• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Наурыз, 2016

Байқаушыға барлық жағдай жасалды

355 рет
көрсетілді

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада сайлаудың қалай өткені жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен отандық және шетелдің бірқатар журналистері, сондай-ақ, сайлауды бақылаған халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысты. Шараны ұйымдастырған Қа­зақстан Республикасында Сай­лауды байқау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық комиссияның төрағасы мен орынбасарлары науқандағы өз жұмыстары туралы әңгімеледі. Мәселен, сай­лаудың барлық үдерісін бүге-шігесіне дейін мұқият қадағалау үшін 10 мыңнан аса байқаушы дайындағандарын айтқан қоғам­дық комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов, қызметке жегілген сайлау учаскелеріндегі өкілдерінің ашық жұмыс істеулері үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. «Сайлауды байқауға дай­ын­далған 10 мыңнан аса байқау­шыларымыздың бәрі бірдей өз міндетін жақсы білетін азаматтар. Олардың басым көпшілігінің бұған дейін де мұндай ауқымды шараларға қатысып, мол тәжірибе жинақтағанын айтып өткеніміз жөн. Мұнымен бірге, бір ай бойы бұл жолғы сайлаудың бұған дейінгі науқандардан ерек­шеліктерін байқаушының әрбіріне мұқият түсіндіру жұ­мыстары тиянақты жүргізілді. Олардың қалай жүріп-тұрып, сайлаушылар арасында өздерін қалай ұстауы керектігіне дейін терең ұқтырылды», деді ол. Комиссия төрағасы жергілікті тұрғындармен, яғни электоратпен де тиісті жұмыстар атқарылғанын назардан тыс қалдырмады. «Қоғаммен де тығыз байланыс­та болып, олардың құқығы мен сайлау тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәжіліспен қатар, мәслихаттар депутаттарын да сайлау керек болғандықтан, кейбір ұсақ-түйек түсініспеушіліктер болған болуы ықтимал. Бірақ, жалпы алғанда, сайлау нәтижелі өтті деуге ауыз барады», деді Н.Ерімбетов. Шара барысының екінші бөлігінде комиссия төрағасына түрлі сұрақтар қойылды. Бұл жөнінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенділік танытты. Латвияның журналисі азаматтардың түгел дерлік қатысқанына қалай көз жеткізуге болатыны жөнінде сұрады. «Бізде мұндай мәселе Алматы қаласында ғана орын алуы мүмкін. Себебі, қала үлкен болғандықтан, ол жерге жаңадан көшіп келіп, әлі тіркелуге үлгіре алмай жүрген адамдар бар. Сондай-ақ, үлкен қалаға жұмыс іздеп келіп, онда уақытша тұрып жатқандар да кездеседі. Мұндай жағдайда, осы тұрғыда кемшіліктер орын алуы кәдік. Соған қарамастан, халықтың басым көпшілігі сайлауға қатыс­қаны бізді шын қуантып отыр», деді комиссия төрағасы. Польша журналисі халық­аралық байқаушылар тарапынан бір кабинаға бір отбасы бірге кіріп-шыққанын байқап қалғандары бар екенін алға тар­тып, оның қаншалықты заңды екенін сұрады. «Мұндай заң­сыздықты, өкінішке қарай біздің байқаушылар байқамай қалған болуы керек. Бірақ біз бұл мәселемен міндетті түрде шұғылданамыз. Сөйтіп, тиісті адамдарға ескертілетін болады. Естеріңізде болса, кеңестік заманда бір отбасының барлық төлқұжатын бір ғана адам әкеліп, бәрінің атынан дауыс бере салатын еді. Халық болған соң сол менталитеттен алыстай қой­мағандары да болуы ықтимал. Бірақ қазір заман басқа, заң басқа. Әр сайлау учаскесінде өз еліміздің кемі 6-7 байқаушысы болса, халықаралық ұйымдардың өкілдері тағы бар. Мұны халық жақсы біліп отыр. Сондықтан олар ешкімге қарамай-ақ таңдау жасауға болатынын көріп тұр», деген Н.Ерімбетов брифинг қатысушыларын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтады. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».