Сонымен, сайлау атты саяси аламан аяқталды. Парламенттің төменгі палатасындағы орындар үшін болған партиялар арасындағы бәсеке мәреге жетіп, дауыс берудің алғашқы нәтижелері жалпақ жұртқа жарияланып үлгергені белгілі.
Еліміздің өміріндегі осынау елеулі оқиғаға байланысты кеше «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасады. Өзінің өзекжарды сөзін Президент Нұрсұлтан Назарбаевты және Елбасының саяси тірегі – «Нұр Отан» партиясын айқын жеңісімен құттықтаудан бастаған ол Мәжіліске өз өкілдерін ұсынуға мүмкіндік беретін межені бағындырған басқа да әріптестерінің республикамыздың жоғары заң шығарушы органындағы алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
Салмақты ой сабақтаған саясаткердің пікірінше, бұл сайлау Президентіміздің ұстанған сара бағытын, Ұлт Жоспары мен басқа да маңызды мемлекеттік бағдарламаларды халқымыз барынша қолдайтынын көрсеткен. Ең бастысы, сайлау Қазақстан Республикасы Конституциясының, халықаралық стандарттар мен еліміздегі тиісті заңнамалар талабына сай, жоғары дәрежеде өткен. Орталық сайлау комиссиясы саяси додаға түскен барлық партияларға тең жағдай жасағаны айрықша екпінмен айтылды.
Ал бұл жолы айы оңынан туа қоймаған «Бірлік» партиясы келешекте өз қатарын көбейтіп, белсенді жұмысын жалғастыра бермек. Сайлауалды үгіт-насихат науқанында қалың көпшіліктің барлық әлеуметтік топтарымен кездескен бірліктіктер оларға не керек екендігіне көз жеткізіп қана қоймай, алда атқарар ауқымды міндеттерін айқындаған. Ендігі уақытта олар осы қарқынды жоғалтпай, жергілікті филиалдар мен өкілдіктерінің қызметін жаңаша серпінмен жалғастырмақ.
«Өткен сайлау «Бірлік» саяси партиясы үшін үлкен белес болды. Өйткені, біз мол тәжірибе жинақтадық. Соның бәрін болашақта тиімді пайдаланбақпыз», деп сөзін түйіндеді Серік Сұлтанғали.
Журналистердің қойған сұрақтарына қысқаша жауап қайтарған «Бірлік» партиясының басшысы жиналғандарды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан».