сайлаушылардың 80 пайыздан астамы «Нұр Отан» партиясын қолдап дауыс берді, Елбасы саясатына және еліміздің ертеңіне деген сенім артты. Бұл сіздердің Елбасының және мемлекеттің саясатын қолдайтындықтарыңыздың айқын көрінісі, – деді өңір басшысы.
Форумда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің департамент директоры Константин Цхай сөз алып, елдегі береке-бірліктің Елбасының сарабдал саясатынан бастау алатынын атап өтті. Ақтөбе хром қосындылары зауытының цех бастығы Максим Мозговых форумға қатысушыларды жұмысшылар атынан құттықтай келіп, 2017 жылдан бастап жұмысшы мамандығын таңдаған жастарға тегін кәсіптік білім берілетінін Елбасының көшбасшылық көрегендігімен сабақтастырды. «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин жастарға жалынды қимыл жарасатынын жеткізді. Еңбек ардагері Серік Ботағарин, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ ұнтақтаушысы Андрей Дронов, облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Айгүл Есірғожина және басқалары Қазақстанның одан әрі дамуы үшін өткен сайлаудың маңызы зор екеніне жан-жақты тоқталды. Олар Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары және бес институттық реформаны жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
* Атырау
Атырауда да «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен жақтастары жеңімпаздар форумын өткізді. Жеңімпаз партияның мүшелері бұл өңірде еселеп өсіп келеді. Қазір өңірлік филиал құрамында партияның 32 023 белсенді мүшесі бар. Олардың бәрі де партия бағдарламасының сәтті іске асуына атсалысуда. Жеңімпаздар форумына қатысушылар өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық жобалардың іске асырылып келе жатқанын қолдайды.
«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы 27 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаттығына әр сайлау округінен бір кандидаттан ұсынды. Кандидаттар құрамында дәрігер мен заңгер де, кәсіпкер мен мұнайшы да, тіпті, кәсіподақ ұйымының өкілі мен ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы да бар.
– Бұл жеңіс – біз үшін үлкен жетістік. Біз елдің ықыласына бөленген, ел мүддесі үшін жұмыс жасайтын партия екенімізді тағы дәлелдедік. Он жеті жылдан бері партия Төрағасымен бірге ел тұрмысын жақсартуға атсалысып келеміз. Сайлаудағы кезекті жеңісіміз «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктейді. Біз Елбасының бастауымен тәуелсіз еліміздің жаңа биіктерге көтеріліп, үлкен жетістіктерге жететініне сенеміз, – деді жеңімпаздар форумында «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
*Көкшетау
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтетін биылғы Наурыз мейрамын көкшеліктер көтеріңкі көңілмен, шат-шадыман думанмен тойлады. Ақмола облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Сергей Кулагин өңір тұрғындарын, қала қонақтарын бейбітшілік пен түсіністік, құт-береке мейрамымен құттықтады.
– Ағымдағы жылғы Наурыз – мейрамын мерекелеу қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғамен, яғни Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауымен тұспа-тұс келді. Кеше ғана біз сіздермен өз Конституциялық құқығымызды пайдаланып сайлауға белсене қатыстық және бүкіл әлемге ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды нақты іспен көрсете білдік. Бұл дегеніміз келісім мен жалпыұлттық бірлігіміздің жарқын көрінісі болып табылады. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы ретінде мен зор қуанышпен алдын ала сайлау мәліметтеріне сәйкес, «Нұр Отан» партиясының айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтқым келеді. Бұл жетекші партияның стратегиялық бағдарламасы қазақстандықтардың қолдауына ие болғанын білдіреді. Бұл тек «Нұр Отанның» жеңісі емес, бұл бүкіл халықтың жеңісі, – деп атап өтті партияның аймақтық филиалының төрағасы С.Кулагин.
Тәуелсіздік алаңына «Нұр Отанның» Ақмола облыстық сайлауалды штабының, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, партияның жақтастары, өнер саласындағы зиялылар, атақты спортшылар, қоғамдық пікір серкелері, жастар, облыс орталығының тұрғындары сөз алып, демократиялық қоғамымыздың қарышты қадамына тілектестігін білдірді.
Осы орайда, партияның өңірдегі сайлауалды 20 штабы, партия активі бекітілген жүйелік кестеге, республикалық штабтың ұсыныстарына және Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік іс-шаралар жоспарына сай қыруар жұмыстар атқарғанын атап өтуіміз керек. Тұрғындар арасындағы үгіт-насихат жұмысы «ҚР сайлау туралы» Заңының, халықаралық нормалар талаптарының аясында жүргізілді. Дайындық кезеңінде 414 мың адамды қамтыған, 2245 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іске партияның 1250 белсенді мүшесі тартылған. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан партия тізімі бойынша үміткерлер облыс аумағында 4500 адамды қамтитын 70-тен астам кездесуге қатысты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ермұрат Досымов.
*Қарағанды
Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында басым дауысқа ие болған жеңімпаздардың форумы облыс әкімдігі алдындағы Тәуелсіздік алаңында өтті.
Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиылған қауымды сайлаудағы тарихи жеңіспен құттықтап, Қарағанды өңірінде бұл маңызы зор саяси шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, демократиялық талаптарға сай өткенін айтты.
«Бұл жеңіс біздің қоғамның тұрақтылық пен өркендеуді, жарқын болашақты таңдағанын көрсетті, – деді өңір басшысы. – Ұзақ жолды бағындырдық, алда жаңа міндеттер тұр. Сондықтан да осы сайлауда елдің гүлденген ертеңі үшін ерікті түрде таңдау жасау аса маңызды болды».
Жалпы, облыста сайлауға таңдаушылардың 79 пайызы қатысып, «Нұр Отан» партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Сайлаудың Арқа өңірінде заңға сай, ашық және әділ түрде өткенін халықаралық байқаушылар да бірауыздан атап өтті. Мысалы, Қарағанды облысында халықаралық байқаушы ретінде жұмыс істеген Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бас директоры Валерий Федоров: «Қазақстандағы сайлау – халықтың өз қалауын еркін білдіруі», деген жоғары баға берді.
Сонымен қатар, жеңімпаздар форумдары облыстың басқа да ірі қалалары мен аудан орталықтарында өтті. Мысалы, Жезқазған қаласында жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясы ғимаратының алдына жиылып, салтанатты жиын ұйымдастырды.
Кешегі сайлауды жезқазғандықтар да жинақы өткізіп, дауыс беру шарасына тұрғындардың 79 пайызы қатысты. Жеңімпаз «Нұр Отан» партиясы болса 82,57 пайыз дауыс алып, ел ішінде абырой-беделге ие саяси күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарағанды қаласы мен облыстың басқа да өңірлерінде өткен жеңімпаздар форумында халық өзі сенім артқан партияның жеңісіне шын жүректен қуанып, жергілікті өнерпаздар дайындаған концертті тамашалап, аса көтеріңкі көңіл-күйде болды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
*Қостанай
Биыл Наурызбен қатар келген Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында бүкіл қазақстандықтар дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Осы саяси бәсекеде «Нұр Отан» партиясының тағы да бәсі биік болды. Қостанайда Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залына өңірдегі партия мүшелері, жастар, зиялы қауым өкілдері жиналып, партия жеңісін атап өтті.
Алдымен жиналғандар кеше тікелей эфир арқылы берілген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың мәлімдемесін тағы да қайталап тыңдады. Сайлау науқанына қатысқан алты партияның арасында «Нұр Отан» тағы қара үзіп, алға шықты. Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясы барлық дауыстың 82,15 пайызына ие болды. Қостанай өңірінің тұрғындары да саяси науқанда белсенділік көрсетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлау күні дауыс беру пайызы жағынан қостанайлық сайлаушылар түске дейін-ақ көш бастаған болатын. Жауып тұрған қарға, ауа райының қолайсыз, құбылуына қарамастан, облыс сайлаушыларының өте жоғары белсенділік танытқан жеңімпаз партия форумында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те атап өтті.
– Саяси науқан – елдің бірлігіне сын. Ал біздің еліміз осы сайлауда тағы да өзінің біртұтастығын көрсете білді. Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, облысымыздағы сайлаушылардың 82 пайызы «Нұр Отан» партиясына дауыс берген. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясының өңірде 68 мың мүшесі бар. Еліміздің жетекші саяси ұйымы осымен қатарынан үшінші рет айқын басымдықпен жеңіске жетіп отыр. Халық Елбасымызға, партияға, келешекке сенгендігінен осындай дұрыс, әділ таңдау жасады, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Мұнан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин, «Нұр Отан» партиясының мүшелері Ыбыраш Естаев, Алма Досжанова, Елена Данилова тағы басқалар осынау қуанышқа өз тілектерін қосты, жетекші партиямен еліміздің алға баса беретіндігіне сенім білдірді. Өңір өнерпаздарының ән-жыры, би мен күйі «Нұр Отан» партиясының жеңісін сүйіншілеп, шашу болып шашылды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
*Қызылорда
Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Нұр Отан» партиясының жеңісіне арналған «Жеңімпаздар форумы» өтті.
Форумда «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жеңіс төрткіл дүниеге еліміздің тұтастығын тағы да бір паш еткенін айтып өтті. Қызылордалықтардың 81,75 пайызы сайлауға қатысып, бұл жолы да ерекше белсенділік көрсетті. Таңдау жасалар сәтте облыс сайлаушыларының 82 пайыздан астамы өз сенімін жетекші партияға аманат етіп тапсырды.
Сайлауда жеңіске жеткен жерлестерін құттықтаған аймақ басшысы алтыншы шақырылған мәслихаттар құрамы мен құрылымына қатысты жаңалықтарды да атап өтті. Биылғы депутаттық құрамның 65 пайызы жаңарып отыр. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға сайланған 147 депутаттың 23-і әйелдер қауымының өкілдері. Яғни, алдыңғы құраммен салыстырғанда әйелдер үлесі 9-дан 17 пайызға дейін, ал жастар үлесі бес есе өскен. Облыс басшысы жаңарып, жасарған құрамдағы халық қалаулылары белсенді жұмыс істеп, өңір экономикасы мен әлеуметтік дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мұнан кейін форумда Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығына «Нұр Отан» партиясы тізімі бойынша кандидат Балайым Кесебаева, жергілікті мәслихаттағы жас депутаттар арасынан Тәуелсіздіктің құрдасы Ержан Жақыпов, Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаты Зағипа Әбжәлелова сөз сөйлеп, жерлестерін сайлаудағы айқын жеңістерімен құттықтап, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында мағыналы мақсаттарды жүзеге асыруға күш-жігерлерін аямайтынын жеткізді. Мұнан соң қатысушылар шырқаған «Атамекен» әнімен форум аяқталды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
* Орал
Кеше Орал қаласындағы «Нұр Отан» саяси партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ғимаратының үлкен мәжіліс залы халыққа лық толды. Мұнда Парламент Мәжілісі сайлауында «Нұр Отан» партиясының айқын басымдықпен дауыс алуына байланысты жеңімпаздар форумы өткізілді. Форумда алғашқы сөзді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев алып, барша Ақжайық жұртшылығына сайлау күні көрсеткен белсенділігі үшін ризашылығын жеткізді, сөйтіп, оларды бүгінгі жарқын жеңісімен құттықтады. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясының мерейі үстем түсіп отыр. Бұл барша Қазақстан халқының өзара бірлігі мен ынтымағының нәтижесі. Жасампаздықтың жарқын жемісі. Сайлау алдында «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған сайлауалды штабтары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-қимылының қорытындысы. Елімізде осындай жеңістер мен жетістіктер көп бола берсін, деді ол одан әрі.
Бұдан кейін жеңімпаз партия өкілдерін құттықтаған қазақтың көрнекті ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева бүгінгі «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы жарқын жеңісі – елдіктің басты бір көрінісі мен үлгісі бола білгенін айтып берді. Барша әлемдік қауымдастыққа Қазақстан деген ел барын, ауызбіршілігі мықты қазақ деген мемлекет құраушы ұлт барын тағы бір мәрте паш еттік. Бұған Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік байқаушылар да көздерін жеткізіп, оның әділ демократиялық сипатын айғақтап отыр. Халықтың көзі көреген. Халықтың көзі қырағы. Халықтан асқан дана жоқ. Халқымыздың таңдауы «Нұр Отанға» түсуі де оның осындай байқағыштығынан, оған сенім артуынан деп білемін. Еркін елдің ертеңі жастар. Сайлау күні мен олардың сайлау учаскелерінде көздері ұшқын атып жалындап жүргенін, осындай өршіл көңіл күйде урналарға сайлау бюллетеньдерін тастағанын көріп қуандым. Ортақ жеңісіміз құтты болсын ағайын! – деп ағынан жарылды ақын апамыз.
Форумда «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қадыралиев елімізде орныға бастаған адами және қоғамдық құндылықтардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын соны серпінмен өткізуге әсері тигеніне тоқталды. Қазақстан халқы сайлау күні оң әрі дұрыс таңдау жасады. Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз, деп түйіндеді ол өз ойын.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы жанынан сайлау алдында құрылған қоғамдық штабтың мүшелері Салтанат Тұманбаева мен Лилия Хайруллина кешегі сайлау күні Тәуелсіздік туын биікке тағы бір жарқырата желбіретуге жол ашқанын жеткізді. Бұл күн алдағы ізгілікті істер мен тындырымды да тиянақты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың және дағдарысты еркін еңсере білудің ақжолтай, бастамашы күні болып қалады, деді олар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.
*Өскемен
Шығыс өңірі «Нұр Отан» партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісіне шат-шадыман мерекемен қолдау көрсетті. «Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!» атты жеңімпаздардың өңірлік форумында шығысқазақстандықтар тәуелсіз һәм қуатты Қазақстанды құруға мүмкіндік беретін маңызды өзгерістерге қатысуға әрқашан да әзір екендіктерін жеткізді. Өскемендегі Абай ескерткішінің алдында облыс орталығының мыңдаған тұрғындары мен қонақтары қуаныш кернеген мерекелік көңіл-күймен бас қосты. Сайлаудың алдын ала шығарылған қорытындылары өңір тұрғындарының белсенділігін байқатып, «Нұр Отан» партиясының халықтың жоғары қолдауына ие болғанын көрсетті. Яғни, облыс халқының 82,44 пайызы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысты.
Форум барысында еліміздің саяси ғұмырбаянындағы жаңа кезеңнің басталуымен бірге халықты һәм депутаттыққа сайланушыларды «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.
– «Нұр Отан» партиясы – азаматтардың әл-ауқаты мен елімізді әрі қарай дамытуға бағытталған Президент реформаларының қозғаушы күші. Шығысқазақстандықтар өз таңдауын жасай отырып, ұлы замандасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегіне топтасты. Осылайша, Қазақстанды ауқымды түрде жаңғырту міндеттерін шешуге әрдайым әзірлігін білдірді, – деді Даниал Ахметов.
Сонымен бірге, өңір басшысы жерлестерді көктемнің көркем мерекесі – әз Наурызбен құттықтап, әр отбасыға бақыт пен шаттық тіледі.
Айта кетелік, Республика алаңындағы іс-шарада арнайы киіз үйлер тігіліп, мерекелік сауда-саттық, спорттық жарыстар мен байқаулар өтті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы тіккен киіз үйге келген тұрғындар жеңіспен құттықтап, ұлттық тағамнан дәм татты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
*Петропавл
Облыс орталығындағы Спорт сарайында өткен форумға «Нұр Отан» партиясының мыңдаған қолдаушылары бас қосып, «Қазақстан! Нұрсұлтан! Нұр Отан!», «Алға, Қазақстан! Жаса, Нұр Отан!», «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық!» деп ұрандатты.
Еліміздегі жетекші саяси ұйымның Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жетуіне орай ұйымдастырылған айтулы шарада аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы Ерік Сұлтанов жиналғандарға жалынды сөз арнады. «Бәріңізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Төрағасы болып табылатын партияның ортақ жеңісімен құттықтаймын. Президент халық бірлігін нығайту, тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағдарламаларын ұсынғанын, бұл мәселелердің саяси ұйымның тұғырнамасында айқын белгіленгенін бәріңіз жақсы білесіздер», дей келіп, Ерік Хамзаұлы солтүстікқазақстандықтардың үлкен жауапкершілік пен саяси белсенділік танытқандарына ризашылық білдірді.
Форумда облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, «Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің атқарушы директоры Арыстан Жүнісов, Солтүстік Қазақстан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Александр Мерк, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов, «Вода хрустальная» ЖШС директоры Александр Казанцев, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Әсемгүл Есқожа, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Екатерина Старостина сөз сөйлеп, шын көңілден шыққан жүрекжарды тілектерін жолдады.
Жиын соңы жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық рухтағы әсем әндермен көмкерілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
*Тараз
Халқымыздың әлем алдындағы абыройын тағы бір асқақтатқан сайлау Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауында барша отандастарымыз өз таңдауын жасады. «Нұр Отан» партиясы үлкен нәтижелермен жеңіске жетті. «Нұр Отанның» жеңісі – Қазақстанның кезекті биік белесі. Барша қазақстандықтар сияқты, жамбылдықтар да «Нұр Отан» партиясының күш-жігері мен болашақ жоспарларын қолдайтынын білдірді.
Осыған байланысты кеше Тараз қаласында «Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!» атты жеңімпаздар форумы өтті. Форумда мәдениет қайраткері, Тараз қаласы мен Талас ауданының құрметті азаматы Әлібек Әмзеұлы, «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попова, сонымен қатар, жас ақын Бегайдар Аманбаев, «Қазфосфат» ЖШС сары фосфор өндіру цехының аппаратшысы Александр Пя сөз сөйлеп, «Нұр Отан» партиясымен бірге еліміздің де еңсесі биіктей беретінін паш етті.
– Болашағымыздың жарқын екеніне күмәніміз жоқ. Өйткені, халқымыз Елбасының дана да дара саясаты арқасында тыныш, аспаны ашық, тамаша елде өмір сүріп жатыр. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, өндірістік салада, халықаралық аренада қол жеткізген үлкен табыстарында «Нұр Отан» партиясының да елеулі үлесі бар деп білеміз, – деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Шынында, «Нұр Отан» партиясының мақсаты – бір болу, бірге болу, ұлтқа қамқор, ұрпаққа қорған болу. Ендеше, барша қазақстандықтарға ортақ жеңіс құтты болсын! Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мәңгі, еңселі еліміздің келешегі жарқын болғай!
Форумның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
* Талдықорған
Орталық алаң төрінде сары, көк түсті маталар «Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!» деген жазулармен желбірейді. Бұл «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында жеңіске жеткендігін айтқызбай-ақ аңғартып тұр. Осы қуанышын елмен бөлісу үшін нұротандықтар жалпыхалықтық салтанатты басқосу ұйымдастырды. Табиғат-Ана да бұл шаттықты құп көргендей, жадырай жылылық сеуіп тұр. Күн мен түн теңелетін осы тәуліктің үлкен қуанышын бөліскен жамиғат та шат. Әз Наурыздың алғашқы күнін Жетісу халқы осылай қарсы алып, қазақы даналықпен «қуанышты бөліссе көбейеді» деген тәмсілді өзара айтысуда.
Сахна төріне шығып алғашқы сөзді алған «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев ерекше екпінмен, көңілдерге қуаныш толтыра, саяси науқанда ел өз таңдауын жасағандығын айта келіп, Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлауға түскен 124 нұротандықтың 10-ы Алматы облысынан қосылғандығына тоқталды. Әрине, бұл жеңіс сайлауалды үгіт-насихат жұмысының заңнама талабына сай, жоспарлы түрде атқарылғандығынан да ел құлағдар етілді.
Келесі кезекте, жеңімпаз партия атынан Дина Нұрпейісова, жастар өкілі Сағи Атамханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Наталья Белых, ғалым Саида Сәдуақасова және басқа белсенділер «Нұр Отан» партиясының барлық мүшелерін жеңіспен құттықтады. Сөйтіп, талдықорғандықтар ел тыныштығы бірлігі, татулығы үшін күні кеше азаматтық парызын өтеп, «Нұр Отан» партиясын жақтап дауыс бергендіктеріне разы бола, ең бастысы, жақсы жетістікке жеткеніне қуана тарасты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
*Шымкент
Шымкенттегі жеңіл атлетика манежінде «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан филиалының ұйымдастыруымен жеңімпаздар форумы өтті. LED экран арқылы сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлау қорытындысын жария етті.
– «Нұр Отан» – халықтық партия. Оның осы сайлауда жеңіске еркін жететініне ешкімнің шүбәсі болған жоқ, – дейді «ОҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Шәріпбек Жамалбеков. – Бұл сайлау додасында «Нұр Отан» 82,15 пайыз дауыс жинап, мәреге шашасына шаң жұқпай жетті. Жеңіске жету бар, мойынға алған жауапкершілікті аяғына жеткізіп орындау және бар.
Бұл халықтық партияға айналған «Нұр Отанның» қолынан келеді.
Салтанатты шарада мінбеге көтерілген облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жұртшылықты шынайы жеңісімен құттықтады.
Облыста 1029 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Дауыс беруге құқығы бар 1 317 255 сайлаушы тіркелген. Ел үшін үлкен маңызы бар шарада оңтүстікқазақстандықтар үлкен ұйымшылдық танытып, 85,06 пайыз дауыс берді. Бұл Қазақстанның барша облыс, қалаларымен салыстырғанда жақсы көрсеткіш.
Осы деректерді тілге тиек еткен облыс басшысы:
– Сайлауда «Нұр Отан» партиясы ең көп дауыс жинады. Демек, біздің тұрақтылықты, дамуды таңдады. «Нұр Отан» партиясына дауыс беру арқылы Елбасы саясатын қолдайтындықтарын кезекті рет көрсетті. «Нұр Отанның» жеңісі – бүкіл елдің ортақ жеңісі! – деді.
Форумда ел ағалары, «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсіп жеңіске жеткен депутаттар, этномәдени бірлестіктер өкілдері және жастар сөз алып, бұл жеңістің заңды екендігін, «Нұр Отан» партиясы халықтық партияға айналғандығының жемісі екендігін айтты.
Жиында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері мен бишілері өнер шуағын шашты.
Бұл сайлау барша қазақстандықтар сияқты, оңтүстік тұрғындарының да көшбасшы партияға бар үмітін жалғап отырғандығын тағы да байқатты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».